Жаңа Қазақстан - мызғымас бірлік мекені

0
396


Жаңа Қазақстан - мызғымас бірлік мекені

Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев референдумның қорытындысы бойынша бейнеүндеу жасады. Президент еліміз үшін осы бетбұрысты сәтте заңды құқықтарын пайдаланып, өздерінің ұстанымдарын айтқан бүкіл азаматқа ризашылығын білдірді.


«Кеше елімізде айрықша мәні бар тарихи оқиға болды. Мемлекетіміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Ата заңымызға ұсынылған өзгерістерді азаматтардың басым көпшілігі қолдады. Референдум жоғары деңгейде өтті. Мұны халықаралық және отандық байқаушылар да айтып жатыр. Конституциялық реформалар қоғамда қызу талқыланды. Дауыс беру барысы демократия талаптарына сай өтті. Ешқандай мәжбүрлік болған жоқ. Референдум нәтижесі саяси жаңғырудың анық символына айналды. Азаматтарымыз зор жауапкершілік танытты және отансүйгіштік қасиетін паш етті. Біз Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы бірлігіміз бекем екенін көрсеттік», - деді Мемлекет басшысы отандық телеарналар арқылы Қазақстан халқына арнаған үндеуінде.


Президент Конституциялық түзетулер мемлекеттігіміздің тұғырнамасын түбегейлі өзгертетінін, бүкіл қоғамның дамуына тың серпін беретінін баса айтты.


«Референдумға белсене қатысып, қолдау білдірген барша халқымызға зор ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ, конституциялық өзгерістердің мән-маңызын түсіндіруге атсалысқан азаматтарға, түрлі қоғамдық ұйымдарға алғыс айтамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Сондай-ақ Президент Тәуелсіз Қазақстанның даму тарихында жаңа дәуірге жол ашылғанына назар аударды. «Референдум қорытындысы біздің мемлекеттігіміздің тарихында мүлде жаңа дәуір басталғанын көрсетеді. Халқымыз өз таңдауын білдіру арқылы түбегейлі бетбұрыс жасауға ұмтылысын көрсетті. Жасампаз ел болуға деген ықылас-ынтасын байқатты. Елімізді дамыту үшін әлі де көп жұмыс атқаруымыз керек. Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін. Бүгін тәуелсіз Қазақстанның даму тарихында жаңа дәуірге жол ашылды. Осы жолда бірлігіміз әрдайым бекем болсын! Жаңа Қазақстанды бәріміз бірге өркендетейік, ағайын!», - деді Мемлекет басшысы.


Осы орайда, Президент бастамаларын қолдай отырып, еліміздегі барлық жастарды жұдырықтай жұмылып Жаңа Қазақстанды құруға шақырамын.


Наталья Григорьева,

«Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облысы бойынша мүшесі, Түркістан жоғары көпсалалы колледжінің 4-курс студенті.