«Тыныштық бермей жүр»: жамбылдық ана БҰРЫНҒЫ КЕЛІНІНІҢ ертерек тұрмысқа шыққанын тілейді

0
1 718

​«Жұрт сотқа арыз жаз дейді»...


«Тыныштық бермей жүр»: жамбылдық ана БҰРЫНҒЫ КЕЛІНІНІҢ ертерек тұрмысқа шыққанын тілейді

Фото: us.123rf.com

Барлық адамның өткен шағы бар. Бұрынғы досы, жігіті, сүйгені болатыны да белгілі. Оның бәрі отбасы құрған соң жай естелік боп қалады. Бірақ та кейбіреудің бұрынғы жанұясы, бұрынғы жары заңды түрде байланысқа нүкте қойылса да, адамның осы шақтағы өміріне араласа береді. Ең жаманы сол.

Өмірдің небір қиындықтарын жеңген жамбылдық Наурызкүл апа бұрынғы келінінің қоқан-лоққысына келгенде дәрменсіз. Өйткені ортада екі немересі бар. Солар үшін бұрынғы келінінің іс-әрекетіне шыдап келе жатыр екен. Ол бұрынғы келініне жақсы күйеу жолықсын деп, күнде дұға жасап жүргенін айтты. Тіпті кеткен келіннің бақытын тілеп, намазға да жығылыпты.

Наурызкүл апа бұл туралы ERNUR.KZ тілшісіне баяндады:

«Алты перзенттің анасымын. Қазір жасым 70-тен асты. Бұрын жастау кезімде «70 жасқа дейін өмір сүрсем жетеді. Тым қартайып, қалт-құлт етіп таяққа сүйеніп қиналтпай құдай жетпісімде алса шүкір» деуші едім. Рас қой, қартайған сайын ауруың да көбейеді, өз бетіңше жүріп-тұруың қиындайды. Өзің де қиналып, балаларыңды да әурелегенше, сол 70-75 жас жеткілікті шек. Бірақ үшінші ұлым бірінші әйелімен ажырасып, екінші рет үйленіп отырған соң, мәселе көбейіп, құдайдан «тағы да біраз жыл өмір бер» деп сұрап жүрмін.

Басқа ұл-қыздарымның некесі баянды, шүкір. Мінсіз адам жоқ қой, ұлдарымның мінезі керемет, келіндер қызымдай деп айта алмаймын. Әрқайсысының кемшілігі, қате істері бар. Бірақ не болса да олар отбасын сақтап қалуға тырысады. Тек үшінші келінім келте ойлайтын ақымақтау боп жолықты.

Ұлым жуас, айтқанының бәрін істеді. «Ауылда тұрмаймын» деген соң келінді қалаға да жібердік. «Ата-енеге қызмет етпеймін» деп те ұрыс шығарған. Мейлі, «ауылға келмей-ақ қойыңдаршы, бір-біріңмен тату болсаңдар жетеді» дедік. Өйткені бұл уақытта келін мен ұлдың арасында екі баласы бар еді. Ажырасқанын қаламадық, керісінше ынтымақты боп, жұрт қатарлы отбасы болсын деп, қолымыздан келгенше бәріміз көмектестік.

Келінді түсінуге тырыстық, ол да күйеуін басқалардыкімен салыстырады. Ал менің ұлымның жоғары білімі жоқ, жұлынып тұрған пысық емес. Ақысын өзгелерге жегізіп жүреді. Жұмысы тұрақталмады. Көлігі де, баспанасы да жоқ. Ұрыс-керіс осыдан басталған.

Келін біздің көзімізше баламды тұқыртып, төмендетіп, ұрсып отырады. Ал оңашада оған не көрсетпейді десеңізші. «Ішпесе, аз да болса тапқанын уысыңа әкеп салса, ұрмаса, одан артық не керек саған?» деп ұрыстым. Ұлымның сыныптастарын мысал еттім, бірі әйелін ұрады, бірі күнде сыра ішеді, тағы бірі басқамен жүреді. «Шүкір де, бұндай күйеу ешкім де жоқ, оның етегіне намаз оқысаң жарасады» деп айттым. Тыңдамады. Түсінігі таяз, қанағаты жоқ әйелдің жолыққанына балама жаным ашитын.

Ақыры олар ажырасты. «Арманындағы күйеуге тұрмысқа шықсын» деп, кетіп қалған келіннің артынан бармадық. Өйткені оның үнемі ешнәрсеге көңілі толмайтын мінезіне тойған едік. Ұлым да «Мама, шаршадым. Онымен қайта қосылмай-ақ қояйыншы» дегенде, жүрегім езілді. Байғұс баламды аядым.
Жұрттың ұлдары 40-қа келсе де бойдақ жүр ғой, менің балам да сол жасқа дейін тағы үйленер басқасына деп қойдым. 36 жасында ажырасқан ұлым 43 жасқа дейін бойдақ жүрді. Балаларына барып тұрады, алиментін мен зейнетақымнан төлеймін. Өйткені баламның түрақты жұмысы жоқ.

