​НЕГЕ балаға бұл сұрақтарды қою маңызды?

0
2 342

Осы бес сұрақ баланың ойлау жүйесін дамытып қана қоймайды...


​НЕГЕ балаға бұл сұрақтарды қою маңызды?

фото: thehealthjournals.com

Әлеуметтік желідегі психологтардың парақшаларын парақтасаңыз, комментарийден «Өзімді таппай жүрмін», «Басқа біреудің өмірін сүріп жатқан сияқтымын», «Жасым 40-қа келсе де өзіме нақты не керек екенін білмеймін», «Өзімнің артық тұстарымды қалай анықтасам болады?» деген оқырман сұрақтарын оқуға болады. Өте көп.

Демек, өмірдегі өз орнын, өз жолын таппай жүрген адам көп. Бұл ойландырарлық жағдай. Әсіресе, ұл-қыз өсіріп, тәрбиелеп отырған ата-аналарды толғандырады.


Ал психологтар өзіне не керек екенін, ненің ұнайтынын білетін адам адаспайды және көздегенін алып, мақсаттарына жылдам жете алады дейді.

Әрине, адам ойлану арқылы, өткені мен бүгінін таразылау бойынша әр нәрсемен айналысып көріп өзіне не қажеттігін, өзінің артықшылықтары мен кемшіліктерін біле алады.

Бұл тұрғыда психологтар ата-ана баласына жоғары сыныпқа өткеннен бастап мынандай сұрақтар қоюы керектігін айтады.



1. Қай мінезің өзіңе ұнамайды?

Бұл сұрақ баланың өз бойындағы жақсы мен жаманды ажырата білуіне көмектеседі. Өз мінезін саралап үйренген бала жағымсыз мінезімен, әдеттерімен жұмыс істеуді ертерек бастайды.

Көп адам өзгені мінегенге ұста болғанымен, өзі туралы сынды көтере алмайды. Ашуланып, мінін айтқан адамның кемшіліктерін тізіп ұрысып шыға келеді. Ал даналарымыз «Мін түзелмей сын түзелмейді» деген.

Бала есейгенде өзінің ұнамсыз мінез-құлқы туралы өзгеден естігенше, оны өзі алдын ала зерделеп білсе соншалықты ашуланбайды. Керісінше, сынды дұрыс қабылдап, жаман мінезімен, қылықтарымен күресіп отырады.



2. Немен айналысқанда шабыт аласың?

Бала біртіндеп жеке тұлға боп қалыптаса бастайды. Ол жоғары сыныпқа өткенде мамандықты мінез-құлқына, қабілеттеріне сай таңдаса қателеспейді. Бұл үшін ересек бала қай салада жұмыс істегенде өсе алатынын да ойлауы керек. Ал бұл орайда жоғары сынып оқушысының сүйікті ісі, яғни хоббиі болуы тиіс.

Әрине, балалар арасында қандай іспен айналысқанда өзін бақытты сезінетінін ойлайтындары аз. Сондықтан ата-ана тарапынан оны бұл жөнінде ойлануға әрекет жасалуы қажет.

Кім болғың келеді? Үйдегі, ауладағы қай іспен айналысу саған ұнайды? Осы секілді сұрақтар арқылы бала өзіне ұнамды істі, хоббиді табады. Сондай-ақ қай пәнге уақытты көбірек арнауды және қай үйірмеге бару дұрыс екенін түсінеді.



3. Қай досыңнан қай нәрсені үйренуге болады деп ойлайсың?

Бұл сауал баланы дос таңдауға, жақсыға жақын, ал жаманнан алыс жүруге үйретеді. Одан бөлек, адамның жақсы жағын да көре білу даналығына жетелейді.

Психологтардың пайымдауынша, осы тектес сұрақтар баланы өзін достарымен, сыныптастарымен салыстыруға, өзін-өзі дамытуға, өзгеден озуға, қатарластарының алды болуға ұмтылысқа иетермелейді екен.



4. Өміріңдегі қай оқиға, қай сәт ерекше есіңде қалған?

Бұл сұраққа жауап бере отырып бала өмірдің әртүрлі сәтін есіне түсіреді. Сол арқылы ол өмір тек қуаныштан тұрмайтынын, әр түрлі сәт болатынын түсіне бастайды. Өткен шағына көз жүгірту, өміріне шолу жасау баланы қуаныш пен қиын шақты таразыға салып әр жағдайға баға беруге баулиды. Сонымен қатар ересек баланы алдағы қиындықтарға психологиялық тұрғыда дайындайды екен.



5. Сенің ойыңша, қай пән немесе қай оқиға сенің алдағы өміріңе пайдасын тигізеді?

Өмір – тәжірибе жинаудан тұрады. Ал тәжірибе қиындықты жеңу арқылы жеңістің дәмін сезуден, қателік жасап одан сабақ алудан жиналады. Бұны әр адам жас кезде-ақ біліп түсінуі қажет. Сонда әрбір жағдайдан сабақ алып, екінші рет қателеспейді. Ал қателескен жағдайда оны өмірлік сабақөтың бірі ретінде қабылдайды.

Міне, осы сияқты баланы ойлануға үйрететін сұрақ көп. Жалпы кез келген сұрақ баланың ойлау жүйесін дамытады. Тек сұраққа жылдам жауап алуға және баланың орнына өзіңіз жауап беруге асықпаңыз. Балаға ойлануға, ойын қорытып айтуға мүмкіндік беріңіз. Сондай-ақ жауап бере алмаса ұрыспаңыз, бірер күннен соң сұрақты түрлендіріп қойып көріңіз.

Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Өзіңді СҮЮ арқылы өміріңді өзгерт


Мұндай ӘЙЕЛ еркектерге ұнамайды