Анасы бірнеше ай бойы қызын қорқытып келген кінәліні жазалауды талап етуде.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Шымкент полицейлері 15 жасар қызды зорлау туралы істі құқықбұзушылықтың анықталмауына байланысты тоқтатқан, деп хабарлайды ERNUR.KZ vera.kz порталына сілтеме жасап.
Бұл жағдай 2019 жылдың шілде айында басталған. Қыздың анасы аталған құқықбұзушылыққа 25 жасар таныстарын айыптап отыр. Нақтырақ айтсақ, зардап шеккен қыздың отбасы көктем мен жаз айларында «Біркөлік» шатқалындағы демалыс аймағын жұмыс істеуге жалға алады. Тиісінше, күдікті азамат та сол жердегі мейрамханада жұмыс істеген көрінеді. Сондай-ақ, қыздың әкесі бұл былықты білмей тұрып күдікті жігітті жүргізуші ретінде жұмысқа алып, ол кейде қызын мектепке апарып жүрген.
«16 шілде күні қызым үйде демалуды сұрады, ол біздің демалыс аймағында даяшы болып жұмыс істейтін. Біз оған үйдегі иттерді тамақтандырып, құрбысымен саябақта серуендеуге рұқсат бердік және қызым 21.00-де үйде болған. Сағат 22.00-де ол маған қоңырау соғып, «Қайырлы түн» тіледі. Ал, таңертең мен біртүрлі сезіммен ояндым, қызымның ұялы телефон өшіп тұрғасын күйеуім екеуміз асығып қалаға жүріп кеттік", – дейді қыздың анасы.
Сондай-ақ, ата-анасы барған кезде қызы өзін басқаша ұстаған және әкесі гараж маңынан 43-өлшемдегі ер адамның іздерін көрген.
"Қызым бұл адам үйде болғанын мойындады. Біз оны гинекологияға тексертіп, сол күні полицияға арыз жазбақ болдық. Бірақ, полиция тарапынан толық деректер керек дегесін, келесі күні тауып, өтінішті қабылдады. Содан кейін, біз сот-медициналық сараптамадан өтіп, нәтижелерін аламыз дегенше бір жарым ай өтіп кетті. Ал, ол кезде полиция арызды қараудан алып тастаған", – дейді жәбірленушінің анасы.
Сонымен қатар, болған әрбір оқиғаны баяндап берген ата-ана жігіттің әпкесі кешірім сұрап келгенін және кешірім бермегенін, одан бөлек қызының психологиялық тұрғыдан ауыр соққы алғанын айтқан. Тіпті, жәбірленушіні қараған психологтар «Қыздың өмір сүруге құлқы жоқ» деген пікір айтыпты.
Одан бөлек, Шымкент қаласы Еңбекші ауданының прокуратурасы баласы үшін шырылдаған ананың талабына ресми жауап берген.
"Шымкент қаласы Еңбекші ауданының прокуратурасы қадағалау тәртібі мен тексеру нәтижесі бойынша аталған шешімнің күші жойылып, барлық мән-жайларды толық және жан-жақты зерттеудің қамтамасыз етілмеуіне байланысты іс қосымша тергеуге жіберілді. Қылмыстық істің өзге де егжей-тегжейі тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды. Іс аудан прокуратурасының бақылауында", - делінген хабарламада.
Алайда, зардап шеккен қыздың анасының айтуынша, іс тағы да сол қараудан бас тартқан тергеушінің үстеліне түскен. Ол тергеуші осыған дейін 15 жасар қызға қатысты ересек адамның іс-қимылынан қылмыс белгілерін таппаған көрінеді.