Бір күні балам үйленем деді. Бұл жолы қызды алдын ала таныстыруын талап еттім. «Аузы күйген үрлеп ішеді», ұлымның басына әңгіртаяқ ойнататын әйел керек емес. Жоқ, бұл жолы балам шатаспапты. Келін сызылып тұр екі беті қызарып. 26 жаста, алып-қашудың құрбаны болған екен. Үш ай ғана бірге тұрған күйеуімен. Заңды некеге тұрып та үлгермеген. Содан кейін тұрмысқа шықпаған.

Қалада мұғалім екен. Әке-шешесімен таныстық. Олар қарсы емес. Ұлым мен сүйген қызы бір-біріне ынтығып тұр. Үйлендірдік. Тіл-көзден аулақ, келін зыр жүгіріп жүреді. Ауылда мектептен бос орын табылмаған соң, ұл екеуін қалаға жібердік. Келіннің ата-анасы қыз жасауын ақшалай береміз, үйдің алғашқы жарнасына құйсын деді. Келін мектепте істейтін болғандықтан, үй кезегіне бұрын тұрып қойған екен. Алғашқы жарнасын құйып, ипотекаға екі бөлмелі баспана алды. Ұлыма бақ боп жолықты бұл келін. Өйткені ұлым өзі әрекет етіп, несиеге көлік алды. Досымен бірге кілем жуатын кәсіп ашып, дөңгелетіп жатыр.

Бұны естіген бұрынғы келін ұлымның мазасын алуды бастады. Екеуін ұрыстыру үшін әдейі түрлі смс-хаттар жазады ұлыма. Телефон нөмірін бірнеше рет ауыстырды ұл, бірақ бұрынғы келіннің ортақ таныстары бар ғой, тауып алып түн ортасында қоңырау соғады екен. Естуімше, көбіне мас болғанда мазалайды.

Ол сол күйі арманындағы күйеуді таппаған сыңайлы. Өзі жалғыз қалғанына іші күйетін болар. Бірақ бұған менің ұлым кінәлі емес қой. Сұрастырып білдім, бұрынғы келінім қалада әсемдік салонында істейді екен, пәтер жалдап тұрады. «Алиментті төлеп жатырмыз, кеткен өзің, енді ұлыма тыныштық бер» дедім телефонда. «Мен қателесіппін. Сіздің ұлыңыз сияқты күйеу жоқ екен. Балаларына кеп, араласып тұрсын тым болмаса» деп жыларман болды.

Ұлым үйленгелі балаларын іздемейтін болғаны рас. Оның үстіне ай сайын ипотекасын құю үшін жұмыс істеп қолы да тимейді. Қазір ұлым өзгерген, «жұмыс, отбасым» деп шапқылап, тыным таппайды. Өмірге ғашық.

Ұлымның пысық боп кеткенін естіген-ау, бұрынғы келіншегі «Сені әлі сүйем, екінші әйелің ретінде ал» дейді екен. Мүмкін отбасын бұзу үшін әдейі айтатын да шығар... Бұның бәрін елемейін десе де, жүкті келініме ауыр тиетінін білем. Жүктілігіне зияны тие ме деп қорқам. Сондықтан да демалыс күндері кейде бұрынғы келіннің балаларын қыдыртып, тәттілер апарып берем. Бұрынғы келініммен сөйлестім де. Оған реніш жоқ екенін, жақсы күйеу тілейтінімді де айттым. Тіпті айналамнан, таныс-білістерден ажырасқан мінезі жайлы күйеу де іздестіріп көрдім, табылмады.

Ал бұрынғы келінім менің бұл ақ ниетімді түсінгісі де келмейді. Ұлымды мазалауын доғармады. Келінімнің вацапына қитұрқы бірдеңелерді жазып ашуландырады екен. «Құрсағыңды балаң түсіп қалсын» деп те жазғанын оқығанда қан қысымым көтеріліп жатып қалдым. Бұл түрімен ол шынымен де келінімді түсік тастататын шығар...

Жұрт «сотқа арыз жаз» деп кеңес береді. Бірақ екі немерем үшін арызданғым келмейді. Бұрынғы келінім бақытсыз әйел ғой, аяймын. Тек бір Алла оның жүрегіне иман, сабыр берсін деп тілеймін. Ұлымның отбасын сақтай гөр деп, намаз да оқып жүрмін. Дұғама бұрынғы келінімді де қосам, оған да жақсы күйеу жолықсыншы. Сонда менің ұлымды мазаламайтын шығар. Шын ниетіммен бұрынғы келінімнің бағы ашылсын, жақсы азаматты кездестірсін деп тілеймін...»



Ұқсас оқиғалар:


«Баласы жақсы ана қартаймайды»: түркістандық ана үш ұлын күтумен жүр


«Күйеуіме ауырмайтын әйел керек»: шымкенттік келіншек қалай күйзеліске түскенін айтты