​Сыныптастармен кездесу маған көп нәрсе үйретті, сізге ше?

0
11 301

Кездесуден қандай ой түйдіңіз, әлде, мейрамханадағы ішіп-жегеніңіз ғана есіңізде қалды ма? Сыныптастардың келесі кездесуіне дейін мынадай-мынадай тірліктерімді бітіремін деп өзіңізге сөз бердіңіз бе?


​Сыныптастармен кездесу маған көп нәрсе үйретті, сізге ше?

25 мамыр. Ұзақ жылдан бері көрмеген сыныптастармен қауыштық. Ал, сіз ше, сыныптастарыңызбен кездесуге бардыңыз ба? Кездесуден қандай ой түйдіңіз, әлде, мейрамханадағы ішіп-жегеніңіз ғана есіңізде қалды ма? Сыныптастардың келесі кездесуіне дейін мынадай-мынадай тірліктерімді бітіремін деп өзіңізге сөз бердіңіз бе? Мен сияқты, оны орындау жолында шаршамаймын деп шештіңіз бе? Сыныптастарыңызбен өзіңізді салыстырдыңыз ба? Олардың жеткен жетістіктеріне сіз де жетуге ұмтылдыңыз ба?

25 жылдық кездесуіміз болды. Ертеңінен бастап-ақ қалада, жақын маңда тұратын сыныптас қыздар күн құрғатпай кезек-кезек үйлеріне қонаққа шақыра бастады. 25 жылдық кездесуге келгенде барлық қыз маған төрт құбыласы тең боп көрініп еді. Ал, шаңырағына барып, жақынырақ сөйлескенде көбісінің өмірі «бақытты» деген сөзден өте алыста жатқанын білдім. Мысалы...

СӘЛИМА

Сұлу да сымбатты сыныптасым. Мектептегі жоғары сынып жігіттерінің көз құртына айналған ару еді ол. Көп жігіттің арманы болған сыныптасымның күйеуінің басқаға кетіп қалғанын естігенде сенгім келмеді. Оның ажырасып кеткеніне бірталай жыл боп қалыпты.

«Ата-енесінің, қайын іні-қайын сіңлілерінің бәрінің көңілінен шыққан келіншек күйеуіне қалай жақпай қалды?» дедік іштей. Шын себебін басқа құрбыларым сол күйі біле алмай кетті. Ал маған өзі айтып берді.

Күйеуі екеуінің төсекте табысуға үйдегі жағдайдың келмегенін айтты. Екі бөлмелі үйдің бір бөлмесінде ата-енесі мен қайын інілері, бір бөлмесінде бұлар жатады екен. Екі бөлменің ортасында есік те жоқ. Сонда да күйеуі түнде бұны оятып, тән жақындастығына икемдемек болады екен. Ал, бұл үйіндегі басқа адамдардан ұялып күйеуін кері итеріп тастай береді. Әйтеуір екі-үш айда бір рет орайын тауып қосылып жүріп, екі балалы боп үлгереді. Соңында күйеуі басқа келіншекке біржолата кетіп қалыпты.

Мектепте оқып жүргенде «Шіркін, Сәлимадай сұлу болсам ғой» дегенді талай қыздың аузынан естігенмін. Өкінішке орай, хас сұлулықтың да бақыт сыйлай алмағанына көз жеткіздім.

Ажырасқан соң ата-анасы бір орыстың ескі времянкасын сатып әперіпті. Сол үйдің қасынан үлкен етіп жаңа үй тұрғызған. Кең сарайдай үйі мен оның ішіндегі жиһаздарды көргенімде «Бойдақ келіншекке қаржылай көмектесетін біреу бар-ау?!» деген ой санамда жүгіріп өтті. Жоқ, келте ойлаппын. Сыныптасым үйді 9 жыл бойы соғыпты. «Мұндай үлкен үйді қайтесің, қызың күйеуге кетеді, балаң екеуіңе ортаңқол үй де жетеді ғой» дегендерді тыңдамадым. Әр жылы шамалап-шамалап істей берсең, бітпейтін шаруа жоқ екен» дейді Сәлима.

