Түркістан облысының "жеті кереметі"

0
50 069

«Сайрамда сансыз баб, Түркістанда түмен баб, Отырарда отыз баб» деген сөз бекер айтылмаған. Ал, әр елдің, әр жердің өз киесі мен қадірі болады десек, Түркістан облысында да ғажайып орындар бар. Оның дәлелі ретінде осы аймақта орналасқан, тарихқа аты алтын әріппен жазылған қасиетті Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Үкаша ата, Домалақ ана кесенелері және т.б. киелі орындарды атап айтсақ болады.


Түркістан облысының

көрнекілік суреттер: ашық дереккөзден

Мысалы, Арыстан баб кесенесі жанында емдік қасиеттері бар өте тұзды сулы құдық бар болса, түркі халықтары Түркістан қаласын екінші Мекке ретінде санайды. Ал Түркістан қаласындағы Әмір Темірдің бұйрығымен салынған Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің тарихи-мәдени мұра ретіндегі алар орны ерекше. Сонымен қатар, күнгей өңірдің әр ауданында аңыз болып тараған әулие-әмбиелер жатқан жерлер мен ескерткіш, кесенелер де жетерлік. Солардың арасынан өзіме ерекше әсер берген, «Түркістан облысының жеті кереметі» деген атқа лайық көріп, көпшілікке кеңінен таныстырғым келген дүниелерді ұсындым. Бірақ, бұл тізімге енбеген орындарды осылардан төмен деп ойламаймын. Себебі, әр адамның пікірі алуан-алуан болып келетіні белгілі.

1. "Бабтардың бабы"

Арыстан баб кесенесі – көне Отырар жеріндегі сәулет өнерінің тамаша ескерткіші. Ол жерге барған адамның ерекше әсер алатыны белгілі. Өңірге аяқ басқан кез келген турист оңтүстік өңіріне саяхатын осы киелі орыннан бастайды. Қазіргі кезде бұл кесене мұсылман халқының Орталық Азиядағы қажылық міндетті өтейтін киелі жерлерінің бірі болып саналады. Бұл кесене Түркістан халқының арасында мұсылман дінін таратушы Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы болған Арыстан баб ата қабірінің басына салынған. Кесене дәлізхана, мешіт, құжырахана, азан шақыратын мұнара сияқты жеке бөлмелерден құралған. Кесененің ең көне бөлігі қабірхана болуы тиіс. Қазір де оның едені басқа бөлмелермен салыстырғанда едәуір биік. Қабір үстіне алғашқы белгі 12 ғ. шамасында қойылған.

Сондай-ақ, мазар 14 ғасырда қайта жөнделген. Содан кейін, кесене 20 ғасырдың басында жергілікті халықтың қаражатымен күйдірілген кірпіштен ауданы 35x12 м, биіктігі 12 м, бұрынғы Меккеге қараған есігі Түркістанға, Әзірет Сұлтанға бағытталып, солтүстік жағы кесене, оңтүстік жағы мешіт есебінде қайта жөнделген. Дәліз-қақпа маңдайшасына мәрмәр тақта қаланып, бетіне һижра бойынша 1327 жыл, яғни соңғы құрылыс жүрген уақыт деп көрсетілген.

XVIII ғасырда құрылыс қиратылып, фриз жазбалары бойынша 1909 жылы қайта салынады. Сондай-ақ, 1971 жылы жоғары деңгейдегі грунт сулары салдарынан мешіт құлатылып, қайта орнатылған. Құрылыс алебастр ерітіндісінде күйдірілген кірпіштен қабырғаның сырт жағына салынған.

