Үй тірлігі, бала-шағаның бабын жасау ғана емес, демалыс та адамды шаршатады. Әйеліңіз өз өмірін өзгенікімен салыстырып «анау жетпейді, мынау жетпейді» деп ызыңдай берсе, «шаршап кеттім бәрінен...» десе, оған демалыс беріңіз.
- Үй тірлігі, бала-шағаның бабын жасау ғана емес, демалыс та адамды шаршатады. Әйеліңіз өз өмірін өзгенікімен салыстырып «анау жетпейді, мынау жетпейді» деп ызыңдай берсе, «шаршап кеттім бәрінен...» десе, оған демалыс беріңіз. Меніңше, әйелдің «шаршатты» деген қиындықтары өмiрiнiң негізгі мәнi, мағынасы екенiн түсiнуіне 7-ақ күн жетеді. Иә, 7 күн демалыс!
Бұлай деуіме құрбымның әңгімесі негіз болып отыр. «Бұрын бойдақ қыздардың өмiрiне қызықсам, 7 күндiк демалыстан кейiн мен өзiме ұнайтын әйел болу, ана болу бақытын ешнәрсеге айырбастай алмайтынымды бiлдiм», - дейді құрбым.
Құрбымның сөзін қаз-қалпында келтірейінші. Ол бүй дейді:
«...Бос уақыты көп, қашанда макияжда, сымбаты сымдай тартылып жүретін бойдақ көршімнің өмiрiне қызығатынмын. Ол демалыс күндерi мiндеттi түрде моншада үш сағат уақытын өткiзедi. Массаж жасатады, маникюр т.б. Ұйқысы қанық болғандықтан да әрдайым сергек жүредi. Ал, мен ше? Демалыс күнi балаларымды шомылдырамын, киiмдерiн үтіктеймiн, тамақтандырамын. Өзiме уақыт арнауға шамам келмей талып ұйықтаймын. Таңертең амал жоқ жастықтан бас көтеремiн. Балалардың бiрiн мектепке, бiрiн балабақшаға жiберуге дайындауым керек. Күйеуiмнiң таңғы асын беруiм қажет. Қайталана беретін осындай шаруалардан шаршап кеткенімде өзіммен түйдей құрдас тұрмысқа шықпаған көрші қыздың өмірімен өзімдікін салыстырып, ызыңдай беретінмін.
«Қалағанымды кие алмадым, жарқырап жүре алмадым. Өз жасымнан ерте қартайып бара жатырмын. Бала туам деп, денсаулығымнан да, сымбатымнан да, уақытымнан да айырылыппын. Өзімді ойлауға уақытым жоқ!» деймін ғой сол.
Күйеуім құлағының тыныштығын ойлады ма, әлде өзін менің орныма қойып көрді ме бір күні «Келесі аптадан бастап саған 10 күн демалыс беремін» деді. «Әпке-сіңлілеріңе қыдырып баруға, төркініңде қонуға, құрбыларыңмен кездесуге, жалпы отбасылық тірліктерден тынығуыңа 10 күн жететін шығар?! Бірақ бір шартым бар: 10 күн балаларды көрмейсің және сөйлеспейсің. Маған да қоңырау шалмайсың, мен де сені мазаламаймын. Алаңсыз демалуың үшін осы шарт қажет» - деп, қолыма ақша ұстатты.
Балаларға қайынәпкем қарайтын болды. Сонымен, көршi қаладағы төркiнiме келдiм. Ата-анамның үйiнде аунап-қунап үш күн жаттым. Алаңсыз демалайын деп телефонымды сөндiрiп тастағанмын. Ағам мен жеңгем бар дәмдiсiн, тәттiсiн алдыма тосып бәйек боп жүр. Бұрын төркiнiме келе қалсам, бiр күн түнеген соң бала-шаға, жұмыс, шаруа деп, асығып кетiп қалатынмын. «Түу, адам ұқсап қыдыра да алмадым, демала да алмадым» деген өкiнiш iшiмде кететiн. Бұл жолы қалауымның бәрiн орындадым.
