Шет мемлекеттерден мына заттарды әкетуге ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН

0
3 685

Демалысқа барған жағажайдан тауып алған әдемі заттың өзі керемет әрі тегін кәдесый. Бірақ...


Шет мемлекеттерден мына заттарды әкетуге ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Әдетте, әуежайда қару-жарақ, есірткі секілді заттарға тексеру жүргізіледі. Бірақ, кейбір елдердің әуежайында тыйым салынған заттарды алғаныңыз үшін айыппұл төлеп кетуіңіз мүмкін. Әрине, кеден қызметкерлері көбіне бір уыс құм секілді заттарға көз жұма қарайды. Бірақ кей елдердің заңы бойынша ондай әрекетке барып ұсталсаңыз, әжептәуір мәселеге айналады. Сондықтан әртүрлі елдердің әуежайында тексерілетін ерекше заттар мен кәдесыйлар туралы сөйлесетін боламыз.


Түркия

Түркиядан үйге апаратын кәдесыйлардың құны 5000 түрік лирасынан аспауы керек. Одан қымбат зат алатын болсаңыз, чек қажет. Сондай-ақ, түрік кеденшілер әсіресе кілемдерге ерекше назар аударады. Сондықтан сатушыдан шығарылған күні бар чек пен сертификат алуды ұмытпаңыз. Ал, 50 жылдан астам уақыт бұрын жасалған заттарды тек мәдениет министрлігінің анықтамасымен экспорттауға рұқсат етіледі. Маржандарды, қабықтарды, тіпті тастар мен қазбаларды сатып алуға қатаң тыйым салынған. Өйткені бұл елде ЮНЕСКО-ның қорғауындағы жәдігерлер өте көп. Сіз алған тас солардың біреуі болып қалуы мүмкін ғой. Одан бөлек, атыс қаруы мен суық қаруды экспорттауға тыйым салынса, ескі қанжар, қылыш мпен тапаншалардың заманауи муляждарын сатып алудың қажеті жоқ.


Тунис

Бұл елден дәрі-дәрмек, былғары және ағаш бұйымдар, кәдесый ретінде құрма пальмасы ағашын ала алмайсыз. Кокос немесе құрма экспорттауға болады. Сондай-ақ, хна мен Тунистің ұлттық валютасын әкете алмайсыз. Ал, зергерлік бұйымдарды немесе кілемдерді алып кету үшін дүкеннен берілген чек қажет. Чек қажеттілігі мәдени мұраға ұқсайтын барлық нәрсені — монета, керамика және т.б. сувенирлерге де байланысты. Оған қоса, кез- келген қиыршық тас күдік тудыруы мүмкін.

Доминикан

Доминикан да туристер көп баратын орын. Бірақ, бұл елден пальма ағашының өзегін, орхидеяларды, су түбінен тауып алған жәдігерлер мен маржан тастарды, ұлттық валютасын алып кете алмайсыз. Кейбір зергерлік бұйымдарды ғана чекпен алып кетуге болады. Сондай-ақ, танымал «ром» алкогольді сусындарын тасымалдауға шектеу қойылмаған.


Тайланд

Бұл елден 13 сантиметрден үлкен Будда мүсіндерін, маржан тастары мен қабығын, піл сүйегі, тасбақа қабығы және одан жасалған бұйымдарды шетелге алып кетуге қатаң тыйым салынған. Дегенмен, сатып алынған үй жануарларын құжаттарымен, маржан тастарды өңделген сувенир түрінде экспорттауға болады. Одан бөлек, пошта маркаларын шекарадан шығаруға тыйым салынады, бірақ сіз оларды хатқа басып, өзге елге жібере аласыз.

Ал, арзан Тай жемістерін әкелуді шешсеңіз, дуриан мен кокосты алмаңыз. Себебі кокос қабығы сканерден анық байқалмайды да, кеден қызметкерлері оны өткізбей қоюы мүмкін. Дуриан болса, тез бұзылып, сасып кетеді. Сонымен қатар, Тайландтан қарбыз әкетуге тыйым салынған деген пікір бар. Бірақ, бұл заңнамалық емес, авиакомпаниялардың шектеуі. Өйткені олар қысымға шыдай алмай, жарылып кетуі ықтимал. Сосын Тайланд жерінен құм да әкете алмайсыз. Себебі, олар құм мен топырақ туристерге емес, патшалыққа тиесілі деп санайды.