Арыстан баб туралы: «Аңыз бойынша Арыстан баб Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың елшісі болған. Бір күні Мұхаммед пайғамбар өзінің шәкірттерімен құрма жеп отырған еді. Бір құрма қайта-қайта ыдыстан құлай беріп, пайғамбар ішкі дауысты естіді: «Бұл құрма Сізден кейін 400 жыл алдағы уақытта туылатын мұсылман бала Ахметке арналған». Сонда пайғамбар шәкірттері ішінен бұл құрманы кім иесіне жеткізетінін сұрайды. Ешкім сұранған жоқ. Пайғамбар сұрақты қайта қойғаннан кейін, Арыстан баб былай деді: «Егер Сіз Алла Тағаладан 400 жыл сұрап берсеңіз мен бұл құрманы иесіне жеткіземін», - делінген бір аңызда. Халық аңыздарынан және жазба деректеріне қарағанда Арыстан баб Ахмет Яссауидің ұстазы болып құрманы жеткізген екен.

Сондай-ақ, Отырар өңірінде мен естіген аңыз байынша Арыстан баб дүние салған соң, оның денесін ақ бураға артып, еркіне жіберіп, соңынан ілесіп отырған. Ақ бура жүре-жүре осы жерге шөккен екен. Сол шөккен жерге Арыстан баб мазары қойылыпты.

Арыстан баб туралы аңыздар бұл ғана емес. Оның қасиетті екені, Алпамыс батырды құдайдан тілеп, әке-шешесінің осы кесенеге зиярат еткені және т.б. ерекшеліктері туралы аңыздар әдебиет пен тарихта сақталған.

2. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі


Қожа Ахмет Ясауи кесенесі— Түркістан қаласында XIV ғасырдың соңында тұрғызылған сәулеттік ғимарат. Ол XII ғасырда өмір сүрген бүкіл Шығысқа аты әйгілі көне түркі ақыны, софизмді уағыздаушы Ахмет Ясауидің (Яссы-дан шыққан деген мағынада) бейітінің басына орнатылған. Кейін бұл кесене мұсылмандардың зиярат ететін орнына айналды. Бұл кесенеге қай кезде барсаң да, тағзым етіп, дұға-тілектерін оқып жүрген адам саны азаймайды. Әлемнің түкпір-түкпірінен көптеп келетін саяхатшылар да жиі көзге шалынады. Осыдан-ақ, бұл орынның қасиетті екенін айтпай түсінуге болады.

Атап айтсақ, Түркістан облысындағы Сайрам деген жерде туған Ахмет Ясауи сол кездегі ғылым мен ағартудың орталығы ретінде белгілі болған Отырар қаласында білім алады да, кейіннен Бұхардағы Юсуп Хамадани басқарған сопылар қауымына кіріп, дәруіштік мектептен өтеді. Одан соң, 1140 жылы Юсуп Хамадани, кейіннен оның екі мүритті дүние салған соң, қауымды Ахмет Ясауи басқарады. Бірақ көп ұзамай-ақ «мәртебелі» қызметін тастап, өзінің туған өлкесіне біржола қайтып оралған. Онда софизм идеяларын уағыздап, өзі де оны берік ұстана отырып, жоқшылықта өмір сүреді. Сондықтан да, оны жергілікті халық Әзірет Сұлтан деп атап кеткен екен.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі — аса үлкен порталды күмбезді құрылыс. Оның ені — 46,5 м, ұзындығы — 65 м. Ғимараттың орасан зор порталы (ені — 50 метрге жуық, порталдық аркасының ұзындығы — 18,2 м) және бірнеше күмбезі бар. Оның орталық залының төңірегіне түрлі мақсатқа арналған 35 бөлме салынған. Жамағатхана (мұнда қазан тұруы себепті қазандық деп аталған) күмбезінің ұшар басына дейін есептегендегі ғимараттың биіктігі — 37,5 метр. Сыртқы қабырғалардың қалындығы — 1,8—2 м, қазандық қабырғаларының қалындығы — 3 метр. Жалпы тұрқы симметриялы, жеке бөлшектері — ассиметриялы болып келетін бұл зәулім ғимарат 8 түрлі бөлмелер тобынан тұрады:

1.Қазандық;

