Осы төрт психологиялық кеңесті қолданып көріңіз.
(фото ашық дереккөзден алынды)
Үлкендер «жалған өмір» деп атаған бұл пәниде адамдардың ең жаман көретіні – өтірік. Өйткені өтірік айтудан өсекшілдік, еріншектік, мақтаншақтық сияқты жағымсыз қасиеттер туады. Ал психологтардың зерттеуінше, өтірік сөйлеу бала кезде қалыптасады екен.
Олай болса, балаңызды өтірік айтудан ертерек тыйыңыз. Бұнысы әдетке айналып кетпесін. Ол үшін баланың неліктен өтірік сөйлейтінін анықтап алған дұрыс.
Осы орайда қиын балалармен жұмыс жүргізетін клиникалық психологтардың ақыл-кеңестерін, зерттеу мақалаларын аударып, назарларыңызға ұсынып отырмыз.
БАЛА НЕГЕ ӨТІРІК СӨЙЛЕЙДІ?
Психолог Бурыка Мария 12 жасар ұлымен әңгіме барысында «Кейде сен өтірік айтасың, неге?» деп сұрапты. Баласы негізгі үш себепті атапты: Жағымсыз жағдайдан қашу үшін; Қалауын орындатқызу үшін; Өзін сүйкімді етіп көрсету үшін.
Бұл бір баланың пікірі. Әр бала осылай өзінің не үшін өтірік сөйлейтінінің себебін тауып береді. Әркім әр түрлі жағдайда өтірік сөйлейді. Сондықтан ата-ана баласымен дос ретінде әңгімелесе отырып сұраса оның неге өтірік сөйлейтінінің себебін біле алады. Себепті білсеңіз, балаңыздың өтірік айтуын қойдыруға болады дейді М. Бурыка. Бұл себепті анықтаудың және онымен жұмыс жүргізудің ең оңай тәсілі.
1-КЕҢЕС: Егер әркез балаңыз «Үй тапсырмасын орындап қойдым» деп алдайтын болса, «Неге өтірік сөйлейсің?» деп ұрысқаннан нәтиже болмайды. Дұрысы, «Үй тапсырмасын орындадың ба?» деп емес, «Үйге қандай тапсырма берді?» деп сұрақ қойыңыз. Немесе «Мен сенің үй тапсырмаларын әлі орындамағаныңды білем. Кел, бірге орындап тастайық» деңіз.
Жарты сағат уақытыңызды бөліп, балаңыздың үй тапсырмасын бірге орындау арқылы өтірік айтуды әдетке айналдырмауға болады.
Доктор Роуз өтірік айту көбіне қызығушылықтан туады дейді. Еңбектейтін жастағы бала айналасындағының бәрін ұстап көргісі келеді, дәмін татып танысу үшін қолына түскеннің барлығын аузына салады. Ал тілі шығып, есі кірген кезде бала жаңа мінез-құлықты тексергісі келетін көрінеді. Яғни, «Алдай салсам, не болады екен?», «Мен сындырған жоқпын десем, неден құтылам?» деген қызығушылықпен өтірік айтады.
2-КЕҢЕС: Өтірік айтқаны үшін балаға жаза қолданған дұрыс. Бірақ әр өтірік сөзі үшін жазалай бергеннен ешнәрсе өзгермейді. Оған түзелуге, өтірігін түзеуге мүмкіндік беріңіз. Мысалы, кесені сындырып қойып, мойындамаса, «Иә, мен сындырдым» деп айтқызуға тырыспаңыз. Одан да сынған кесені қоқысқа тастатқызып, еденді сүрткізіңіз. Түсқағазға сурет салып тастаған ба, «Кім?» деп сұрап анықтаудың қажеті жоқ. Кім екеннін білесіз ғой, өзіне тазалатқызыңыз.
Өзіне сенімсіз балалар арасында өтірік сөйлейтіндер көбірек кездеседі. Өзгелерден ерекше көріну үшін, басқалармен салыстырғанда өзін талантты т.б. етіп көрсету үшін де бала өтірік айтады екен.
3-КЕҢЕС: «Мама, мен бүгін футболда 10 рет гол салдым». Осы сияқты өтірікті көп айтатынын болса, «Жарайсың, алтыным» деп мақтамаңыз. Және «Өтірік, бұл сенің қолыңнан келмейді» деп те айтпаңыз. Дұрысы, мақтан сөзін (егер өтірік айтса) естімеген сынай танытыңыз, елеусіз қалдырыңыз, әңгімені басқа тақырыпқа ауыстырып жіберіңіз.
Қиялшыл, арманшыл балалар да өтірік айтуға бейім. Ол толық емес отбасында немесе балалар үйінде тәрбиеленсе, үлкендерден жазалау мен қаталдықты, қатарластарынан келемеждеу мен мұқатуды көп көрген бала өзіне ұнайтын өмірді армандайды. Арманы шынайы өмірде болып жатқандай ойлап, өтірік сөйлеуді бастайды. Мысалы әкесі жоқ ұл сыныптастарына «Кеше әкем келді, бірге зообаққа бардық» десе, әке-шешесі көңіл бөлмейтін бала «Әкем маған көп ойыншық әперді, анам көп шоколад әкелді» деп өтірік айтады.
4-КЕҢЕС: Өтірік айтудың жаман қасиет екенін қанша рет ескертсеңіз де, жазаласаңыз да, кейбір бала бұл әдетін қоймауы мүмкін. Бұндайда онымен қарым-қатынасыңызға үңіліңіз. Баламен уақытты көбірек өткізіп, саябаққа ертіп барыңыз, қыдырыңыз. Махаббатыңызды көбірек бөліңіз.
Ал егер бұл кеңестің ешқайсысынан нәтиже болмаса, арнайы маманға жүгініңіз. Маман балаңызбен жеке жұмыс жүргізіп, арнайы психологиялық бағдарлама түзеді.
Дайындаған: Жазира СМАҒҰЛОВА,
Тағы да оқыңыз:
Балаға ЖЫЛДАМ өлең жаттатқызудың 6 тәсілі