Вьетнам

Сіз Вьетнамнан тасбақа, кесіртке, шаяндар мен жәндіктерді, сирек кездесетін құстардың жұмыртқалары мен ұяларын, маржан мен экзотикалық өсімдіктерді экспорттай алмайсыз. Ал бұл ережені бұзғандар шамамен 500 доллар айыппұл төлейді. Егер бір адам 5-тен астам зергерлік жиынтық алып жүрсе, мемлекеттік банктен арнайы рұқсат алуы керек. Сондай-ақ, авиакомпаниялар әлемге әйгілі балық тұздығын алып жүруге тыйым салады. Өйткені, оны абайсызда ұшақ ішіне төгіп алса, жағымсыз иісі жер-жаһанды алып, ұшақ салонын толықтай тазалауға тура келеді.


БАӘ

Әмірліктер сувенир, маржан тастар мен қабықтарын елден шығаруға оң көзқарас танытады. Зергерлік бұйымдар мен кілемдерді алып кету шін сауда нүктесінің чегі болса жеткілікті. Бірақ, жабайы жануарларды, пальма тұқымдары мен жемістерін, елдің мәдени мұрасы саналатын жәдігерлерін алып кете алмайсыз. Сондай-ақ, өз еліңізден алып барған ойын карталарын кеденнен кері қарай өткізуге мүмкіндік болмайды.

Үндістан

Бұл елден тірі өсімдіктер, жануарлардың терілері, құстардың қауырсындары, 20 ғасырға дейін жасалған антиквариат заттарын алып кетуге ешқандай да рұқсат жоқ. Олардың қатарына алтын құймалар мен бағасы 2000 рупийден асатын зергерлік бұйымдар, Үнді валютасы да кіреді.


Италия

Бірінші кезекте елдің мәдени мұрасына, ежелгі мозаика, мәрмәр тастар, асалғанына 100 жылдан асқан антикварлық жиһаздар, 50 жылдан асқан өнер туындылары мен кәдесыйларды әкетуге тыйым салынады. Немесе оларды алып кету үшін Италия Мәдениет министрлігінің рұқсатын алу қажет. Адриатикалық Ривьера және Сардиния жағажай қорықтарынан құм мен маржан қабықтарын әкетпек болғандар 1500 евро айыппұл төлеуі мүмкін. Сондай-ақ, брендтік өнімдерді имитациялайтын заттарды шығаруға үзілді-кесілді тыйым салынады. Бұл үшін 10 мың еуроға дейін айыппұл салынады. Сондықтан, бренд өнімдерін сатып алсаңыз, чек пен сертификатты міндетті трде алу қажет.

Қытай

Егер Қытайда жүріп кескіндеме, зергерлік бұйымдар немесе каллиграфиялық жұмыстар сатып алсаңыз, міндетті түрде чек сұрап алыңыз. Ал, антиквариат заттарды Қытайдың мәдени құндылықтар жөніндегі әкімшілік бөлімінің рұқсаты болған жағдайда ғана алуға болады. Сондай-ақ, жергілікті қытайлық дәрі-дәрмектерді белгіленген мөлшерде чек арқылы ғана тасымалдай аласыз.

Радиоқабылдағыштар мен радиотаратқыштарды тасымалдауға тыйым салынған. Зауыттық қаптамасыз өнімдерді (мысалы, ет), сатып алу туралы түбіртегі жоқ тұқымдар мен өсімдіктерді экспорттай алмайсыз. Қытай шайын көп мөлшерде алудың қажеті жоқ. Өйткені ол контрабандалық тауар ретінде күдікке ілініп, біраз уақытыңыз тексеріске кетуі ғажап емес.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Бұрын ҚОҚЫС ТАСТАҒАН жер бүгін ТАҢҒАЖАЙЫП демалыс орнына айналған


"Олар өлгенше жұмыс істейді": Кореядағы қазақ азаматымен ашық сұхбат