2.Үлкен Ақсарай;

3.Кіші Ақсарай;

4.Құдықхана;

5.Кітапхана;

6.Асхана;

7.Көрхана;

8.Мешіт;

3. Үңгірдегі мешіт

«Ақ мешіт әулие» үңгірі – Бәйдібек ауданы, Көктерек ауылының жанындағы Қаратау сілемінің бөктерінде, 250 м биіктікте орналасқан. Ұрпақтан ұрпаққа жеткен аңыздан түсінгенім бойынша, бұл жерде бағзы дәуірде жерасты мешіті болған деседі. Ортадағы алаңнан бірнеше қамалдарға жолдар жалғаған екен. Кейін сол жолдар бітеліп, мешітке адам кіре алмай қалған. Кейін, ХХ ғасырда күмбездің бір бөлігі опырылып, содан үңгірге кіретін саңылау пайда болыпты. Сондай-ақ, қасиетті жерге іретін жол тапқан адамдар бұл орынды әулиелі жерге айналдырған. Ал, келесі бір аңызда осы үңгірде жоңғар шапқыншылығынан бас сауғалау үшін балалар мен қазақ әйелдері мекен етіпті.

Қазіргі таңда киелі саналатын орынды көргісі келетіндердің қатары едәуір көбейген. Себебі, үңгірдің өзіндік тылсым сыры көп. Үңгірдің іші қоңыр салқын, салқын леп ұрып тұрады. Оның кереметі сол, ішінде түрлі ағаштар мен өсімдіктер, құстар бар. Үңгірдің ортасында биіктігі 10-15 м, көптеген жылдан бері жиылған қазақта «киелі құс» деп аталатын үкі саңғырығының үйіндісі жатыр.

Сол үңгірде көптеген жылдар бойы өз балаларымен бірге шырақшы болып келе жатқан 70-тен асқан Асқар ақсақалдың айтуынша, бұл құстың саңырығы жүздеген жыл бойы жиналған екен. Кейінгі жылдары үкі үңгір ішінде неше түрлі жұмыстар жүргізіле бастағандықтан ұшып кетіпті. Әулие үңгірдің шырақшысы жасы 70-тен асқандығына қарамастан келген адамдарды ертіп, кем дегенде 5-10 рет мешітке түсіп шығады. Киелі орынның кереметіне сай қария жүріп-тұру кезінде шаршауды білмейтін көрінеді.

Сондай-ақ, қасиетті «Ақ мешіт әулие» үңгірі күмбезінің әр жерінен су тамшылап тұрады. Күмбез шаңырақтың қасиетінің арқасында судың тамшылары қысы - жазы тамшылағанымен ауада ешқандай иіс бұзылу, көгеру, шіру деген процесс жүрмейді екен. Айта кетейік, бүгінде киелі мекенге әр елден, еліміздің әр өңірінен көптеген адамдар ағылып келеді.

Естелік бойынша: «Жаугершілік қиын-қыстау заманда Есіркеп Қойкелді батыр қалмаққа қарсы қол жинап, ұрысқа дайындалады. Он мың әскерімен аттанар тұста селдетіп нөсер құяды. Сондықтан, жаңбыр астында таңғы намазды оқи алмайды. Сосын үңгірге түсіп, бәрі қатарласа тұрып, намазға жығылады. Үңгірдің кереметтілігіне таң-тамаша болысады. Сарбаздың бірі бұл үңгірді Есіркеп немесе Қойкелді деп атайық деп ұсыныс білдіреді. Сонда, батыр бұл ұсынысқа қарсы болып, "бұл үңгір қасиетті, он мыңнан астам бізге таңғы намазымызды оқуға мүмкіндік берді. Сәждеге бірдей бас қоя алдық. Аппақ тастары да ғажап әсер сыйлайды екен. Бұл жерді Ақмешіт деп атайық, Ақмешіт болсын депті».

