​«Зорлады деп айыптап, екі жарым миллион теңге өндіріп алды»: жамбылдық әйел күйеуінің ісі үшін отбасының берекесі кеткенін айтады

0
2 367

«Кет, сен маған керек емессің» деп мені қуа береді»


​«Зорлады деп айыптап, екі жарым миллион теңге өндіріп алды»: жамбылдық әйел күйеуінің ісі үшін отбасының берекесі кеткенін айтады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дейміз-ау, бірақ кейде дап-дардай адамның жаза басып, бәлеге душар болғанын көргенде аярыңды да, табаларыңды да білмей қалады екенсің», - дейді жамбылдық Гүлшат есімді келіншек.


Гүлшат күйеуі алаяқ әйелдің құрбанына айналып, екі миллион теңге шығынға батқанын айтады. Мұнша ақша беруге себеп болған оқиғаны Гүлшат ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Күйеуім екеуміз студент кезімізде көңіл жарастырып, бас қосқанбыз. Ол мені қатты жақсы көрді. Екеуміз екі қиыр жақтан келсек те, руымыз бір болып шықты. Мен оған «руласпыз, мен қарындасың боламын, қарым-қатынасымызды осы жерден тоқтатайық» деп сан мәрте айтқам. Бірақ ол айтқан бетінен қайтпады. Кездесуге шықпай қойсам таңға дейін жатақхана алдында тұра беретін. Жүрекке әмір жүргізе алмай, ақыры үйлендік. Әке-шешелеріміздің қарсыласқанына да қараған жоқпыз.


Биыл шаңырақ көтергенімізге бес жыл болды. Ата-енем, қайын сіңлім және ұлым, күйеуім – барлығымыз бірге, қаланың шетіндегі ауылда, шағын жер үйде тұрамыз. Бақыттан басымыз айналып жүр деп айта алмаймын, шын сүйіп қосылсақ та ара-тұра шарт-пұрт кетіп, керісіп қалатынымыз бар. Бірақ қайтымымыз тез, көбіне мен кешіріммен қарап, күйеуімнің өкпелеткенін ұмыта саламын. Осы үйге «көнемін, төземін» деп келген соң, солай болуы керек те шығар. Бірақ көну керек екен деп күйеуіңнің әр қылығына көз жұма берген де дұрыс емес екен.


... Күйеуім қарапайым табыс табады. Бірде жетеді, бірде жетпейді. Ол мені жақсы көрмейді деп айта алмаймын. Үнемі ұлымыз екеуміздің жанымыздан айналшықтап шықпайды. Жағдайымызды шамасы келгенше жасайды. Әке-шешесінің бірде-бір сөзін бөлмей, мұқият тыңдайды. Тәрбиесі де жаман емес.


Күйеуім жұмыстан бос күндері қала мен ауылдың арасында таксист болып табыс табады. Кейде жұмыстан келе жатқанда да жолаушыларды жеткізіп тастайтынын білемін. Сондай бір күні, түннің бір уағында жұмыстан қайтып келе жатқанында, оның көлігіне жасы отыздың шамасындағы бір әйел мінеді. Байқап қараса өлесі мас екен. Біраз жол жүргеннен кейін әлгі әйел күйеуіме өзі жабыса бастапты. Жұмыстан шаршап келе жатқан күйеуім де әйелдің мастығын пайдаланғысы келді ме екен, әлде еркектік нәпсісі жеңіп кетті ме, әйтеуір әлгі әйелдің құшағына құлай кетіпті. Ісін тындырып, әйелді айтқан мекен-жайына апарып тастайды. Күйеуім сол рахаттанғанымен үйге келіп, дымын білдірмей, күндегідей тамағын ішіп, жатып қалады.


Сұмдықтың көкесі ертеңіне азанда басталды. Таңғы шайымызды ішіп отырсақ, үйімізге учаскелік полицейлер келіп тұр. «Күйеуіңізге «адам зорлады» деген айып тағылып отыр. Дереу шақырыңыз» деді. Мен көзім шарадай болып күйеуіме қарадым, ол кезде ештеңеден хабарым жоқ қой. Аяқ астынан үй ішімізбен абыр-сабыр болдық та қалдық. Енем бақырып жылап отыр. Атам басын ұстап орнынан қозғала алмай қалған. Адам зорлау үкімі оңай емесі анық. Қанымыз басымызға шауып, бәріміз күйеуіме жабыла кеттік. Оның көзі шарасынан шығып, амалының жоғынан түндегі болған жағдайды баяндап берді. «Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым» деп енем айтпақшы, екі оттың ортасында қала бердім.


Бар ойым онымен ажырасу емес, құтқарып қалу болды. Әлгі әйел осылай еркектердің әлсіз тұсын пайдаланып, кейіннен бопсалап ақша табатын әккі адам екен. «Қолыма екі жарым миллион теңге әкеліп салсын, сонда арызымды қайтап аламын» депті. Қалт-құлт етіп күнімізді әрең көріп отырған адамдармыз, онша ақша қайдан болсын?


Күйеуімді, отбасымды сақтап қалу үшін ана әйелдің нөмірін тауып, сан мәрте хабарластым. Үйіне де бардым. Меніме сөйлескен де жоқ. Қанша мәрте хат жазып, кешірім беруін сұрандым. Бірақ райынан қайтара алмадым. Енді тек ақша тауып, әлгі әйелдің арызын қайтып алғызу керек. Басқа шара жоқ. Ақшаны аяғымыздан таусылып іздемеген жеріміз жоқ. Сұрамаған туған-туыс қалмады. Үйіміздің әбден берекесі қашты.


Содан не керек, төркін жағымнан бір миллион, ағайындардан бес жүз мың жинадық. Қалған миллионды күйеуімнің бастығы берді. Ақыры оңбған әйелге сұраған ақшасын беріп, құтылдық. Содан күйеуім бір жыл айлықсыз жұмыс істеуге келісті. Баламды енеме тастап, мен де жұмысқа шықтым. Отбасымыздың берекесі кетті. Жетіспеушілік кімге жаққан дейсің? Кейде күйеуімнің осы қылығы үшін зығырданым қайнап, бір шу шығарып аламын. Ашумен күйеуіме талай нәрсе айтамын. Ондайда күйеуім үндемей құтылатын. Осы күні өзіме дауыс көтеріп, қол жұмсайтын болды.


Айлықсыз жұмыс істеуден шаршаған ба, күнде ішіп келетінді шығарды. Араққа ақшаны қайдан алатынын білмеймін. Ішіп келіп, үндемей жатып қалса мейлі ғой, ойдағы-қырдағыны қозғап, қырғын салып, әрең жатады. Ата-енем де айтып қойдыра алмады.


Осы күні маған «үйден кет, сен маған керек емессің» деп жиі айтатын болды. Оның бұл түрін көріп, баяғы сезімім суып кеткен сияқты. «Баламыздың басы көбеймей тұрғанда кете салсам ба екен» деп ойлап қоямын. Жетіспеушіліктен, ішкіш күйеуден мен де шаршадым. Қандай кеңес бересіздер, құрметті оқырман? Дәл қазір ақыл айтып, жөн сілтейтін жан керек боп тұр...»