Ұлы қазір студент, қызы тұрмыста. Бар-жоғы 42 жастағы сұлу сыныптасымның жалғыз өзі қалғаны өкінішті. Әрине, ұл-қызы бар ғой, сонда да, қасында ер-азаматы болғанға не жетсін?!

ЖАНАР

Сыныптағы ең озат қыздардың бірі. Күйеуге бірінші курсты аяқтамай жатып-ақ шыққанын естігенде, «Неге асықты екен?» дегенмін. Сөйтсем, оқушы кезінде ата-анасы үйінен шығармай қатаң бақылауда болған қыз оқуға түсіп, үйінен ұзаған соң сөз жарастырған жігітінен аяғы ауырлап қалыпты. Амал жоқ күйеуге ерте шығуға мәжбүр болады. Сонда да оқуын жалғастырып, балаларын әркімге бақтырып жүріп диплом алады. Бұл осылай шапқылап жүргенде күйеуі өзінің туған інісінің әйелімен байланысып, екі жанұя да ажырасқан. Жанар одан кейін өмірін тек оқуға арнапты.

Қазір білдей дәрігер, білікті гинеколог. Тек некеде ғана жолы болмады демесең, тұрмыс жағдайы, балалары, үйі, қызметі, көлігі, бәрі-бәрі жұрт қызығарлықтай.

АЙМАН

Сыныптағы ең пысық қыз еді. Күйеуі бизнесмен. Айман жұмыс істемейді, бала-шағамен үйде. Үй-жайы ең соңғы дизайнмен салынған, іші кірсең шыққысыз. «Шіркін, күйеуімнің табысы мол болса, мен де оның тапқанын жаратып, үйде балалармен отырар ма едім?!» деп армандап та үлгердім. Өзімнің үй мен жұмыс арасында қалай шапқылап жүргенім, тоқсандық есеп кезінде түннің бір уағына дейінгі жұмысым есіме түсті. Күйеуімді «Неге Айманның күйеуі сияқты пысық болмадың» деп сыртынан сықпыртып та алған жайым бар. Бірақ, Айман күйеуінің бөлек, екінші әйелімен бірге тұратынын айтқанда шоши қарадым.

Айманда 4 бала, тоқалында 2 бала. Бөлек-бөлек үй-жай. Айман тоқал алуға өзі келісім беріпті. Ол «Күйеуіме төсекте шыдас бере алмадым» дегенде аузым аңқиды. «Төсекте шыдас бере алмағаны несі? Сол да проблема ма?» дедім.

Түсінгенім, Айманның күйеуі түнімен тыныштық бермейтін еркек. Әйелдік міндетін орындағанына қанағат етпей түнімен түрткілей береді екен. Үйленгендеріне 10 жыл өткенде, тұрмыстары да жақсарып, ақша көбейеді. Күйеуінің қыдырысы да жиілейді. «Тоқал алам» деген кезде таң қалмадым да», - дейді Айман.

Айман шу шығармапты, жыламапты да. Тек бір ғана ұсынысын айтыпты. «Дүние-мүлік, үй, машинаны менің атыма жазасың. Аптаның екі күнін балаларыңның қасында өткізесің. Менің және сенің туысқандаң бөлек тұратыныңды білмеуі керек», - депті. Ол жағынан күйеуі еш қиындық тудырмаған. Ағайынның жиыны мен той-томалағына қасына тек Айманды ертіп барады екен. Қазір екі ұлын, күйеуге шыққан қызын да қаражатпен қамтамасыз етіп, барлық жағдайларын жасап отыр екен. Тоқалмен күйеуін бөліседі демесең, шіркін, баршылық-ай, Айманның бақуатты өміріне қатты қызықтым.

