БҰҒАН уақыт пен ақша шығындау – АҚЫМАҚТЫҚ

0
2 147

Сіз де ақымақ боп жүрген жоқсыз ба?


БҰҒАН уақыт пен ақша шығындау – АҚЫМАҚТЫҚ

«Үйде бол!», «Үйден шықпа» деген ұранмен бір айдан аса уақыт өте шықты. Санап көрейікші, карантиндегі неше күн босқа өтті?


Егер карантиндегі күндер отбасы ортасында өтіп жатса, уақытыңызды текке кетті демеңіз. Бір-бірінің қасында неғұрлым көп уақыт өткізген сайын ол адамдардың арасында жылулық, мейірімділік нығая түседі. Сондай-ақ күндеріңіз жантайып жатып фильмдер көрумен өтсе және бұндай демалыс ойыңыз бен бойыңызға тыныштық сыйласа, уақытыңызды пайдалы ұйымдастыра білдім деп санаңыз. Демалыс та қажет.


Сонда қай нәрсе уақытты босқа өлтіреді? Қандай іске жұмсалған уақыт пайдасыз?

Көкейде осындай сұрақ туындады ма? Өзгеден сұрамас бұрын алдымен бұл сұрақтарды өзіңізге қойып жауап беріп көріңіз және осыған дағдыланыңыз.

Қарапайым сұрақ. Дегенмен осындай болмашы сұраққа өз басынан жауап іздеуге ерінетіндер бар.

Бұл сұрақтарға әр саланың маманы әрқалай жауап берер, ал психологтар өзгеге сенумен, өзгеден көмек күтумен өткен уақытты – пайдасыз дейді.

Ұғынықты болу үшін қарапайым мысал келтірейік. Бүгінде көпшіліктің назарын өзіне аудара білген қазақтілді он шақты психолог, нумеролог, мотиватор, коуч-тренерлердің инстаграм парақшасындағы комментарийлерді оқып шығыңызшы. Онда мынандай комментарий көп:


«Мен ашуланшақпын, не істеуім керек?», «Күйеуім ұрады, неге?», «Балам тыңдамайды, не себеп?», «Қарызым көп, қалай құтыламын?», «Қалай өзгерсем болады?», «Арықтаудың жолын айтыңызшы», «Күйеуімнің көңілін қалай табам?»…


Бұл сұрақтарды «картопты немен аршимын?» дегенге ұқсатуға болады. Картоптың қабығын пышақпен аршиды, ал балға шегені қағуға арналған. Бұны кез келген адам біледі. Әйтсе де осындай болмашы сұрақ қойып ақыл-кеңес сұрайтындар кездеседі. Тіпті қарапайым бір сұрағына жауап іздеп бес-алты жылын сарп ететіндер де, қай жерде қандай онлайн тренинг, марафон бар бәріне қатысып уақыты мен ақшасын шығындап жүргендер өте көп.

МЫСАЛ: Ертеректе есімі алты материкке белгілі бір ақылгөй қарт өмір сүріпті. Бір күні данышпанға орта жастағы әйел кеңес сұрай келеді.

- Күйеуім табыс таппайды. Енеммен жиі ұрысып қаламын. Баламның оқу үлгерімі нашар. Өзім жұмыссызбын. Бақытсызбын. Өмірімді өзгертейін деп, жұрт мақтаған балгер-тәуіпке, өзіңіз секілді данышпандарға қаншама уақытым мен қаражатымды жұмсадым. Өзгеріс жоқ. Не істесем болады айтыңызшы, - дейді әйел жыламсырап.

Данышпан әйелдің мұңын, өмірге шағымын үнсіз тыңдай жүріп алдына бір қап картоп пен балға әкеліп қояды да:

- Кешке дейін картоптың бәрін қабығынан тазалап аршып қой, содан соң ғана сөйлесемін, - дейді.

- Немен аршимын?

- Балғамен!

Әйел кетіп бара жатқан данышпанның соңынан аңтарыла қарап тұрады да тапсырманы орындауға кірісіп кетеді. Балғамен картопты ары-бері ысқылайды, үйкейді, ұрғылайды, бірақ кешке дейін бірде-бір картоптың қабығын арши алмайды. Әбден шаршайды. Бір уақытта «Мен не істеп отырмын?» деп өзіне-өзі сұрақ қояды. Балғамен картоп аршушы ма еді, жүзі өткірлеу не бар екен деп, жан-жағына мойнын созып қарайды.

