Коронавирус! КІМ кінәлі? НЕ болады?

0
3 801

Жұмыстың бәрі тоқтады, төтенше жағдай созыла берсе қалай жан бағамыз?


Коронавирус! КІМ кінәлі? НЕ болады?

Елімізде коронавирустан бір адам өлгеннен кейін халықтың үрейі үдей түсті. Төтенше жағдай мерзімі созылуы мүмкін дегенді естігеннен кейін саяси, әлеуметтік, экономикалық салаларға байланысты сұрақтары да көбейді.

"Вакцина әлі табылмады ма? Аурулар саны күрт өсіп кетсе ауруханаларда орын жете ме? Індет қашан тоқтайды? Көшеге шықсам жұқтырып алмаймын ба? Елімізді не күтіп тұр?".. Сансыз сауал.


Бұның бәрі үрейден туған сұрақтар. Жиі қойылып жатқан сұрақтар сізге де маза бермей жатыр ма?



Кінәлі КІМ?

Әлеуметтік желілерде эпидемиядан сақтану шаралары туралы медициналық кеңестерге қарағанда әлемді әбігерге салған коронавирустың таралуының себебі мен кінәліні іздеп түрлі жорамал жасалған ақпарат көп.


Коронавирустың таралуы 2019 жылдың желтоқсан айында Қытайдың Ухань қаласынан бастау алды. Осы індеттен зардап шегіп жатқан елдер Қытайды кінәлауда. Қытай ғалымдарының Тибет таулы қыратындағы мұздақтан 15 жылдан бері сақталған 28 вирусты тауып, лабораторияда зерттеу барысында жіберілген қателіктерден тарағанын жорамалдаған шетелдік дереккөздер бар. Соның бірі Nature.com журналы 2017 жылы 22 ақпанда Уханьдағы биолаборатория туралы мақала жариялап, вирустың осы лаборториядан тарауы мүмкін деп болжам жасайды. Қытай елі болса Уханьға эпидемияны америкалық сарбаздар алып келгеніне сенімді. Олар АҚШ-ты айыптап отыр.


Қазақстанға ше, вирус қайдан келді? Коранвирус жұқтырудың алғашқы деректері Алматыда 13 наурызда тіркелді. Ауру белгісі анықталған екі азамат Германиядан ұшып келсе, біреуі Италиядан оралған. Соңғы дерек бойынша Египеттен саяхаттан келген екі қазақстандық азамат коронавирус тасымалдаушысы ретінде карантинге алынды. Қазір елімізде шетелден вирусты алып келіп жатқандарды кінәлап жатқан халық көп.


Егер айыптаушылардың қатарында сіз де болсаңыз, доғарыңыз. Неге?

  1. Одан сізге не пайда? Ешқандай! Біреуді кінәлағаннан не өзгереді? Ешнәрсе! Тек энергияңызды босқа шығындайсыз. Ал сізге дәл қазір энергия өте қажет.


2. Қазір сізге не маңызды? Коронавирусты таратушыны табу, айыптау ма, әлде ауруды жұқтырмау ма? Ойлап көріңізші, егер сіз коронавирусты жұқтырып алсаңыз не болады? Отбасыңыздағы басқа адамдарға, туған-туысыңызға жұқтырып әбігерге саласыз. Қытайды кінәлап жатқандай туған-туысыңыз сізді айыптайды. Егер олардың арасында иммунитеті нашарлары көз жұмса, өмір бойы кінәлі боп өтесіз. Әрине Алла сақтасын дейік. Десек те «сақтанғанды сақтайды» дегенді есте ұстап, аурудан қорғануды, сақтық шараларын орындауды, карантин ережесін бұзбауды ойлаңыз.



1-КЕҢЕС: Кінәламаңыз, кінәлі болудан сақтаныңыз!

