«Түсік тастай беремін»: алматылық келіншек күйеуін кінәлайды

0
3 602

Ер-азаматтарға ой салатын оқиға.


«Түсік тастай беремін»: алматылық келіншек күйеуін кінәлайды

Ата-ана ұлын ұрпақ жалғастыру үшін үйлендіреді. Қыз бала да шындап келгенде балалы болу үшін тұрмысқа шығады. Махаббат бұл жай себепші ғана.

Бұған арада бала болмаса сүйіп қосылғандардың да ажырасып кетіп жатқаны дәлел бола алады. Алматылық Тіллә да бір қара домалақ үшін ажырасуды ойлап жүр.



Ол бұл туралы ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«19 жасымда сүйген жігітіме тұрмысқа шықтым. Мен оны бала кезімнен танимын. Балабақшаға да, мектепке де бірге бардық. Тіпті бір көшеде тұрдық.

Мен күйеуіммен 9-сыныптан бастап қыз-жігіт боп жүрдім. Студенттік шақта да бір-бірімізден ажырамадық. Бір-бірімізді қатты қызғанатынбыз, сондықтан да екнші курста-ақ үйленіп алған едік. Анығырақ айтсам, біз жастықпен, әлде мастықпен тән жақындастығына барып қойдық. Бұны ата-аналарымыздан жасырмадық та. Екі жақ келісіп, бізді үйлендірді.

Ата-аналарымыз бір-бірін жақсы танитындықтан, ешқашан ренжіскен емес. Барлық нәрсеге түсіністікпен қарап келеді.

Диплом алған соң қалада қалдық. Екеуміз де жұмыс істейміз. Қазір үйленгенімізге тоғыз жылдан асты. Бірақ арамызда бала жоқ.

Екінші курста оқып жүргенімізде менің аяғым ауырлаған еді. Күйеуім «Университетті бітірген соң баланы жоспарлайық. Қазір керек емес» деп аборт жасатқан. Ешкімге айтпастан екеуміз барып, жасанды түсік жасатқанбыз. Содан кейін диплом алғанша жүктіліктен сақтанып жүрдік.

Төртінші курсты аяқтаған соң мен жүкті болдым. Бірақ үш айдан соң түсік тастап қойдым. Ол кезде диета ұстап, тым арықтап кеткен едім, кінәні өзімнен көрдім де бұл жайында күйеуіме айтпадым.

Кейін араға сегіз ай салып тағы да аяғым ауырлады. Оны да төрт айға жетпей тастадым. Дәрігерге тексерілдім, емделдім. Бірақ содан кейін де үш рет түсік тастап үлгердім.

Соңғы тексерілгенімде дәрігерім жұқпалы аурулар ауруханасына барып қан сараптамасын тапсыруға жіберді. Сараптама нәтижесінде жыныс жолдары арқылы жұғатын инфекцияның бар екені анықталды. Күйеуімнің де толық тексеруден өту керектігін айтқан, бірақ күйеуім «мен ауру емеспін» деп бармады.

Осылай арада бір-екі жылды жоғалттық. Күйеуім емделуге үзілді-кесілді қарсы болған соң, өзім емді жалғастырдым. Дәрігер жазып берген дәрілерді уақытылы ішіп, емделдім. Бірақ тексерілсем, менен тағы да ауру табылды. Күмәнім күйеуімде.

Айтып жүріп оны дәрігерге ертіп бардым. Аурудың ошағы күйеуім екен ғой. Бірақ ол теріс жүрісін мойындамады. Дегенмен, ем қабылдауға көнді. Түрлі дәрумендерді іштік. Ем аяқталғанша тән жақындастырмадық. Дәрігер екеумізді де тексеріп, инфекцияның жойылғанын айтқан соң ғана «бала жасауға» кірістік.

Мен дәрігердің барлық айтқандарын орындадым, үзбей дәрумен алып, қабылдау күндеріне уақытылы барып тұрдым. Аяғым ауырлады. «Ана боламын» деп қуандым. Бұл жолы баламды бауырыма басатыныма сенімді болдым.

Алайда бұл жүктілік те мерзіміне жетпей үзілді. Жүрегім қан жылады. Соңғы үмітпен жыл басында бірнеше клиниканың есігін қақтым. Бірі түсік тастай берген соң жатыр әлсірейтінін айтып, түсікті менің әлсіз ағзаммен де байланыстырды. Бір маман алғашқы аборттың зардабы болуы ықтимал деді. Ал білікті бір гинеколог енді араға екі-үш жыл үзіліс жасап, сосын ғана жүктілікті жоспарласам, балалы болуым мүмкін екенін айтып шығарып салды.

Бірақ мен жүкті болудан қорқып та қалғандаймын. Жүктіліктен емес-ау, түсік тастай беруден қорқам. Өйткені осы уақытқа дейін 6-7 рет жүкті болып, түсік тастадым. Айтуға оңай болғанымен, бұның бәрін бойыңнан өткізу, бастан кешіру өте ауыр.

Күйеуімді кінәлаймын. Бірінші жүктілігімде аборт жасатқан – сол. Жыныс ауруын жұқтырған да – күйеуім.

Шынымды айтсам, ем қабылдай беруден, дәрігерге бара беруден шаршадым. Күйеуім де «емдел, тексеріл» деген сөздерімнен мезі болған. Соңғы кезде айқайласып қаламыз, жиі керісеміз. Бірақ сонда да оны жақсы көрем. Әйтсе де, бала үшін бір шешім қабылдамасам, бала туу жасы өтіп, кеш қалатыным анық.

Былтыр коронавирус өршіп тұрғанда бір туысқан ағам қайтыс болған еді. Жақында сол ағамның үйіндегі жеңгемді жолықтырып қалдым. Жеңгеммен ұзақ сөйлесіп, мұңымды айтып бердім. Ол «Тіллә, егер балаларым болмағанда менің күйім не боларын білмеймін. Балаларым үшін өмір сүріп жатырмын. Күйеуің бір күні басқаға кетіп қалуы да, арғы дүниеге кетіп қалуы да мүмкін. Балалы болуды ойласайшы, уақыт зымырап өтіп барады» деді.

Жеңгемнің сөзінен кейін күйеуіммен ажырасқым кеп жүр. Өйткені маған бала керек, ал ол балалы болуды ойлап та жүрген жоқ. Ойласа сұйық жүрісін қойып, аурудан сақтанар еді, емделер еді ғой. Қимаймын, бірақ балалы болғым келеді...»


Ұқсас оқиғалар:


«Қайынәпкем кредит алдырып, төлемей жүр»: ақтөбелік келіншек ренішін айтты


«Бесіктің шүмегін алмасып едік»: тараздық әйел қалай ұлды болғанын айттыы