4. Домалақ Ана

Қасиетті Домалақ Ана Кесенесі – Қаратаудың күнгей бетінде, Балабөген өзенінің аңғарында орналасқан. Қазақ халқының абыз аналарының бірі, халық арасында «Домалақ ана» атанған Нұрила Әли Сланқызының зиратының басына тұрғызылған. Нүрилә - Бәйдібек бабаның үшінші әйелі болған екен. Өз дәуірінде Домалақ ана ақылдылығымен ел іші бірлігінің ұйытқысы бола білген. Тарихи жазбаларда Домалақ ананың адамгершілігі, әдептілігі, парасаттылығы мен шыншылдығы және аналық қасиетінің арқасында «Домалақ ана» аталуы жайлы көптеген деректер жазылған. Сонымен қатар, Домалақ ана мұражайында түрлі көне қолжазбалар, қолдан жасалған көптеген заттар сақталғанын көреміз.

Деректер бойынша, Домалақ ананың немересі Дулат1456 жылы Бұхарадан Абдулла Шері есімді шеберді алдыртып, ана басына төрт қанатты күмбезделген кесене тұрғызған. Сондай-ақ, Домалақ ана кесенесі XI - X ХІІ ғасырлар аралығында бірнеше рет қайта жөндеуден өткен. Атап айтсақ, «Домалақ ана» парсы тілінен аударғанда «Дихнат мама», яғни «Әулие ана» мағынасын білдіреді. Кейін келе-келе Дихнат деген сөз Домалақ деп ауыстырылған. Домалақ ана кесенесі жерден 12 м биіктікте сегіз жапырақты етіп өріліп, 6 бағаналы болған және негізгі бөлігінің үстіне күмбез орнатылған. Аңыз бойынша: «Домалақ ана кесенесінде екі қасиетті тас бар, осы екі тастың арасынан тек жаны таза адам өте алады», - дейді.

Айта кетейік, 1957 жылы қайта қалпына келтірілген кесене көп сақталмай, 1966 жылы Маңғыстаудан алып келінген ақ тастармен қайта қаланады. Сонымен қатар, 2000 жылы кесене айналасын абаттандыру жұмыстары толық аяқталған. Қазіргі таңда, бұл кесенеге зиярат етіп келушілер қатары өте көп.

5. Кесіріңді анықтайтын құдық

Түркістанға ат басын бұрған туристердің жиі келетін киелі мекеннің бірі – Үкаша ата кесенесі. Тіпті, мен де ес жиған оқушы кезде арнайы барып танысқан едім. Ол жайлы халық арасында айтылатын аңызда: «Үкаша ата сахаба Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың замандасы, сенімді серігі әрі күзетшісі, Ислам дінін таратушы болған. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жауырынының астындағы мөрді сүйгеннен кейін Үкаша сахабаның денесіне атса оқ, шапса қылыш өтпеген», - делінген. Осы әпсана қазір ел арасында кеңінен тараған.

Мүмкін бұл ғажайып ертегідей естілетін болар. Десе де мұны білікті қазақ ғалымдары өз еңбектерінде айтып өткен. Ол жайлы Шәді төре Жәңгірұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Жүсіпбек Шайқысламұлы біраз деректерін оқығаным да рас. Бұл кісілердің шығармаларында Үкаша атаның есімі Ғакаша деп берілген. Бізге аңыз болып жеткен Үкаша сахаба жайында Ш. Уәлихановтың кітабында да (онда Оксе деген есіммен көрсетілген) айтылған. Бұдан ұққаным, Үкаша атаның ешқандай да аңыз ертегі емес тарихи тұлға, өмірде болған.

Бір деректі айта кетсем, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік қорық-мұражайы ғылыми зерттеу бөлімінің мәліметтерінде: «Үкаша сахаба біздің даламызға Ислам дінін алғаш алып келген тарихи тұлға. Ол Түркі тайпаларының бірінен шыққан. Қазақ шежіресінің бастауында тұратын Әнес сахабалармен бір қатарда тұрады», - делінеді.