Психологтар адам кінәлауды, кінәліні іздеуді тоқтатқанда ғана ақылды қадам жасай алатынын айтады. Мысалы, үйден шығайын деп жатыр едіңіз, жаңбыр құя жөнелді. Аспан, табиғат, бұлт, көктем мезгілі, Жаратушы - қайсысын кінәлайсыз? Кінәлау ойыңызға кіріп-шықпайды да, жаңбырдан қорғану үшін қолшатырды алуды ғана ойлайсыз. Солай ғой, ендеше карантин аяқталғанша аурудан қорғайтын «қолшатырыңызды» тастамаңыз.



НЕ болады?

Кез келген дағдарыстың зардабы болмай қоймайтыны белгілі. Алаңдаулы халықты әлеуметтік желілерде вирустан да жылдам тарап жатқан түрлі видеолар одан сайын үрейлендіре түсуде.

Сізді де үрей билеп алған ба? «...мүмкін» деген болжамдарға, вацап арқылы келген әрбір ақпаратқа, видеоға сенбеңіз және телефоныңызға келген видеоның бәрін тарата бермеңіз. «Карантин әлі қанша уақытқа созылады?», «Әлемді не күтіп тұр? Қазақстанды ше?» деген сұрақпен өзіңізді, өзгелерді де мазаламас бұрын болып жатқан жағдайға өз көзіңізбен қарап, өз түсінігіңізбен пайымдап көріңіз.


  1. Біріншіден, эпидемия дауылдың немесе жаңбырдың қашан тоқтайтынын болжайтындай ауа райы емес.
  2. Екіншіден, коронавирус – жаңа вирус, онымен біздің ғана емес, әлем дәрігерлері де енді танысып жатыр. Сондықтан не болатынын, вирус әлі қанша адамның жанын жалмайтынын, пандемияның қанша уақытқа созылатынын болжағыштар көп болғанымен ешкім нақты айта алмайды.
  3. Үшіншіден, коронавирусты тарихтағы басқа індеттермен, ал Қазақстандағы ауру жұқтырғандардың күйі не болатынын Италиядағы немесе Қытайдағы аурулар жағдайымен салыстыруға болмайды. Сіздің денсаулығыңыз бен көршіңіздікі бірдей емес. Сол сияқты әр елдің өмір сүру салты, тамақтану дәстүрі, экологиясы әр түрлі.



2-КЕҢЕС: Сұрақты ең алдымен өзіңізге қойыңыз!

Әр ел басшысы қазір тек өз мемлекетін, өз халқын аман алып қалуды, қорғауды ғана ойлап жатыр. Медицина қызметкерлері күні-түні карантиндегі адамдарды қадағалап қызмет етуде. Қала, облыс, аудан басшылары халықты аш қалдырмаудың амалдарын қарастыруда. Ал сіз бір үйдің бас иесісіз, үлкенісіз. Сіз де қазір өз отбасыңызды аурудан қорғауды ойлаңыз.

«Төтенше жағдай созылса елде не болады?» деп емес, «Менің отбасымның жағдайы не болады? Мен отбасым үшін не істей аламын?» деп бас қатырыңыз. Сіздің отбасыңызда 17 миллион емес, 4-5 жан ғана. Отбасыңыздың президенті ретінде сіз де үйіңіздегі өз «халқыңыздың» қамын ойлап, оларды күнделікті ас-сумен қамтамасыз етудің жолдарын іздеп, әрекет етіңіз.



Психологтар кез келген мәселеге тап болғанда адам сұрақты өзіне қойғанда ол жауапкершілікті сезінеді дейді. Ал мәселеден шығуда жауапкершілік өте қажет.


Әркім өз міндетіне жауапкершілікпен қарауы керек. Яғни, дәрігерлер «Қолыңды жу, антисептик пайдалан, маска киіп жүр» деп кеңес берсе, полиция қызметкерлері төтенше жағдайдағы тәртіпті бақылауда. Мұғалімдер қашықтықтан оқытып, балалардың білімімен айналысуда... Ал сіздің МІНДЕТіңіз – ІНДЕТТІ ТАРАТПАУ, яғни үйден шықпау, сақтық шараларын орындау.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Карантинде осы 5 мүмкіндікті жіберіп алмаңыз


ГҮЛ арқылы да ӘЙЕЛді тануға болады (тест)