Бұл әдіс 11 сынып оқушыларына мектепте өтетін қорытынды емтиханда да көмектеседі. Студенттер де әр емтиханда қолданса, 100 пайыз жәрдемдеседі!
Міне-міне, соңғы қоңыраудың да сыңғырлайтын уақыты жақындап қалды. 11 сынып бітірушілері ҰБТ-ға қызу дайындық үстінде. Дайындық қалай жүріп жатыр, бітіруші түлек?
Оқу жылы басталғалы мұғалімдер жоғары оқу орнына түсуге арналған іріктеу емтиханына қалай дайындалу керектігін айтып келе жатса керек?! Жалпы, кез келген нәрседе ұстаздың айтқанын бұлжытпай орындаған адам міндетті түрде жетістікке жетеді. Бұл 100 пайыз жұмыс істейді! Ал, бітіруші түлек, сіз мұғалімнің айтқанын орындап жүрсіз бе?
Өте дұрыс! Енді сонымен қатар, аффирмацияларды қайталау мен жоғары балл жинағаныңызды ойша елестету жаттығуын да күн тәртібіне енгізіңіз.
АФФИРМАЦИЯ ДЕГЕН НЕ?
Аффирмация – латын сөзінен аударғанда «растау» деген мағынаны білдіреді. Яғни, күнделікті қайталау арқылы адамның санасына жаңа бағдарлама орнату десек түсінікті болар. Бұл қалауыңызды қажетті энергиямен қуаттау. Сонымен бірге, аффирмация өзіңізге деген сенімділікті арттырады.
Интернет желісіне кіріп, «аффирмация» деп жазыңызшы, табыс пен білімді арттыруға, денсаулықты жақсартуға, жетістікке жетуге, тұрмысқа шығуға, балалы болуға, тіпті арықтауға да арналған аффирмациялардың мыңдаған түрін табасыз. Әрине, емтиханды сәтті тапсыруға арналған да аффирмациялар бар.
Бұл кейбіреулер ойлайтындай ертегі емес, нақты өмір тәжірибесі арқылы әбден сыналып, көз жеткізілген шындық. Бұл туралы көреген, дана ата-бабамыз бұдан бірнеше ғасыр бұрын-ақ «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бір ауыз сөзбен түсіндіріп кеткен.
Аффирмацияларды кітаптары бірнеше тілге аударылып, бүкіл елге есімі белгілі болған миллиардердер – Джон Кэхо, Луиза Хэй, Брайан Трейси, Трамп Дональд, Наполеон Хилл... бәрі-бәрі күнделікті қолданған. Интернеттен кітаптарын тауып оқыңызшы, міндетті түрде аффирмацияларды кездестіресіз.
Тіпті, алысқа бармай-ақ қояйық, өз еліміздегі көпке танымал қазақ психолог-коучтары да тренинг сабақтарында аффирмацияларға баса назар аудартады. Ал, белгілі айтыскер Айнұр Тұрсынбаева инстаграм парақшасында әр күнге арналған аффирмацияларды салып жүр.
АФФИРМАЦИЯНЫ ҚАЛАЙ АЙТУ КЕРЕК?
Рак ауруын аффирмациялардың көмегімен «емдеген» психолог Луиза Хэй өзінің кітаптарының бірінде «Дауыстап айтылған сөздің құдіреті керемет. Өмірден не қалайтыныңызды күнделікті дауыстап айтып, нақ сол қалауыңызға ие болып қалғандай жариялаңыз» дейді. Сонымен қатар, ол «Солай болса екен», «Керек» деген сөздерді айтпа» деп ескертеді.
Мысалы, «Мен ҰБТ-дан 140 балл жинасам екен» демеңіз, бұл қате. «Мен ҰБТ-дан 140 балл жинадым, алақай!» деп айтуыңыз керек.
Осы тұста тағы бір мысал келтіре кетейін, «Мен ата-анамның үмітін ақтап, ҰБТ-дан жоғары балл жинайыншы» деуге де болмайды. «Жоғары балл» деген сөзді нақты (санмен) айтуыңыз қажет. Сондай-ақ, келер шақта емес, өткен шақтада емес, осы шақта, қалауыңыз орындалып қойғандай айтуыңыз керек. Яғни, «Мен ата-анамның үмітін ақтап, Ұлттық бірыңғай тестілеуден 130 балл жинадым, өміріме ризамын!» деп қуаныңыз.
ЕСТЕ САҚТАҢЫЗ: Аффирмацияларды осы шақта, дауыстап (орындалып қойғандай) және қуанып, эмоциямен айтыңыз!
Сонымен, бітіруші түлек, ҰБТ-да жоғары балл жинауға көмектесетін аффирмацияларды әр күні ұйқыдан ояна салысымен дауыстап айтуды әдетке айналдырыңыз. Шамамен 10 аффирмацияны қағазға жазып іліп қойсаңыз да болады. Ұйқыдан тұрғаннан соң ұялы телефоныңызды тексеруге емес, аффирмацияларды қайталап айтуға асығуыңыз керек!
Мысал ретінде бірқатар аффирмацияны ұсынып отырмын. Әркім өз қалауына қарай өз аффирмациясын жазып алуына болады.