Тағы бір аңыздан Үкаша атаны жау жеңе алмағанын оқыдым. Аңызда: «Ол тек таң намазын оқыған кезде қорғансыз болады екен. Оны білген кәпірлер Үкаша ата таң намазын оқып отырған кезде келіп басын қылышпен шауыпты. Содан, жансыз басты періштелер домалатып қырдың етегіне жеткізіпті. Сол жер қақ айырылып құдық болып Үкаша ата басы оған түсіп жерасты өзен арқылы Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарға жетіпті», - делінген.

Қасиетті кесене Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласынан 60 шақырымдай аумақта, «Серт» деп аталатын елді мекеннен 12 шақырым қашық жерде орналасқан. Кесененің жанында құдық бар. Мұнда келген әрбір адам бірінші Үкаша атаның қабірі орналасқан кесенеге кіріп құран оқыған соң, тау басындағы құдықтың басына барып су алады. Кереметке толы құдық пен сахабаның қабірі жатқан кесене жайлы аңыз-әфсана бұрнағы уақытта жыр-дастандар арқылы кеңінен таралған.

Кесененің шырақшысы Шамшиддин Закиров: «Еңселі етіп кесене бой көтерсе, ол жерден құдыққа дейін аспалы көпір салынса, келушілер қатары бұдан да көбейер еді. Туристер саны артса, елдің, жердің тарихын жан-жақты насихаттар едік», - дейді өз сөзінде.

Сондай-ақ, Сахабаның қаны тамған жердің бетіне саздан ұзындығы 21 м белгі соғылған. Зияратқа барғанымызда әулиенің шырақшылары маған Үкаша атаның басы домалап түскен құдықты, атаның түйесінің ізі қалған тасты көрсетті. Келегн зияратшылар осы құдыққа кезекпен шелек салып су алуға әрекет ететінін көрдім. Ол құдықтың қасиеттілігі сонша, су біреулерге беріледі, біреулерге қанша мәрте шелек салғанымен бір тамшы су ілінбейді. Мұны: «шелек тастап отырған адамның жасаған күнәларының кесірі», - дейді.

6. Жеті қабат дуалмен қоршалған қала

Сауран қаласы – ХІІ ғасырда ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланған. Ол Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласының солтүстік батыс жағындағы 30 шақырым жерде орналасқан орта ғасырдағы қалалардың бірі. Орта ғасырда Сауран қазақ елінің әлеуметтік-саяси, шаруашылық-этникалық және мәдени дамуының орталығы болған екен.

Ал, биіктігі 6 м қабырғамен қоршалған қалашық туралы алғашқы деректер Х ғасырдағы еңбектерде кездеседі. Ол кезде Сауран Сырдария алабындағы маңызды саяси және сауда орталығы ретінде белгілі болған екен. Қала жайлы Араб тарихшысы Мақдисиди өз шығармасында: «Сауран жеті қабат дуалмен қоршалған үлкен қала, оның ішінде рабат, мешіт бар», - деп жазған.

Сондай-ақ, ХІІІ ғасырдың орта шенінде Сауран Ақ Орданың астанасы болады. Ал, ХІV ғасырдың аяғында қаланы Әмір Темір әскери қамалға айналдырған. Қаланың үлкен мешіті болып, ислам дінінің Қазақстанға тарауына едәуір ықпал еткен. Содан кейін, ХVІ ғасырда Сауран мұнаралы биік дуалдармен қоршалған үлкен қала болған. Оның ірі-ірі құрылыстарының ішінен замандастары «шайқалмалы минаретті» және қала мен оның айналасын сумен қамтамасыз еткен кәріздерді, жердің астынан салынған каналды ерекше атаған. Сонымен қатар, тарихтан Сауран қаласының ХVІІ ғасырдың аяғы мен ХVІІІ ғасырдың басында әлсіреп, ХІХ ғасырдың басында біржолата күйрегенін оқуға болады.

