​Мақсатқа жету үшін бұл ЕКЕУІ міндетті түрде ҚАЖЕТ

0
2 634

Танымал адамдарды жетістікке жеткізген де осы екеуі


​Мақсатқа жету үшін бұл ЕКЕУІ міндетті түрде ҚАЖЕТ

фото: polsov.com


Мақсатсыз адам жоқ. Әркімнің өз ойлау дәрежесіне, қалауына қарай мақсаты болады. Сіздің де өз мақсатыңыз бар. Оған жету үшін не істеп жатырсыз?

Әрине сіз стратегиялық жоспар құрып жатқан боларсыз. Небір тренингтерге қатысып, талай кітапты да оқып жатқан шығарсыз. Дұрыс-ақ, алайда психологтар тәртіп пен табандылық болмайынша, бәрі бекер дейді.



ТӘРТІП

Мақсатыңыз айқын. Енді оған барар жолды белгілі бір тәртіппен жүйелеуіңіз керек. Осы тәртіпті бұзбай, күнде уақыт арнап отырсаңыз, алға жылжи бересіз. Есте ұстаңыз, мақсатыңызға жеткенше қатаң тәртіп бұзылмауы керек.

Қатаң тәртіп десе, сарбаздардың әскери өмірі елестейді: қаламаса да күнде ерте тұру, жүгіру, оқу-жаттығулары т.б. Мақсатыңызға жетем десеңіз, сіз де жоспарыңызға сәйкес күнде оны орындауыңыз қажет.

Осы орайда американдық бизнес-тренер, «Өзіңнің жақсы нұсқаң бол» деп аталатын кітабымен әлемге танымал Дэн Вальдшмиттің тәжірибесін мысал етуге болады. Дэн Вальдшмит тәртіп деп – белгілі бір нәрсені күнде қайталауды, жаттығуды айтады.

Дэн Вальдшмит кішкентай кезінде ағасының фортепианода ойнайтынына қызығып, ол эуфониум аспабында ойнауды үйренген. Д. Вальдшмит көршілерінің тыныштығын бұзбау үшін жертөлеге түсіп, сонда жаттыққан екен. Ол бұл туралы «Талғанша жаттығатынмын. 2-3 минут дамылдап, ары қарай жалғастыратынмын. Бұған күніне міндетті түрде екі сағат арнайтын едім» деп еске алады.

Нәтижесінде кішкентай Д. Вальдшмит оқушылардан құралған ұлттық музыкалық конкурстың қатысушысы атанады. Оның айтуынша, тума талант болмаған, тек тәртіппен құрылған жоспар бойынша жаттығудың арқасында мақсатына жеткен.

Эуфониум аспабында шебер ойнауды үйренгеннен кейін ол «күнде белгілі бір уақыт пен қайталау тәртібі арқылы бәрін үйренуге болатынын» тағы да сынап көрмек болады. Бұл жолы фортепианоны үйренгісі келеді. Күнде бір сағат уақытын арнайды. Бірнеше айда ол фортепианоны үйреніп қана қоймай, музыканы жан-тәнімен сүйе бастағанын сезеді. Енді ол осы арқылы жетістікке жетуді ойлайды. Анасына «Мен келесі жылы мемлекеттік классикалық музыка конкурсына қатысам» дейді. Анасы қарсы болмайды, бірақ Д. Вальдшмит оның көзінен «Конкурстан орын алу оңай емес қой, бұл сенің қолыңнан келе ме екен» дегенді оқиды.

Д. Вальдшмит анасына өзін дәлелдеу үшін мектептен келген соң, демалыс күндері, күнде кешке фортепианода отыратын еді. Бірнеше айдан соң Д. Вальдшмиттің есімі конкурсқа қатысушылар қатарында аталады. Ол «Жүз рет қайталаған музыканы ойнап шығу оңай болды. Конкурстың соңында жеңімпаз атанғанымды естігенде көзімнен еріксіз жас ақты. Бұл мен үшін өмірлік тәжірибе болды, үлкен сабақты ұқтырды. Жоспарлы тәртіп арқылы кез келген мақсатқа жете алатынымды түсіндім» дейді.

Тәртіп пен күш-жігер міндетті түрде көздеген мақсатыңызға жеткізеді. Тек мақсатқа қарай алғашқы қадамды бастасаңыз болғаны. Бастаңыз және күнде оған белгілі бір уақытты арнаңыз.



ТАБАНДЫЛЫҚ

Тәртіппен жұмыс істеуді бастаған соң табандылық қажет болады. Белгілі бір тәртіппен күнде қайталау немесе жоспар бойынша жұмыс істеу табандылықтың арқасында жүзеге асады.

Д. Вальдшмитте табандылық болмаса, ол сахнаға шыға алмас еді. Дайындыққа мыңдаған сағатын арнағандықтан ол конкурста жеңімпаз атанды. Ал дайындыққа күнде бірнеше ай белгілі бір уақытты арнап, қайталау – табандылық.

Әрине Д. Вальдшмит сияқты мақсатына табанды болу оңай емес. Бірақ Д. Вальдшмит табандылыққа дағдылануға, үйренуге болады дейді. Ол үшін алдымен алты апта талмай тәртіппен жұмыс істеу керек екен. Осы уақыт аралығында алғашқы нәтиже көрінеді де адам мақсатқа жету жолында тоқтамау керек екенін түсінеді.

Д. Вальдшмиттің тәжірибесі бойынша белгілі бір тәртіппен алға қадам жасау үшін көп еңбек қажет. Тер төгесіз, шаршап шалдығасыз. «Қажет емес» деп арманыңыздан бас тартқыңыз келеді, тоқтағыңыз келеді. Бірақ сіз тоқтамаңыз, әрекет ете беріңіз.

Міне, бұл – табандылық деп аталады. Ал табандылық міндетті түрде діттеген мақсатқа жеткізбей қоймайды.

Дайындаған: Жазира Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Үздік баланы ҚАЛАЙ тәрбиелеу керек?


Баланың ӨТІРІК айтуын ҚАЛАЙ қойдыруға болады?