Бұл әуежайды қалай салғанын білгіңіз келе ме?
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Қазір адамзатты қоршаған орта адам танымастай өзгеріп жатыр. Соның ішінде технология тұрғысынан қарыштап дамыған елдер көптеген жаңалықтардың себепшісі болуда. Ол мемлекеттердің бірі – Жапония. Мәселен, аралдағы бұл елдің азаматтары бірнеше жыл бұрын теңіз бетіне әуежай салып, айды аспаннан бір-ақ шығарды. «Кансай» деп аталатын ол әуе айлағын құдды бір демалыс орны дерсіз.
Жапонияның Осака шығанағында салынған «Кансай» халықаралық әуежайы құрлықта емес, жасанды аралда салынған әлемдегі алғашқы әуежай болды. Оның құрылысына арналған алаң бес жыл бойы жағалаудан төрт шақырым қашықтықта су бетінде дайындалған.
Әуе айлағы құрылысының бірінші кезеңі 1994 жылы аяқталды. Оған 15 миллиард АҚШ доллары шамасында ақша жұмсалған. Өйткені, біреуі 820, ал екіншісі 580 гектар аумақты құрайтын қос арал салу үшін теңіздің түбінен бетіне дейінгі аралықты арнайы топырақпен толтыруға тура келген. Ал, екінші аралдың құрылысы 2003 жылы басталды. Сондай-ақ, бұл кезде бірінші әуежайдың астындағы қатты тұнба едәуір шөккені белгілі болды. Атап өтсек, бір жыл ішінде 50 сантиметрге, ал екінші ұшу жолағының құрылысы басталғанша бірнеше метрге төмендеп кеткен.
Сол себепті, екінші арал біріншісінен сәл жоғары салынды. Яғни, ұшақтар екінші ұшу-қону жолағына бұрылған кезде биікке көтерілуге мәжбүр болатын. Алайда, жоспарға сәйкес, екінші аралдың тұнбасы шөгіп болғаннан кейін, қос ұшу жолағының биіктігі бірдей болып қалған.
Тарихи деректерге де тоқтала кетсек. Бұл әуежайдың құрылысы басталмай тұрып кейбір сарапшылар: "Неліктен теңізде әуежай салу керек? Бұл үлкен қауіп тудырады" – деген пікірлерін алға тартқан. Алайда, бірнеше ондаған жылдар бойы технологиялық прогрестің алдыңғы шебінде келе жатқан Жапония үшін бұл мәселені шешу күрделі бола қоймады. Кез-келген бос жатқан жерді ұтымды пайдалануды жөн көретін жапондықтар бір ауыздан аталған жобаны іске асыруға кірісіп кетті. Тиісінше, бұрын-соңды әлемдік тәжірибеде болмаған жобаны еңсере алды. Осылайша, теңіздің ортасындағы жасанды аралда орналасқан, футуристік дизанымен ерекшеленетін, ерекше талғамға сай «Кансай» әуежайы пайда болды.
Тағы да "Кансай" әуежайына қатысты қызықты тарихи деректерді атап өтсек. Алдымен, әдеттегідей, ең ерекше жоба үшін халықаралық конкурс өткізіліп, сәулетші Ренцо Пиано байқаудың жеңімпазы атанды. Айта кетсек, өз саласының аңызына айналған бұл тұлға бұрын Париждегі әйгілі Помпиду орталығын құрушылардың бірі болған. Сонымен, әуежайдың құрылысы басталмай тұрып, жасанды арал салынды. Ал, бастапқыда жобаны қалқымалы етіп жасау керек еді. Алайда, бұл идея іске аспады. Өйткені, мұндай жобаның құны бөлінген қаржыдан асып кететін. Қауіпсіздік тұрғысынан да су бетінде қалқып тұратын әуежай өте күмәнді болып көрінді. Сондықтан техникалық тұрғысынан неғұрлым қарапайым құрылыс жобасы қабылданды.
Осака шығанағындағы теңіздің тереңдігі жиырма метрді құрайды. Ал, түбі борпылдақ болып келеді. Сондықтан, алдымен әуежай аймағының түбі түрлі құрылыс заттармен тығыздалған. Бұл жұмыс бір қарағанда оңай көрінеді, дегенмен ол жерге кемемен заттарды апарып, оларды түсіретін жерлерді анықтау үшін күрделі математикалық есептеулер, тіпті спутниктік бақылау жүйелері көмектескен. Содан кейін, болашақ Аралдың периметрі бойынша үлкен болат жақтау салынған. Ол агрессивті су қозғалысында тез жойылуға жол бермейтін технологиямен жасалған арнайы бетонмен толтырылды. Сондай-ақ, тас пен бетон блоктарынан үлкен теңіз қабырғасы салынды. Жалпы, арал түбіне 21 миллион текше метр топырақ жиналып, нәтижесінде теңіз деңгейінен отыз метр биіктіктегі үйінді пайда болды.
"Кансай" әуежайының ұзындығы –1,7 шақырым, ал бүкіл аралдың ұзындығы — төрт, ені — бір шақырым. Ғимаратқа 900 тірек орнатылған және олардың техникалық жағдайы тәулік бойы компьютерлік жүйемен басқарылады. Нысан ең қуатты жер сілкіністері мен тайфундарға төтеп бере алатындай етіп салынған.
Қазіргі уақытта "Кансай" әуежайы әлемдегі ең қолайлы әуе айлақтарының бірі болып саналады. Мұнда жолаушылар ұшатын кезде де, қонған кезде де ешқандай қиындықтарға тап болмайды. Ғимараттың құрылымы халықаралық рейстерден ішкі рейстерге тез ауысуға мүмкіндік береді.
Әуежай екі деңгейлі көпір арқылы жермен байланысып тұр. Көпірдің құны бір миллиард доллар тұрады. Оның төменгі бөлігінде теміржол, ал жоғарғы бөлігінде автомобиль жолдары салынған. "Кансай" әуежайындағы бір ұшу-қону жолағы жылына 25 млн. астам жолаушыны өткізе алады.
Аэровокзал кешені көгалдандырылған. Мұнда көпқабатты ғимараттар, тіпті қызметкерлер үшін жайлы тұрғын үй массивтері бар. Аралдың тұнбасы жоспарланғаннан да артық шөккенімен, әуежай ғимараты өте күшті соққыларға төтеп бере алады. Мысалы, 1995 жылы ол жеті балдық жер сілкінісіне, ал 1998 жылы сағатына 200 шақырымға дейін жеткен желдің екпініне төтеп берген.
Дайындаған: Б.Мейірханұлы,
Тағы оқыңыз: