​«Шешең қытайски дүние әкеліпті»: жас келін кәрі әжесі мен қайынәпкелерінің күн бермейтінін айтады

0
1 006

«Баламның жөргекпұлына көз салып отыр»


​«Шешең қытайски дүние әкеліпті»: жас келін кәрі әжесі мен қайынәпкелерінің күн бермейтінін айтады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Келін болудың мұншалықты азап екенін білсем, тұрмысқа шығуға асықпас едім. Әлде менің маңдайыма түсінігі төмен қайын жұрт кездесті ме екен. Білмеймін, әйтеуір көресіні екі қайынәпкемнен көріп келем», - дейді Алина есімді жас келін.


Былтыр тұрмысқа шығып, таяуда бөпелі болған оқырманымыз ешкімге айта алмай жүрген өкпе-ренішін ERNUR.KZ тілшісіне жасырмай айтып берді.


«Тұрмысқа шыққаныма небәрі алты ай болды. Сүйген жігітіме тұрмысқа шықтым, екеуміз бір жарым жыл кездесіп, аяғым ауырлап қалғасын отбасын құруға шешім қабылдадық. Менің аяғымның ауыр боп келгені қазір үйдегілердің басты тақырыбына айналған. Қит етсе соны бетіме басып, табалап отырады.


Күйеуімді ата-енем кішкентай кезінен әжесінің бауырына салып берген екен. Сол себепті қазір сексен бестен асқан әжесімен бірге тұрады. Ал өзінің туған ата-анасын жылына бірнеше мәрте көреді, аралары суық па, бірін-бірі іздеген емес. Әжесімен бірге үйде атамыздың екі қарындасы, яғни қайынәпкелерім бар. Бірінің жасы қырықтан асты, тұрмыстан қайтып келген. Екіншісі отыз жетіде, біреумен жүріп, таяуда ұл туып алған.


Табалағаным емес, бірақ олар өз басындағы тағдырларына қарап алмай, менің інілерінен жүкті боп келгенімді мазақтағанына күйіп кетем. Екеуінің ниеттері түзу емес, бейауыз боп кеткен. Көрінген еркекпен танысып, мүмкіндік болса пайдаланып қалсам деген ойда жүреді. Үлкені жұмыс істейді, екіншісі үйде. Бірақ саусағының ұшын қимылдатып, бір тірліктің басын шалмайды. Өзім жас баламен түнімен ұйықтамаймын. Сөйте тұра таңертең ерте тұрғызып бақша суғарамын, үлкен әпкеміз жұмысқа барады, тамағы киімі, тіпті шашын кептіретін феніне дейін минут-минутымен дайын тұрмаса, сол күні үйде кішігірім соғыс болады. Ол кеткесін кір жуу, нан жабу, әжеміз сатып әкелген нанды жемейді. Айтпақшы, ол кісінің де көрсетпегені жоқ. Кәрі кісі ғой деп үндемей қалам, бірақ кәріліктің де өз қасиеті болмай ма?


Өзімнің төркінім осы ауылдан, өзеннің арғы бетінде. Яғни құдалар бірін-бірі таниды. Менің төркін жағымда есі кіресілі-шығасылы ағам бар, әкемнің інісі. «Сен жындылардың ортасынан шыққансың, солардан ары да, бері де емессің» деп кекете береді. Әжеміз де «шешең дымды жарытқан жоқ, өңшең қытайдың арзан дүниесін әкеп берген» деп төркініме сырттан күліп отырады.


Бір күйетінім, кешке күйеуім келгенде бәрі мені жақсы көріп, бетіме күліп сөйлеп қалады. Обалы не керек, жолдасым мен десе жанын береді. Әпкелерінің мінезін білсе керек, кейде көңілімнің түсіп тұрғанына қарап «Әкел, балаға мен қарайын. Сен кішкене демалып ал» деп жатқызып қояды. Шынымды айтсам, күйеуім үшін ғана шыдап келем.


Бір күні үйде әжем жоқта кіші қайын әпкем төрт құрбысын ертіп келіпті. Өзі сияқты күйеуге тимегендер сияқты. Тамақ істетіп, таңға дейін арақ пен сыра ішті. Соңынан екі құрбысы үйдің ішіне құсып, өкіріп жылап, қанымды ішті. Даладағы жайқалып тұрған раушан гүлдерімнің бәрін былғаған. Жаман иіс үйдің ішін қаптап, ұшынып өле жаздадым. Күйеуім «сәл шыдашы, ипотекамен үй алып, әжем үшеуміз көшіп кетеміз» деп жинауға көмектесті. Былай қарап тұрсаң менің шешеммен жасты, бірақ санасы, таным-түсінігі жас қыздардікіндей.


Өзім бала туғанша ауданда мейірбике боп істегем. Декретке түскен ақшаны әжеміз «тойдың кредитіне құям» деп алып қойды. Енді баланың жөргекпұлын аңдып отыр. «Шешеңе айт, бесік әкелмей-ақ қойсын. Қытайдың арзан дүниесі үшін той істейтін шамам жоқ» деген. Ендеше баламның жөргекпұлына балама кереует, коляска сияқты керектілерді алайын десем, «мен емделем» деп әжеміз жұлқынып отыр.


Кейде шіркін-ай, күйеуім әке-шешесімен бірге тұрғанда бәрі басқаша болар ма еді деп ойлаймын. Олар қалада, кіші ұлымен, екі қызымен бірге тұрады. Бұрын осы қара шаңырақта тұрған екен. Бірақ енем екі қайынсіңлісімен шығыспай, ақырында көшіп кеткен. Тойда бір көрдік, содан кейін олар бұл үйге аттап баспады. Неғылған тасжүрек жандар екенін түсіне алмаймын.


Үлкен қайынәпкем мен әжем «Сені біз оқытып, адам қылдық» деп күйеуімнің бетіне баса береді. Айлығын да соларға ұстатады. Іштей оның да мүжіліп жүргенін білем, кейде жаным ашиды, кейде еркек сияқты бас көтере алмағынана ашуланам. Біреудің үш ұлының ортасындағы аялап өсірген жалғыз қызы едім, күйеуге сонша асығыппын. Не кием, не ішем деп алаңдамай күн кешіп едім. Оң-солымды танымай жатып жігітіммен жақындасқаныма, жүкті боп қалғаныма өкінем.


Өмірім күйзеліспен өтіп жатыр. Ішімдегі сырды айтатын құрбым да жоқ, бәрі тұрмысқа шығып кетті. Көпшілікпен бөлісіп, ақыл-кеңесін тыңдасам деп жазып отырмын. Мына тозақтан қалай аман шығуға болады?»