2019 жылы Шымкент қаласына келуші туристердің саны көбейген

0
1 168

2019 жылдың алғашқы 6 айында үшінші мегаполиске жүз мыңнан астам турист келген.


2019 жылы Шымкент қаласына келуші туристердің саны көбейген

Бүгін Шымкент қаласы туризм басқармасының 2019 жылдың алғашқы 6 айында атқарған жұмыстары туралы баспасөз брифингі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Аталған брифингте алғашқы болып сөз алған Шымкент қалалық туризм басқармасының басшысының міндетін атқарушы Қалқабаев Азамат Мұратбекұлы қазіргі таңда аталған басқарманың штаттық құрылымында 9 бірлік мемлекеттік және 5 штаттан тыс қызметкер жұмыс істейтінін және Шымкентке келуші туристердің саны 2018 жылмен салыстырғанда 2019 жылы едәуір артқанын жеткізді.

«2019 жылдың алғашқы 6 айында қалаға келуші туристер саны 111 591 адамға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34,6%-ға артып отыр.Оның ішінде, ішкі туризм бойынша келушілер саны 97 418 және кіру туризмі бойынша келушілер саны 14 173 адамды құрап отыр», - деді Азамат Мұратбекұлы өз сөзінде.


Сондай-ақ, басқарма басшысы міндетін атқарушының сөзіне сүйенсек, 2019 жылдың басынан бастап туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында ҚР-ның туризм саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының өңірлік деңгейдегі ТОП-50 Туристендіру картасы нысандарының тізбесіне Шымкенттегі «Ескі қалашық» кешені енгізілген. Одан бөлек, қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында 2GIS электрондық навигациялық жүйесіне енгізілетін «Сайрамның сакралды объектілері», «Жастарға арналған», «Фотоаймақтар» және т.б. жаңа дербес бағыттар әзірленген.


Сонымен қатар, аталған басқарма өкілдері жиын барысында БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, сервисті жақсарту бағытындағы қоғам белсенділері, туризм мамандары мен туризм инструкторлары тарапынан ұсынылған Шымкент қаласында «Жас туристер станциясын» құру жоспарын жүзеге асыруға барынша қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.