Қазіргі кезде ауданы 550 - 800 м дөңгелек алаңда Сауран қабырғалары мен мұнараларының қалдықтары бар. Қаланың ішіне қақпа арқылы кіруге болады. Қаланы қоршаған дуалдың сырт жағында көптеген каналдардың іздері сақталған. Жүргізілген зерттеу жұмыстары қаланың VІІ-ХVІІІ ғасырларға жататынын дәлелдейді.

Сондай-ақ, шамамен ХІV ғасырда салынған екінші Сауранның орны Түркістан қаласынан Қызылордаға қарай өтетін теміржолдың бойымен 45 шақырым жерде сақталған. Археологиялық зерттеулер кезінде Уәсифи жазған медресе мен кәріз құбырларының орындары табылған екен. Сондай-ақ шаһарда болған жұма және айт мешіттерінің қалдықтары қазылып, олардың сақталған бөліктерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, қазба жұмыстары кезінде қаланың бас қақпасы мен оның сыртынан қазылған орға салынған аспалы көпірдің тұғырлары табылған. Қорғаныс қабырғасын қоршай қазылған терең ордың ішіне кезінде су жіберілген. Арнайы салынған қазба 48 қатар қаланған кірпішпен нығайтылған және ордың тереңдігі үш метрден астам екендігін көруге болады. Қаланы қоршаған жаудың талай жауынгерлері осы ормен қабырғаны ала алмай жер құшқан екен. Оның дәлелі, зерттеу жұмыстары кезінде қабырғаға қадалған және ордың ішіне құлаған жебенің темір ұштары, қабырға бұзғыш қондырғылардың домалақ тас оқтары мен орға құлап өлген жау әскерінің қурап қалған қаңқалары да кездесуі. Қазіргі кезде шаһардың орнындағы көне ғимараттарды қалпына келтіріп, туристер көретін музей жасау жұмыстары қарқынды жүріп жатқаны да көңілге қканыш орнатады.

7. Жылаған ата

Жылаған ата үңгірі, Жылаған ата бұлағы – Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласынан 80 км-дей жерде, Қаратау жотасының Жылаған ата шатқалында, Абай елді мекенінен солтүстікке қарай Жылаған ата өзені бойында орналасқан үңгір. Үңгір аузының биіктігі 3 – 4 м, ені 8 – 9 м, тереңдігі 50 – 60 м шамасында. Ол бір кездері тау жартастарының құлауынан пайда болған. Шатқалдан төмен түскенде өзеннің сол жағалауында биіктігі 10 – 12 м жартаста диаметрі 15 – 18 см болатын қуыс көрінеді. Осы қуыстан оқтын-оқтын су атқылап тұрады. Бұл жерге арнайы барып, бұлақтан су аққанын көру қандай тамаша әсер беретінін сезінгендер ғана біледі дер едім.

Бұл жер аңыз бойынша ерекше баланың дүниеге келуімен байланысты. Сондай-ақ, киелі орынға айналған жерде көп адамның ауруына шипа табылып, тілек-дұғасы да қабыл болады екен. Бірақ, үңгір сарқырамасының құпиясын ешкім білмейді.

Қызықты аңыз бойынша түсінгенім, кезінде байлығы шекесіне шыққан Гүрзіхан деген кісі болады, бәйбішесі Шаш-Ана екеуі жастары келіп қалған соң байлықтың базарына тойғаннан соң, әттең, енді бір осы байлыққа ие болатын перзент болса ғой деп армандайды. Сол кезең Қазақстанға ислам дінінің келе бастаған тұсы, Гүрзіхан дін жолына түсіп, ислам дінін ұстанып, Алладан бала сұрайды. Құдай тілегін қабыл етіп Шаш-Ана анамыз бала көтеріп уақыты келіп босанады, босанған бала пердеге оралған күйінде мес сияқты дүниеге келеді, сол кезде Гүрзіханға Қыдыр ата аян беріп бұл қасиетті бала, құт- берекенің белгісі, месті жармаңдар өзі уақыты келгенде шығады, әзірше көтеріп жүре беріңдер дейді. Аянды қабыл алған ерлі-зайыптылар, біраз уақыт көтеріп жүреді, бірақ бала не сөйлемейді, не күлмейді, не жыламайды.

