«Студенттерді бағумен өмірім өтіп жатыр»: шымкенттік келіншек күйеуінің туысқандарына ренжулі

0
1 780

Егер балаңыз туысқанның үйінде тұрып жатса, Жәмиланың айтқаны сізге де арналады, оқыңыз.


«Студенттерді бағумен өмірім өтіп жатыр»: шымкенттік келіншек күйеуінің туысқандарына ренжулі

«Қалада тұрған жақсы, бірақ ағайын-туысқанның студент балалары бірге тұрса жаман екен», - деп терең күрсінді Жәмила есімді шымкенттік келіншек. Әңгімесін бастамай жатып күрсінгеніне қарағанда, ол студенттерден әбден шаршаған сияқты.


Ол баласы студент ата-аналарға ой салатын оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:


«Күйеуім тоғыз ағайынды. Өзі сегізінші перзент. Басқаларының бәрі ауылда, ауданда тұрады. Біз үйленген жылы ауылдан жұмыс табылмай қалаға келгенбіз.

Алғашқы он жылда пәтер жалдап тұрдық. Сол кездің өзінде қайын әпшелерім студент балаларын бізге жіберетін. Әйтпесе, қалада жалдап тұрса пәтер көп қой. Мейлі, бірақ апта сайын болмаса да айына бір рет ауылдан құрт-майын, картоп-пиязын беріп жіберсе мен үндемес едім. Бәрі мал ұстайды, жылына бір рет бір қойды сойып әкеп тастаса қуанып қаламыз ғой. Айран-сүтті сатып аламыз, ауылдан 2-3 литр сүт келсе де әжептеуір көмек болар еді. Жоқ, олар бұны ойламайды. Олардың ойынша балаларын асырау біздің міндетіміз секілді.

Студент қайным, қайынсіңлілерім (қайын әпшелерім мен қайнағаларымның балалары) апта сайын ауылдарына барады, бірақ екі нан да ұстай келмейді. Егер күйеуімнің табысы жақсы болса біз соншалықты қинала қоймас едік. Ол мамандығы бойынша жұмыс таппай біраз жыл қара жұмыс істеп жүрді. Жүк тасыды, құрылыста істеді т.б.

Таңертең кеткеннен түнде шаршап-шалдығып әрең келеді. Оның осылай қиналып тапқанын студенттер бір айға жеп тауысады. Пәтерде адам көп болған соң коммуналдық төлемдерді де көп төлейміз, бұны да ескеріп жатқан жан болмады. Әсіресе, ұл балалар студент боп келгенде мен нан жеткізе алмай қалатынмын. Күнде нан жабам. Күнде үш мезгіл тамақ істеумен уақытым өтеді.

Бар тапқанымызды қашанғы өзгелердің балаларын асырауға жұмсай бермекпіз? Жылда екі-үш студентті бағу пешенеме жазылып қоймаған шығар?.. Бір күні мен ашудан жарылдым. Ауылына демалысқа кетіп бара жатқан студенттерге «Мамаңа айт ет беріп жіберсін», «Ал сенің мамаң тандырға нан жабады ғой, ауылдың нанын сағындық, беріп жіберсін. Құрт-майынан да берсін» деп тапсырып жібердім. Екі күннен соң әлгі студенттердің мамалары үйге келді, ашулы.

Күйеуім екеумізді ортаға алып, жиналыс өткізді. Олар мені түсінгісі келмеді. Улап-шулап, айқайлап кетті. Келесі айда студент балалары пәтер жалдап шығып кетті. Ал күйеуім маған ренжіп, біраз уақыт тоңтеріс боп жүрді.

Содан ағайынның той-жиынына бара қалсам, мені опақ, сопақ етті бәрі. Бұдан менің ешнәрсем кеткен жоқ, есесіне олардың студент балалары төрт-бес жылдай бізді мазаламады. Осы аралықта мен де жұмысқа шығып, күйеуім екеуміз табысымызды жинап, қала шетінен екі бөлмелі времянка сатып алдық. Жинасаң, ақша жиналады екен...

Ұлым мен қызым мектепке барды. Есік алдына үлкен үй саламыз деп жоспарладық. Өз өмірімізді енді сүре бастағанда, тағы да күйеуімнің бауырлары оқуға түскен балаларын біздің үйге жібере бастады. Айттым ғой, олар көп, әрқайсысында 6-8 баладан.

«Бұрынғыдай пәтерде тұрмайсыңдар, енді ауырлық түспес» деп ойлаған шығар. Шүкір, өз баспанамыз бар, бірақ біздің де балалар өсіп жатыр. Үйімізді кеңейткіміз келеді, біз де көлік мінуді қалаймыз. Оның бәрі ақша. Ал ақша жинау үшін біз ішім-жемнен, киімнен барынша үнемдеп жүрміз. Студенттер келгелі қайтадан көп шығындана бастадық...

Мен де кезінде студент болдым. Пәтер тапқанша екі ай әкемнің інісінің үйінде тұрдым. Апта сайын ауылға барғанымда әкем тауық сойып, анам жапқан банкаларын беріп жіберетін. Үйде ешнәрсе болмай қалған күннің өзінде бауырсақ пісіріп беріп жіберетін-тұғын. Сонда да мен ағам мен жеңгемнен ыңғайсызданып, күнде оқудан қайтқанда құр қол баруға ұялып екі нан сатып алатынмын. Сонда да жеңгем қабағын түйіп жүретін, жақтырмайтын. Жаман ыңғайсызданатынмын. Кейін пәтер тауып, шығып кеткенмін.

Ал менің үйімде жүрген студенттер ұялмайды да, қысылмайды да. Тамақтарын ішіп, орындарынан тұрып кетеді. Ыдыс жууға да көмектеспейді. Әрине, қабағымды түйіп те жүрдім. Жақтырмағанымды көрсетем. Одан түк те шықпады. Балалары да, ата-аналары да бірдей, ұялмайды. Арсыз. Ымға түсінбейді.

Жиырма жыл бопты ғой, ағайынның студент балаларына «жатақхана» болғанымызға. Ал времянканы сатып алғанымызға он жылдан асты, жаңа бір шеге де қақпадық. Үлкен үй салу, көлік міну арман күйінде қалды. Тапқанымызды студенттердің тамағына жұмсап келеміз. Күйеуіме айтсам, «Сәл шыда, оқу бітіріп кетеді ғой» дейді. Біреуі диплом алса, екіншісі студент атанып жатыр ғой. Енді туысқанның немерелері студент болса да біздің үйде тұратын шығар?..

Негізі күйеуім жуас, мен де момын жанмын. Мінез табиғаттан берілетіндіктен, өзгере алмадым. Ашуымды, ренішімді сыртқа шығара алмаймын. Студенттерді елемей, өз үйімде еркін жүре берейінші десем, ол да қолымнан келмейді. Күйеуім екеуміз ашылып сөйлесе де, ұрыса да алмаймыз. Үйдегі жағдайдың бәрі ауылға жетіп отырады.

Адам эмоциясын іштен еркін шығара алмаған соң, ауру болады екен. Жасым 40-тан енді асты, ал мен қартайып кеттім. Жүйкем де жұқарған. Менің қателігім, о баста мінезімді көрсетіп, студенттерді үйге тұрғызбауым керек пе еді?..»



Ұқсас оқиғалар:


«Ағамның ажырасып кеткен әйеліне үйленгім келеді»: алматылық азамат экс-жеңгесіне ұсыныс жасағанын айтты


«Әйеліме қарауға қорқамын»: ақтаулық азамат әйелінің түрінен шошынып жүргенін айтты