- «Мен сандарды, ақпараттарды мен оңай жаттап алып жүрмін!»
- «Менің есте сақтау қабілетім өте жақсы!»
- «Мен ұлттық бірыңғай тест тапсырмаларын оңай қабылдап жатырмын!»
- «ҰБТ емтиханында мен білетін тесттер келді, мен жолы болғыш адаммын!»
- «Мен ҰБТ емтиханынан 140 балл (әркім өзіне керек балл санын айтуы қажет) жинадым. Қуаныштымын! Жолым болды!»
- «Менің білуім тиістің бәрі мен үшін ашық!»
- «Менің миым тест тапсырмаларының жауабын жылдам жаттап алуда»
- «Мен жеңімпазбын!»
- «Мен өзімді өте жақсы көремін!»
Осындай аффирмацияларды айтып жатқанда санаңызда «қайдам, мектептегі дайындық кезінде аз балл жинаған едім...», «дайындығым аз, қалай болар екен?..» деген секілді күмәнді ой, қорқыныш, сенімсіздік пайда бола қалса, басынан қайталап айтыңыз.
Сенімді түрде дауыстап айтсаңыз болды, қалғаны автоматты түрде жүзеге асады. Адамның миын, түйсігін ұзақ жыл зерттеген Джон Кехо айтпақшы, «Бұл үшін ақшаның немесе ерекше дарынға ие болудың қажеті жоқ. Сізден шамалы уақытыңызды арнап, қалауыңызды күш-қуатпен (аффирмация) қамтамасыз ету талап етіледі, нәтижесінде, сіздің мақсатыңыз шынайылыққа айналады».
Оншақты аффирмацияны күнде таңертең және ҰБТ-ға дайындықты бастар алдында, әр күнгі дайындықтан соң дауыстап бір рет қайталаңыз. Егер, аффирмацияларды ұялы телефоныңызға өз дауысыңызбен жазып, музыканың орнына тыңдап жүрсеңіз, тіптен жақсы.
Тағы да қайталап айтамын: Әр күніңіз аффирмация айтумен басталуы қажет!
АЛ, ҰЙЫҚТАРДА...
Ал, ұйықтарда міндетті түрде «Ойша елестету» жаттығуын жасаңыз. Қиын емес.
Бөлменің жарығын сөндіріп, басыңызды жастыққа қойып, көзіңізді жұмып, елестетіңіз: ҰБТ тапсыруға аудиторияға кірдіңіз. Емтихан басталды. Тест тапсырмаларын көзбен бір шолып шықтыңыз, бәрі сіз білетін сұрақтар. Жаттап алған, оңай сұрақтар келгеніне қатты қуандыңыз да орындауға кірістіңіз... Тест нәтижесін көрдіңіз, 125 балл (өзіңізге керек балл саны)! Еріксіз айқайлап алақайладыңыз.
Осыны көз алдыңызға елестетіңіз. Бұл жағдай болып қойғандай елестете білгеніңіз жөн. Ата-анаңыздың қуанып, мұғаліміңіздің, достарыңызды сізді құттықтап жатқанын елестетсеңіз де болады.
МЫСАЛ: Мультимиллионер, киножұлдыз, культурист, «Әлем Мистері» атағын бес рет иеленуші – Арнольд Шварцнеггер журналистерге берген сұхбаттарының бірінде «Кішкентай бала кезімде мен ойша өзімнің қандай адам болғым келетінімді елестететінмін. «Әлем Мистері» атағын маған алғаш рет бергенге дейін, осы сайыста бірнеше рет өзімді жеңімпаз ретінде елестеткенмін. Иә, мен алдымен ойша осы атақты бірнеше рет иеленгендім. Расында, бас жүлде менікі болды» деп жауап берген.
Джон Кехо «Подсознание может все» атты кітабында «ойша елестетуге» байланысты мынандай мысал келтіреді:
«...Брайан Эдвард өмірді сақтандырумен айналысады. Ол күнде ұйықтар алдында ертеңгі күнгі болатын кездесулерді ойша елестетеді. Әр клиентпен қалай кездескенін, клиенттердің келісімшартқа қол қойғанын ойша суреттейді. Брайан ұйықтар алдында және таңертең оянғанда 10 минут уақытын осылай ойша елестетуге арнайды. Жалпы, бір күнде 20 минут уақытын бөледі. Осының нәтижесінде Брайан Эдвардс көптеген сақтандыру агенттері жарты жылда жасайтын сақтандыру полистерін бір күн ішінде жасай алды...»
Небәрі 5 минуттық бұл ой жаттығуы сізді студент атандырады. Бар болғаны – бүгіннен бастап ұйықтар алдында 5 минут ойша елестету жаттығуын жасап, таңертең 5 минут аффирмацияларды қайталайсыз.
Тым болмаса бұны бір апта сынап көріңіз. Жеті күн ішінде-ақ тест тапсырмаларын бұрынғыға қарағанда әлдеқайда оңай орындап, ақпараттарды жеңіл жаттап жатқаныңызды аңғарасыз.
Іске сәт, ҰБТ жеңімпазы!
(суреттер ашық дереккөздерден алынды)
Жазира СМАҒҰЛОВА,
Тағы да оқыңыз:
"Күйеуім досының әйелімен салыстыра береді"