Туристер неге Түркияның солтүстігіне БАРҒЫСЫ КЕЛМЕЙДІ?

0
4 174

Сіз бұл жайында білесіз бе?


Туристер неге Түркияның солтүстігіне БАРҒЫСЫ КЕЛМЕЙДІ?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Түркия елінің аумағындағы Қара теңіз жағалауының ұзындығы 1700 шақырым. Мұнда жағажай демалысының дамыған аймақтары бар. Мәселен, Түркияның солтүстігіндегі Шиле, Агва, Амасра, Синоп және басқа да кішігірім орындарды атап өтуге болады. Алайда, бұл жерлердің танымалдылығын Жерорта теңізінің жағасындағы Анталия немесе Эгей Бодрумының рейтингісімен салыстыруға келмейді. Сол себепті, Түркияның оңтүстік және батыс жағалауында солтүстікке қарағанда қонақүйлер бірнеше есе көп. Осы орайда «неліктен Түркиядағы Қара теңіз жағалауында демалыс орындары аз?» деген сұрақ туындайды. Бұл сауалға біз жауап іздеп көрдік.


1. Қара теңіз Эгей мен Жерорта теңізіне қарағанда суық


Біріншіден, Түркиядағы Қара теңіз жағалауы суық климатқа тән, яғни елдің солтүстік бөлігінде орналасқан. Осыған байланысты мұнда жағажай демалысының науқаны бар болғаны маусымнан қыркүйектің басына дейін ғана созылады. Ал, Анталияда шомылу маусымы мамыр айының басынан қазан айының соңына дейін жалғасады. Тіпті қыста да Жерорта теңізінің температурасы +15 °C-тан төмендемейді, ал жазда ол +28-29 °C деңгейінде сақталады.


Ал, туристер жылы суға шомылуды жөн көретіндіктен, көпшілігі Анталиядағы демалыс орындарын таңдайды. Тиісінше, туристік нысандар да оңтүстікте көп салынады. Сондықтан Түркиядағы Қара теңіз жағалауында қазіргі уақытта сапалы курорттық қонақ үйлер жоқтың қасы. Туристер де тым аз барады.


2. Солтүстік жағалауында құмды жағажайлар аз


Түркияның солтүстігіндегі теңіз жағалауы жартасты рельефпен ерекшеленеді. Яғни, теңіз суының едәуір бөлігі жартасты жағалаумен астасып жатыр. Мұндай ландшафттар әсіресе Түркияның шығысында айқын көрінеді. Сол себепті, жағалаулар құмды емес, қиыршық тасты болып келеді.


Ал, мұндай жағажайды демалысқа ыңғайлап, құммен толтыру Түркияның оңтүстігіне қарағанда әлдеқайда қиын әрі қымбат. Сондықтан Қара теңіздің жағалауында ірі туристік кешендер жоқ. Ерекшелігі – Түркияның еуропалық бөлігіндегі жағалау Стамбулдан Болгарияға дейінгі аймақты алып жатқандығы.


Сондай-ақ, Қара теңіз суында жүзу Жерорта теңізіне қарағанда әлдеқайда қауіпті екенін атап өткен жөн. Себебі, мұндағы су айдыны қауіпті кері ағыстар, толқындар мен тұзақтарға толы. Тиісінше, жағалаудағы құтқарушылар туристерге үнемі ескерту жасап, тіпті әуесқойларға жүзуге рұқсат бермейді.


3. Түркияның оңтүстігінде көрікті жерлер көп


Демалуға келген туристер жүзіп қана қоймай, қызықты немесе әдемі жерлерді көргісі келеді. Ал, Түркияның оңтүстігі мен батысы солтүстікке қарағанда мұндай орындарға бай. Мәселен, ондағы ежелгі Греция, тіпті Рим империясы дәуірінің кейбір ескерткіштері бүгінгі күнге дейін жақсы сақталған. Пергамон, Сард, Лаодикея және Трояның қайта қалпына келтірілген ғимараттары да жағажайдағы туристерді өздеріне тартып тұрады. Бұл Түркияның оңтүстігі мен батысындағы туристік инфрақұрылымды дамытудың тағы бір себебі.


Мұнда демалушыларға көрсетуге лайықты табиғи орындар да көп. Алайда, бұл тұрғыдан Жерорта теңізінің жағалауы Қара теңізден төмендеу болуы мүмкін. Себебі, солтүстікте шынайы табиғаты сақталған ормандар, тау шыңдар мен бұлақтар көп. Сондықтан, табиғат аясында серуендеуді қалайтындар Қара теңіз жағалауына назар аударғаны жөн.


4. Туризм индустриясы дамымаған

Жоғарыда атап өткеніміздей, Қара теңіз жағалауының туристік инфрақұрылымы дұрыс дамымаған. Әсіресе ойын-сауық индустриясы артта қалып кеткен. Мұнда аквапарктер жоқ, көптеген мейрамханалар мен кафелерде қызметкерлер ағылшын тілін білмейді және көбіне мәзірлері тек түрік тілінде болады.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Бұл ормандар талай адамды ТӘНТІ ЕТКЕН


"Кансай" – әлемдегі ТЕҢІЗ БЕТІНЕ САЛЫНҒАН алғашқы әуежай