Содан бір күні көтеріп жүруден шаршаған анасы Игілік ауылының маңындағы (Игілік ауылы Жылаған ата үңгіріне жақын елді мекен) өзеннің қасына келгенде месті көтеріп тұрып анасы сені қашанғы көтеріп жүреміз, не сөйлемейсің, не күлмейсің, не жыламайсың деген кезде мес қолынан түсіп кетіп ішінен нұрлы жүзді бала шығады, бала местен шыға сала тауды беткейлеп қаша жөнеледі. Ата-анасы ізінен жүгіреді, бала қашып осы жаққа бағыт алады. Жол бойында артымнан әке-шешем шөлдеп келе жатыр деп асатаяғымен жерді ұрып қалып сол жерде құдық пайда болады (Жылаған ата басына бара жатқанда Тасқұдық бар, аталған құдық та киелі саналады). Осы жерге (Жылаған ата) келіп үлкен тасты асық қылып ойнап отырады, әке-шешесі жеткен уақытта осы жерге бір аунайды да, содан әрі қарай жүреді, анау жерде «Ана жытыры» деген су шұңқыры бар, сол жерге барып ата-анасын күтеді, ол жерге де жеткен мезетте, үлкен үңгірдің ішіне кіріп кетеді де шықпай қояды, ата-анасы болса балаға жалынып-жалбарынып кешірім сұрап, біз білместік таныттық, бізді кешіре гөр, сен біздің баламызсың деп тіл қатқанда, бала ата-анасына былай деп жауап қайтарып: «біз мына дүниеде емес, анау дүниеде кездесеміз, мен үшін алаңдамаңыздар және арттарыңызға қарамаңыздар мен бар күшімді салып сіздер жүрген жерді ырыс-ынтымақ пен жақсылық, қуанышқа бөлеймін», - дейді.

Әке-шешесі амалы жоқ көніп, мұңайып елге қайтып келе жатқанда, жолда баламыздың жүзіне соңғы рет бір рет қарап қалайық, мүмкін артымыздан келе жатырған шығар деп, Есеккөл деген жерге келгенде арттарына бұрылып қарайды, қараса арттарынан нұр болып ағып келе жатқан үлкен өзен жердің астына сіңіп жоқ болып кетеді. Сол өзеннің аяғы тек 5-6 шықырым жүргеннен кейін қайта шығады (бірақ ол жағын толығырақ ешкім біле бермейді).

Сондай-ақ, біз көріп тұрған бұл үлкен үңгір үш үлкен тесіктен тұрады. Бірінші жоғарыдағы атқылап су ағатын жері, екінші тесігі ата-анасы артына қараған уақытта пайда болған. Негізібұл үңгір кезінде яғни әріде басқаша болған бұл жерді Кеңес үкіметі кезінде геологтар құпиясын ашу мақсатында зерттемек болған, үңгірдің ішіне кіріп көру үшін алып тастарды арнайы құралдармен құлатпақ болған, сол уақытта аяқ астынан осы жерді жыландар мен түйелер қаптап кеткен екен, үшіншісі сол кезде пайда болған. Бұл жердің құдіретін осыдан кейін-ақ түсіне беруге болады.

Қорыта айтсам, Түркістан облысы аумағында бұдан да өзге қасиетті орындар жетерлік және рухани-мәдени байығысы келген әр адамның баруына тұрарлық. Олар жайлы да көлемді әңгімелер болашақта жарық көретін болады.

Дайындаған: Б.Ерман,

ERNUR.KZ