"Баламның өлгенін күтіп дайын жүрдіңдер ме?"
Қазақтың өлім-жітімінің өзінде орындалатын салт-дәстүр мен жөн-жоралғысының орны бар. Кейбірі заманға сәйкес өзгеріске ұшырап жатқанын да кездестіруге болады. Соның дұрысы мен бұрысын ажыратып айтып беретіндердің де қатары аз қалған секілді.
"Осындай жөн-жоралғыны жіктеп-жіліктеп айтып беретіндерден жазып алып, көпке тарата жүрсеңіздер екен" деген ниетін айта келген түркістандық Әлима есімді келіншек ERNUR.KZ тілшісіне жаназаға барғанда ыңғайсыз жағдайға қалғанын айтып берді.
- Өлім-жітім болғанда бұрынғыдай мал апарып, бата оқып бармайтын болдық қой. Қазір ақша ұстата саламыз "Құран оқытқанымыз болсын" деп... Мынау қымбатшылық заманда ол да бір көмек. "Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады" деген бар ел арасында.
Бірақ сол берерімізді жаназа күні немесе қайғы жұтып отырғанына апта өтпей жатып беру дұрыс емес екен. Оны жақында бірге оқыған құрдасымыз қайтыс болғанда білдім.
Әлемде жүріп жатқан қатерлі індет арамыздан талай жанды алып кетті ғой. Сол ажалды вирустың тырнағына жақында ғана қызын ұзатып, енді тойына барамын ба деп отырған сыныптас құрдасымыз да ілікті. Өзі мығым да мықты, үйінің тірегі, бауырларының ең жанашыры, қара шаңырақта отырған жігіт еді.
"Атамдатсаң, атамдат, бірақ ботамдатпа" деген емес пе? "Перзенттерімнің алдында ал" деп тілейтін қарияларға баласынан айырылу оңай болсын ба, 80-ді алқымдап қалған әке-шешесіне қиын болды бәрінен.
Әр қалаға шашыраған сыныптастардың жақын маңдағы жартысы ғана жиналып, жаназасына үлгердік. Алыстағылар "барғанда кіріп-шығамыз, амал жоқ" деп "Құран оқытарға" атаған ақшаларын салып жіберді. Ойымызда ештеңе жоқ, жерлеуден соң құрдасымыздың келіншегі мен ата-анасына барынша басумыды айтып, қайғысына ортақтасқанымызды білдіре отырып жиналған ақшамызды ұсындық. Күтпеген жайт болды.
"Немене, менің ұлымның өліміне дайын жүр ме едіңдер? Бұл той ма еді сендерге? Әлде ақшамыз жетпей жатыр ма еді? Құран оқытқыларың келсе ұлымның әруағы разы болсын десеңдер, қырық күндігі, жылдық асы да бар емес пе? Бейсенбілік күндері бар. Жаназа күні берулерің керек пе еді?"
Осылай деген анасы одан сайын еңіреп жылағанда не істерімізді білмей қалдық. Оған әйелі, қыздары мен бауырлары қосыла жылағанда тіпті жанымызды қоярға жер таппай кеттік. Сол кезде үлкен бір кісі бізге ишара жасап сыртқа алып шықты да, ыңғайсыз жағдайға қалған бізге ақылы мен жөнін айтты.
"Айналайындар, көңілдеріңе алмаңдар. Қан жұтып отырған кісі ғой, бірақ оныкі жөн. Баяғыда мұндайды "бата оқыр" деп атаған. Қаралы үйдің жаназа шығаруға кететін шығынға шамасы жетпесе, оны ең жақын туыстары көтерген. Содан кейінгілерін ауыл-аймақ, жақын-жұрағаттары көтеріскен. Ал Құран оқыту үшін қырық күндік асынан кейін мал атап соның ақшасын немесе сойысын әперген. Жолдастары екенсіңдер, қайта қырық күндігін немесе жылдық асын көтерісіңдер, сол кезге туралап шамаларыңша жинап беріңдер. Лажы болса апта сайын келіп Құранның ішінде болыңдар. Үйлеріңде атын атап, Құран оқытып тұрыңдар", - деп ақылын айтқан соң ғана өзіміздікі қате болғанын түсіндік.
Расында қазір өлім-жітімдегі дастархан да "той сияқты болып кетті" деп жиі айтылып жатады. Жаназасы шыққан күні ақша берудің де жөнсіз екенін түсіндік. Тойы болса бірсәрі, қайғыдан бас көтере алмай отырған адамға не деп ұсынасың? Кейінірек, жағдайына қарап қайта жетпей жатқан жағын көтеріссең сауаптың үлкені сол емес пе?
Содан бері осы жайында жиі ойланатын болдым. Құдай қазаның бетін әрі қылсын, қаралы үйге көңіл айтып барғанда ойлану керек екен. Ақша ұсынғанда да қаза болған адамның туыстары өздеріне келіп, бойын тіктеген соң берген дұрыс секілді. Сол күні ақша ұсыну расында үлкен ұят сияқты...
Осылай деген Әлима көпшіліктің ойы мен пікірін білгісі келеді. "Бәлкім, мұның жа жөн-жобасы бар шығар біз білмейтін? Мүмкін болса, жөнін білетіндер айтса екен" дейді ол.
Бұл сұрақтың жауабын біз көпшіліктің еншісіне қалдырдық.