​Кез келген ұрыс-керісті тоқтататын СИҚЫРЛЫ 5 сөз

0
9 772


​Кез келген ұрыс-керісті тоқтататын СИҚЫРЛЫ 5 сөз

Фото: forexdengi.com

Адамдардың көзқарасы түрлі-түрлі. Сондықтан да келіспеушілік, түсініспеушілік салдарынан отбасында, жұмыста, тіпті қоғамдық орындарда, танымайтын адамдар арасында да ұрыс-керіс орын алмауы мүмкін еместігін бәрі біледі. Ал оны өршітпеудің жолдарын білетіндер аз.


Ұрыс керіске, керіс жанжалға жалғасып кетпеуі үшін не істеу керек? Бұл орайда психологтар бес-ақ сөзбен ұрыс отын бәсеңдетуге болатынын айтады. Ал қызуы, жалыны азайған от көп ұзамай сөнетіні анық.



1. «Айқайламай сөйлесейікші!»

Фото: jesseliberty.com

Бұл ұрысты өршітпеудің ең қарапайым жолы. Психологтардың айтуынша, адам ашуланғанда оның дауысы зораяды. Демек адам даусын бәсеңдетсе, оның ашуы да басылады.

Айқайлауды доғарған адам біртіндеп эмоциядан арыла бастайды. Ал психологтар кез келген мәселені дұрыс шешу үшін бірінші барлық эмоциядан құтылу керек дейді.

«Ашу – дұшпан, ақыл – дос». Ашу кеткен жерге ақыл келетіні белгілі. Ақылмен келісімге келуге де, татуласуға, мәселені ушықтырмай шешуге де болады.

Олай болса, кез келген дау-дамайды тоқтату үшін ашуды басып алу керек, ал ашуды тарқату үшін айқайлауды тоқтатқан абзал.



2. «Үзіліс жасағанымыз дұрыс-ау?!»

Фото: pbs.twimg.com

Бұл сөз «Ұрысты тоқтайықшы», «Ұрыспайықшы», «Сен де мені тыңдасайшы», «Бопты, бірақ сенікі дұрыс емес» дегенге ұқсайды. Бірақ бұл көп сөзге тоқтамаған адамның жанжалын үзіліс жасау арқылы баса аласыз.

Ұрыс та от сияқты ғой, ал сөз – отын. Отқа отынды біраз уақытқа дейін салмасаңыз, бәсеңдейді. Лаулаған отты өшірудің бірден-бір жолы – отын салмау.

Тіпті 5 минут тайм-аут алудың өзі керісті кәдімгідей әлсірете алады дейді психологтар. Ендеше, ұрыс оты лаулап бара жатса, «Үзіліс жасайық» деңіз. Ал сөзге түсінбейтін адам болса, бөлмеден шығып кетіңіз. Немесе «су ішіп келейін», «дәрімді қабылдайтын уақыт бопты, қазір келем», «сыртқа шығып келемін, сосын жалғастырамыз» т.б. деп, әйтеуір 5 минут болса да үзіліс жасауға тырысыңыз.

Ұрыс-керіс кезінде үзіліс жасау артық сөз айтудан, ұсақ-түйекті әңгіме етуден тыяды. Сонымен қатар үзіліс ашудың тарқауына, дұрыс шешім қабылдауға, түсінуге, келісуге де көмектесетін әдіс.



3. «Сенікі дұрыс сияқты...»


Фото: test.psychologies.com

Жантану мамандары бұл сөзді кез келген ашулы адамды тыныштандыратын дәріге теңейді. Мейлі оныкі бұрыс болса да, келіспесеңіз де, осы сөзді айтыңыз. Өйткені бұл сөз оныкі дұрыс дегеніңізді білдірмейді, бірақ ұрысты баса алады.

Есте ұстаңыз, "Сенікі дұрыс" деген сөз одан бетер ұрысты өршітуі мүмкін, сондықтан "сияқты" деген сөзді міндетті түрде қосып айтыңыз.

Кейде ұрыс естуге лайықты екеніңізді іштей мойындайсыз. Алайда ешқандай зиян келмесе де қателігіңізді, айыбыңызды мойындағыңыз келмей тұра ма, «Сіздікі дұрыс сияқты» деп айта салыңыз. Бұл сөзден кісілігіңіз кішіреймейді. Есесіне жүйкені шаршататын, сағаттап созылатын керісті бір-ақ минутта тоқтатасыз.

Бұл сөзді әсіресе қызба клиенттің ашуын басу үшін айтыңыз. Айтысуға, тартысуға жаны құмар адамдардан жылдам құтылу үшін де бұл сөздің көмегі зор.



4. «Жарайды! Мен не істеуім керек?»

Айқайлап ұрысып жатқан адамға осы сөзді айтыңызшы, ол дереу басылады. Тіпті айтарға сөз таппай сасқалақтап та қалуы мүмкін. Рас, бұл психологияда әбден зерттелген әдіс. Сондықтан мәселенің мәнісін немесе оның не үшін ұрысып жатқанын түсінбесеңіз де осы сиқырлы сөзді айтыңыз.

Бұл сөз ұрысты бастаған адамды ойландырады. Ол терең тыныс алып, үзіліс жасайды. Ал ұрыс-керісте үзіліс жасау ашу мен айқайды бәсеңдететінін сіз білесіз.



5. «Былай етейікші...»

Фото: avatars.mds.yandex.net

Осы бір ауыз сөз көп адамның айқайын бір пәсте тоқтатуға құдіретті. Бұл жерде бірден у-шу басылады. Мейлі, ұтымды ой, я болмаса мәселені шешуге түк қатысы жоқ сөз айтсаңыз да адамдардың ашуы да, айқайы да бастапқыдан кәдімгідей бәсеңдеп қалады. Атмосфера өзгереді.

Егер «Былай етейікші» дегеннен соң, сөз таппай қалсаңыз, бірінші (Айқайламай сөйлесейікші) немесе екінші сиқырлы сөзді (Үзіліс жасайық) айтсаңыз болады.


Осы бес фразаны жаттап алыңыз. Бұл сөздермен кез келген жерде ұрыс-керісті тоқтата аласыз.


Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Баланы тербеткен дұрыс па?


Бұл ҚҰПИЯны білмейінше арман-тілектеріңіз орындалмайдыы