Ілулі тұрған балтаны көреді. «Алжыған шал балға емес балтаны берсе қайтер еді?» деп орнынан тұрады. Енді ол үстел үстінде тұрған қайшыны көреді. «Қайшысы да бар екен ғой. Балтамен емес қайшымен аршиын картопты» деп, биік үстелге жақындайды. Қайшының қасындағы қораптан пышақты көріп қуанып кетеді.

«Түу, атам-ай, бекерге бір күнімді зая еттің-ау» дей бергені сол, есіктен данышпан кіріп келеді. Әйел ашуын ауыздықтай алмай:

- Мен сізге бір ай жол жүріп әрең жеттім, ал сіз менің уақытымды текке шығындап отырсыз. Балға емес пышақ бергеніңізде мен бір қап картопты әлдеқашан аршып тастаған болар едім. Орнымнан тұрғаным жақсы болған екен, әйтпесе ақымақ боп отыра берер екенмін ғой, - деп бұрқан-талқан болады.

Данышпан күлімсіреп:

- Иә, егер саған менің тапсырмамды орындау маңызды болмаса орныңнан тұрмас едің. Ал орныңнан тұрмағаныңда балта мен қайшыны, пышақты да көрмейтін едің. Егер «картопты қалай аршимын?» деп өзіңнен өзің сұрамағанда пышақ секілді затты таппас едің. Әйтпесе бұл сұрақты маған да қойдың ғой, ал мен «балғамен» деп жауап бердім. Сен жауаптың дұрыс-бұрыстығына мән бермедің, өйткені маған сендің. Ал мені алжығанға балап өзіңе сене бастаған соң әрекетке көштің. Міне, адам өзгеге сенуді доғарып өзіне сенген кезде миы да, қолы да әрекет ете бастайды. Ал маған сеніп отыра бергеніңде картоптың қабығын балғамен арши алар ма едің?

- Жоқ!

- Дұрыс. Мәселенің шешімін өзгеден сұраудың, өзгеге сенудің, өмірімді біреу өзгертіп берер деп ойлаудың текке уақыт жоғалту екенін енді түсінген боларсың. Есіңде болсын, сұрақты өзіңе қойып, жауапты өз басыңнан іздемейінше, өміріңе өзің жауапкершілікпен қарамайынша, ештеңе өзгермейді.

Сен картопты аршу үшін әркімнен пышақ сұрап жүрген адам сияқтысың. Өз үйінде пышағы бола тұра басқа біреуден оны сатып алу – ақымақтық, - деген екен.


Осы мысалдағы әйел секілді өзгеден «сиқырлы әдіс» күтіп жүргендерді бүгін көп жолықтыруға болады. Тек әйелдер емес өзгенің басымен мәселесін шешкісі келетін еркектер де бар. Жалқаулық па, әлде шынымен де басындағы қарапайым мәселені шешуге дәрменсіз бе?

Психологтардың айтуынша, болмашы мәселелерін ортаға салатын және қарапайым сұрақтар қоятындар – өзіне сенбейтіндер мен ойланғысы келмейтіндер екен. Ал бұндай адамдар өз басымен ойланбайынша өмір бойы өзгенің айтқанын орындаумен, ақыл-кеңес сұраумен жүре береді.

Егер сіз де осылардың қатырында болсаңыз, есте ұстаңыз, қиындығыңыз бен мәселеңізге маңызды деп қарамайынша, оның шешімін табу үшін орныңыздан тұрып жауапкершілікті қолыңызға алып әрекет етпейінше өміріңіз өзгермейді.


Ешқандай сиқырлы таяқша жоқ! Біреу балға берер, екінші біреу балта ұстатар, тағы біреу қайшы мен пышақ тауып берер, бірақ оны өз қолыңызға алып пайдаланбайынша, еңбектенбейінше "картопты" арши алмайсыз. Бәрі де тек еңбекпен келеді, еңбекпен жетесіз.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА,

«ERNUR.KZ»»


Тағы да оқыңыз:


БАЛАҒАТ СӨЗ жеті ұрпағыңыздың өмірін бүлдіреді

ҚАШЫҚТАН оқытатын МҰҒАЛІМ үшін ЕҢ КЕРЕК кеңес