25 жылдық кездесуден кейін мен қалай өзгердім?

Қарап отырсам, сыныптас қыздардың көбісінің күйеуі жоқ. Бұл бір қалада тұратын қыздар. Ал, алыста тұратындарының үйіне барып, жақын сырласып көрмедім.

25 жылдық кездесу маған көп нәрсе үйретті. Әсіресе, күйеуім екеуміздің ерлі-зайыптық қатынасымыз жайлы көп ойланатын болдым. Айманның күйеуі секілді тоқал алып кетпесін деп қайда жүргенін көп қадағалап, төсекте көңілінен шығуға уақытты көбірек бөлетін болдым. Сұлу Сәлиманың күйеуі кетіп қалғандай, менің де күйеуім басқаға кетіп қалмасын деп, қазір жатын бөлмедегі тірлігіме үй шаруасындағы қиындықты, басқа да отбасылық мәселелердің бөгет болмауын ойлаймын. Күйеуімді күніне бірнеше рет құшақтаймын. Еркелеймін, еркелетемін.

Бір аптадан бері күйеуіммен болмашы нәрсеге бола ұрыса беретінім де сиреді. Бала-шаға жайлы шүйіркелесіп отырып әңгімелесетін болғанбыз. Бұрын үйге қыдырып келсе онша жақтыра бермейтін күйеуімнің туыстарын өзім қоңырау шалып қонаққа қайта-қайта шақырғыштап кеттім. Үй тазалығына да көп көңіл бөлетін боп жүрмін. Бұрын жұмыстан кеш келсем, онша-мұнша шаруаларым бітпей жатса, оларды ертеңге қалдырып ұйқыға жата салушы едім. Қазір ерінбей бар тірлігімді бітіріп барып жатамын. Жатар алдын үсті-басымды реттеп, ерінбей душқа түсіп, тісімді қайта-қайта жуамын. Бұрын күйеуім мерекеге иіссу сыйласа, ол міндетті түрде сіңлілеріме сыйға кететін, ал кеше өзім арнайы иісін таңдап жүріп қымбат иіссу сатып алдым. Күйеуімді басқа біреу әкетіп қалмасын дегендей түнде оны қатты құшақтап, өзім оның құшағына тығыла түсіп ұйықтайтын болғанмын.

25 жылдық кездесуден соң алдағы 10 жылға жоспар құрып, мақсат қойдым. Соның бірі – есік алдына мүмкіндігінше заманға сай үлкен үй салу. Даяр тұрған ақшам болмаса да, Сәлима ұқсап он шақты жылда бітірермін деп қоям. Сәлима үйді жалғыз өзі соқса, менің күйеуім бар ғой, бес-алты жылда бітіріп қалармыз деген үмітім бар. Қызметімде маған бөлім меңгерушілігін бірнеше рет ұсынса да, жауапкершілігі мол, жұмысым да көбейеді деп қашқалақтап жүрген едім. Сыныптастармен кездесуден кейін «Басқалар үй де салып, жалғыз өзі ұл-қыздарын ешкімнен кем етпей өсіріп, көлікті де жүргізіп, лауазымды қызметіне үлгеріп жүргенде неге мен ұсынылған жұмыстан қаша берем?» деп ойландым. Бойымда батылдық пайда болып, бастыққа кіріп, бөлім меңгерушілігінің қызметіне дайын екенімді айттым.

25 жылдық кездесу маған осылай көп нәрсені үйретіп, мені өзгертті. Өзімді қазір мүлде басқа адамдай сезінемін. Ал, сіз ше, сыныптастар кездесуінен қандай ой түйіп қайттыңыз? Сыныптастардың келесі кездесуіне дейін қандай жоспар құрдыңыз? Айта отырыңыз, басқа әйелдерге сіздің айтқаныңыз ой салсын.

Бұл менімен Шымкент-Астана пойызында сапарлас болған Күләштің әңгімесі.

Мерей Тұран.