​«Үйге ешкім келмесе деп тұрамын»: әйелінің салақтығынан шаршаған азамат жан сырымен бөлісті

0
1 912

«Қайт деймін!» деп көшені басына көтереді»


​«Үйге ешкім келмесе деп тұрамын»: әйелінің салақтығынан шаршаған азамат жан сырымен бөлісті
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Қанша жерден сүйіп-күйіп тұрсаң да өзіңнен жасы үлкен қызбен отау құруға болмайды екен. Сенен «бірнеше жаялықты бұрын тоздырғанын» білдіріп тұрады екен», - дейді Қалдыбек есімді шымкенттік азамат.


Ол осыдан алты жыл бұрын өзінен үш жас үлкен қызға үйленген екен. Сол ісі үшін өкінетінін айтады. Оның себебін Қалдыбек ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Мен жасым отызға келгенше үйленбей, біраз уақыт бойдақ жүріп қалдым. Үйдегілер үнемі «үйлен, үйлен» деп құлақ етімді жейтін. Бас құрамайын деген жоқпын, тек мен ұнатқан қыздардың біреуі үйленуге келіспесе, енді бірі қалада тұрсақ деген шарт қойды. Бірақ мен ауылдан әке-шешемнің жанынан кеткім келген жоқ. Сөйтіп, уақыт өте берді.


Бұйырғаннан артық болмайды екен, үйленудің қамымен жүргенде өзімнен үш жас үлкен қызбен таныстым. Ол да ересек адам, екеуміз бір-бірімізді жақсы түсінерміз дегенмін. Алғашында шынымен де солай болды. Біз ұзақ жүрмей, үйленуге бел будық. Уақытты созып алсам әйелім бала туатын жастан асып кете ме деп қорықтым.


Сонымен, дүрілдетіп той жасап, бір отбасы болдық. Біз әке-шешеммен бірге тұрдық. Әйелім Назым есейіп, өзіндік пікірі қалыптасып қалған ересек адам болған соң ба, анамның кейбір ақылдарын құлағына да ілмейтін. Бәрін өз дегенімен істегісі келді. Соның бәрін көрсем де тілімді тістеп жүре бердім. Өз қолыңды өзің кесе алмайсың...


Біздің үйленгенімізге бір жыл толған шақта інім де шаңырақ көтерді. Ішімнен «Назымның сырласатын, ой бөлісетін адамы табылды-ау, енді анаммен ренжісуін азайтатын шығар» деп қуандым. Бірақ, мәселе бұрынғыдан ушықпаса, жеңілдеген жоқ.


Назымның үй шаруасына дым ебі жоқ екен. Тазалыққа да мән бермейді. «Келін бар ғой, сол істесін» деп бөлмесінен шықпайды. «Аяғы ауыр болғандықтан шығар, ерте жатып қалды» деп міңгірлеймін. Онысын жақтырмайтын анам «Аяғы ауыр болса, ол ауру деген сөз емес қой. Онысы несі?!» деп қояды. Маған қарата айтқан түрі ғой енді. Ал менің айтар уәжім жоқ. Екі оттың ортасында қалғандай болдым.


Әке-шешем ақылдаса келе бізді бөлек шығаратын болып шешіпті. «Өздері үй болып, еттері тірілсін» деген шығар. Назымның бар жасауын тиеп, өз үйімнен аздаған дүние-мүлік қосып, бөлек үйге шықтық.


Көп ұзамай қызымыз дүниеге келді. Өзімнен аумайтын кейпін көріп, көзін ашпай, пысылдап ұйықтап жатқан қызыма қараймын да осындай нәресте сыйлаған Назымды бұрынғыдан да жақсы көріп кетемін. Өзі босана алмай, кесарь тілігін жасаған. Әбден қиналды. Бұрынғы жатқаны жатқан ба, маған көп қимылдауға болмайды деп төсектен тұрмайтынды шығарды.


Кішкентайымыз қырқынан шыққанша анам үйде болып, суға түсіріп, баланы сылап, баптады. Анам Назымды тек баланы емізетін кездерде ғана оятып, түні бойы қызыма өзі қарады. Әйтеуір түнде көрші бөлмеден баланың жылаған, анамның әлди әнін айтқан дауысын естіп қалатынмын. Одан кейінгі кездерінде баламды түндерде өзім бақтым. Назымды мен де баланы емізіп берші деп оятатынмын. Мен бұл іске әбден төселіп алдым. Содан ба, қызым анасынан гөрі маған көбірек жақын болып өсті.


Қызым жасына толғанда әрең дегенде жұмысқа шықтым. Бірақ жұмыстан шаршап келгенде үйдің іші шашылып, таңертеңгі төсек те жиналмай жатады. Тамақ ешқашан дайын тұрмайды. Қызым байғұстың үсті кір-қожалақ, жалбыр-жұлбыр болады да жүреді. Ас үйге кірсең, таза ыдыс таппайсың, өзің қажеттісін жуып-шайып алып барып, үстелге отыруың керек. Мен мұның бәріне үйреніп кеттім. Бірақ ата-анам, дос-жарандарым, туған-туыстарым келуді сиретті. Бірте-бірте мен де үйге ешкім келмесе екен деп тұратын болдым.


Сонысына қарамай әйелім өте қызғаншақ. Үйге достарым келіп, соларды шығарып салуға шықсам, бітті, «Қайт деймін» деп көшені басына көтереді. Жерге кіретін тесік таппай қаламын. Кейде жолдастарым «Әйелің үлкен болған қиын шығар, бетіне қарап сөйлеуге қорқасың, иә?» деп келемеждеп қояды. Кейде ашумен сабап алғым келеді. Бірақ оның көкбеттігінен қорқамын. Сөзбен жеңе алмайсың оны.


Осы күні қолды бір сілтеп, әйеліммен ажырасып кетуді ғана ойлап жүрмін. Бірақ кіп-кішкентай қызымды қимаймын. О баста ақыл тоқтатқан деп өзімнен жасы үлкен қызды таңдағаным дұрыс болмапты. Үстімдігі бәрібір білініп тұрады екен.


Не істесем болады? Ақыл-ой қоса отырсаңздар екен...»