​Алға қадам басуыңызға не КЕДЕРГІ?

0
3 415

Бұл кедергілерді жойсаңыз, мақсатқа жету қиын емес!


​Алға қадам басуыңызға не КЕДЕРГІ?

сурет ашық дереккөзден алынды

Арман-мақсаттарыңызды ешкім орындап бермейтініне, ешкім жетектеп жеткізбейтініне көзіңіз жеткен шығар?! Иә, бұны біреу ерте, біреу кеш түсінеді. Әйтсе де, мақсат қою, оған жету ешқашан кеш емес дейді психологтар.

Бар күш-жігеріңізді салсаңыз, қатарластарыңызды қуып жетіп алуға болады. Қалай? Осы жасқа дейін босқа, ұйқымен өткен күндердің орнын толтыруыңыз керек. Яғни, жұрт демалыс күндері демалса, сіз керісінше бұл күндері де жұмыс істейсіз. Басқалар ұйқыға ерте жатса, сіз түнгі екі-үш сағатты оқуға, үйренуге, өзіңізбен жұмыс жүргізуге арнайсыз. Осылай ғана өміріңізді өзгерте аласыз. Ал ол үшін жолыңызда кедергі болатын мынандай нәрселерге уақыт пен көңіл бөлмеуді үйренген жөн екен.



1. Ешкімді ешнәрсеге кінәламаңыз

«Отызда орда бұзбағаныңызға», «қырықта қамал алмағаныңызға» ата-анаңызды, жетпеген қу дүниені, түріңізді, миыңызды, кемшіліктеріңізді, жарыңызды т.б. кінәлаудан пайда жоқ. Мүмкін расында да олар, солар кінәлі шығар, бірақ кінәлап отыра бергеннен ешнәрсе өзгермейді.

Өткен өмірді өзгерте алмайсыз, бірақ алдағы өміріңізді жақсартуға әлі де уақыт бар. Ол үшін нақты мақсат қойып, тоқтаусыз әрекет ете беру керек. Ал кінәлау, жазғыру ойға да, аяқ-қолға да тұсау болады. Есте ұстаңыз, өкпе-ренішті арқалап алысқа бара алмайсыз. Бұны психологтар зерттеу, тәжірибе жұмыстарында анықтаған.



2. Маңызды емес нәрселерге қуатыңызды сарқымаңыз

Егер күнкөріс үшін көп сағат жұмыс істейтін болсаңыз, «Білімімді жетілдіруге, тұрмысымды түзеуге, тіпті ойлануға да уақыт болмайды» дерсіз. Әрине, ауыр жұмыстан соң ұйықтап тыныққан дұрыс, бірақ 8 сағат ұйқы шаршаған тәннің қуат жинауына жеткілікті. Сонымен қатар сіз теледидар тамашалау, сериал көру, әлеуметтік желілерде лайк басып комментарий жазу мен пайдасыз кездесулерге «жоқ» деу арқылы уақытты тиімді жоспарлап үйренуіңіз қажет.

Осылай мақсатыңызға жету жолына уақыт табуға болады. Шын қалаған адам жұмысқа барар жолдағы (автобустағы 40 минутты), аялдамадан үйге жетер жолдағы (15-20 минутты) уақытты да қажетіне жаратып үлгереді. Мысалы қажетті аудиокітапты тыңдау, егер шет тілін үйреніп жүрсеңіз, жаңа сөздерді қайталау т.б.



3. Кертартпа ойларды қуыңыз

«Жақсы сөз – жарым ырыс» деген сөзді әрқашан есте ұстап, өз өміріңіз туралы тек позитивті ойда болыңыз. Мысалы, сіз әлі де пәтер жалдап тұратын шығарсыз, табысыңыздың бір бөлігін баспана сатып алуға жинай бастасаңыз, жарыңыз немесе басқалар кертартпа сөз айтуы мүмкін. Тыңдамаңыз ешкімді. Мейлі баспанаға ақша жинауға он жыл уақытыңыз кетер, ол да жаман емес. Есесіне зейнетке шыққанда ешкімге пәтерақы төлемей өз үйіңізде тұрасыз.

Мүмкін жасыңыз 35-тен асқанда жоғары оқу орнына құжат тапсыруды, дипломды болуды ойлап жүрген боларсыз. Егер жақсы маман болсаңыз, жұмысқа тұруға жас кедергі болмайды. Зейнетке шықса да жоғары оқу орындары мен колледждерде лекция оқып жүрген оқытушы көп. Мектеп кітапханаларында жұмыс істеп жатқандар да бар. Медбикелікті бітіріп алсаңыз да, жекеменшік дәріханалардың процедураларынан жұмыс табылады. Дипломды маман болуға 4-5 жылыңызды жұмсарсыз, есесіне 40 жастан соң тұрақты жұмысыңыз болады. Әр ай сайын жаңа жұмыс іздегеннен бұл да орынды. Бастысы, қадамды бастадыңыз ба, өзіңіздің кертартпа ойларыңыз бен өзгенің әр сөзіне тоқтай бермеңіз. Таңдауыңызға, қалауыңызға сенімді болыңыз.



4. Қорқуды доғарыңыз

Бұрын жас болдыңыз, сондықтан қорыққан шығарсыз. Ал қазір ақылыңыз толысқан, жаңа бастамаларға қадам басудан, сынап көруден, тәуекел етуден қорықпаңыз.

Жалпы, фобияңызды анықтап алыңыз да, онымен бетпе-бет келіңіз. Адамның алға қадам басуына көбінесе фобиялары кедергі болады.



5. Өзіңізді аямаңыз

Қазақта «Балаңды аясаң, аяма!» деген сөз бар. Сырт көзбен өзіңіздің қазіргі тұрмысыңызға, өміріңізге қараңызшы, жаныңыз аши ма? Өзгерткіңіз, өзгергіңіз келе ме, біліп қойыңыз көп тер төгу керек. Қиындықсыз ешнәрсе келмейді. Олай болса, өзіңізді аямаңыз. Қатаң күн тәртібін құрып, өзіңізге талапшыл бола біліңіз. Әрдайым өзіңізді қамшылап, «оятып» отырыңыз.


Осы қарапайым 5 кедергі көп адамның алға қадам басуына тосқауыл болады екен. Ал сіз бұл кедергілерді елемей қадам баса беріңіз, әрекет жасай беріңіз. Міндетті түрде өзгеріс болады дейді психологтар.

Дайындаған: Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Үздік баланы ҚАЛАЙ тәрбиелеу керек?


Баланың ӨТІРІК айтуын ҚАЛАЙ қойдыруға болады?