Келесi күнi Алматыдағы әпкем қонаққа шақырды. Әпкем менi түрiк саунасына ертiп барды. Бүкiл денеме массаж жасаттым. Тырнақтарымды боятып, шашымды қидырдым. Күнде кәуап, пицца, лаваш, балмұздақ, сусынның түр-түрi. Әпкем барлығын өзi төлеп жағдайымды жасап жүр. «Ұйықтап ал, кино көр, жиенiңмен саябаққа барып кел, спектакльге бар» деп, менi әбден еркелеттi.
Алматыда әбден қыдырдым. Шаш қыстырғышымнан бастап, аяқ киіміме дейін жаңаладым.
Сіңлім Тараз қаласында тұрады. Студенттік өмірім сол қалада өткен. Ол жерде де біраз күн боламын деп ойлағанмын. Күйеу балам мен сіңлім күтіп алып, жағдайымды жасады. Бірге оқыған группаластарыма хабарласып, олармен кездестім. Бiрақ, сенесің бе, қол жеткiзе алмай, уақыт таппай жүргендерiм бір аптаға жетпеу таусылып қалды. Қаншама жылдан берi қызығып жүргендерiмдi 7 күннiң iшiнде алып, аралап, барып көрдiм. Кәуапқа да қарай алмай қалдым. Адам демалудан да жалығады екен-ау. Отбасымды, балаларымды, олардың у-шуын, бiтпейтiн қат-қабат жұмысымды сағындым.
Күнде дәмдi ас, таза киiм, ыстық монша дайын тұр. Түсінгенім, мен жұмсақ төсекте тыныш жерде жатқаннан емес, күйеуiм мен балаларыма тамақ пiсiрiп, киiмдерiн жуып, үй тазалап, қонақ күтiп демалады екенмiн. Мен үшiн нағыз демалыс, керемет тынығу – үй тiрлiгiмен айналысу, тәттi пирог пiсiру, тамақ дайындау, балаларымның үй тапсырамасын орындауға көмектесу екен. Бұрын бойдақ қыздардың өмiрiне қызықсам, бір апталық демалыстан кейiн мен өзiме ұнайтын әйел болу, ана болу бақытын ешнәрсеге айырбастай алмайтынымды бiлдiм.
Мен жеті күн демалыста адам дәмдi асқа жарты сағатта-ақ тойып, оған беттей алмай қалатынын түсiндiм. Әсемдiк салонына да айына бiр рет барсаң жеткiлiктi екен. Бұның барлығының ләззаты сол мезетте-ақ басылып ұмытылады екен. Ал, ана болу бақыты балаларың ержетiп, бойжетiп есейiп кетсе де, сенен алыста жүрсе де ешқашан таусылмайды. Содан болса керек, мен 10 күнге жетпей-ақ отбасыма асықтым. Бір апталық демалыста мен осы күнге дейін «қиын», «шаршатты» деп жүргендерімнің нағыз бақыт сыйлайтынын ұқтым».
Құрбым осылай деді. Жеті күннің ішінде жеті жыл армандап, көксегендері қызықсыз боп қалғанын айтады.
Иә, «әйел – үйдің, еркек – түздің адамы», «әйелдің бақыты – үйінде». Бұны әу баста-ақ ата-бабамыз айтып, кітапқа жазып қалдырған. Дегенмен, әйелдің көпшілігі бақытының қасында екенін ұға бермес. Сондықтан да, егер әйеліңіз «түу, үй тірлігінен, бала қараудан шаршадым» дей берсе, оны 10 күн демалысқа жіберіңіз. «Іздеген бақытының бәрі өз үйінде» екенін ұқтыру үшін кейбір әйелдерге демалыстың шартын бұзбауды талап ету керек. (Ол шарт құрбымның әңгімесінде жазылған, қайтадан оқып шығыңыз).
Жазира СМАҒҰЛОВА
ERNUR.KZ