151 орта мектептен 6 мыңға жуық оқушы қатысты.
Шымкент қаласында Мұрат Әйтеновтың бастамасымен жүзеге асырылып, үш айға созылған байрақты бәсеке - «Шымкент жастар лигасы» өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Қажымұқан» орталық стадионында өткен финалда N65 мектеп командасы N90 мектеп командасын 3:1 есебімен жеңіп, футболдан Жастар лигасы 2022 жылдың чемпионы атанды. Жобаның жабылу рәсіміне қала әкімі арнайы қатысып, балаларды жеңіспен құттықтады.
– «Шымкент жастар лигасы» Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған кешенді бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қаламызда екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл жоба жастарды патриот, отансүйгіш, елжанды етіп тәрбиелеуге септігін тигізеді. Себебі, спорт денсаулықтың ғана кепілі емес, ол адамды табандылыққа баули отырып, ерік-жігерін шыңдай түседі. Бүгінгі жарыста жеңіске жеткен оқушылар тек спортта ғана емес, олар өз мектебінің абыройы мен беделі үшін атсалысты. Бүгін өзі білім алатын алтын ұя мектебінің намысын қорғаған жас жеткіншектер ертең ер жеткенде елінің де намысын қорғайтын, Отанына адал қызмет ететін азамат болады деп сенемін.Сондықтан бүгінгі жеңістеріңіз өмір жолдарыңыздың үлкен бастауы болсын! - деп тілек білдірді қала басшысы Мұрат Әйтенов.
Жоба мектеп оқушыларының бос уақытын ұйымдастыру, бұқаралық спортты дамыту және ҚР чемпионаттарына команда жасақтау мақсатында екінші рет ұйымдастырылып отыр. Жобаға деген қызығушылық жылдан жылға артып келеді. Өткен жылы 140 мектеп қатысқан болса, биылғы біріншілікке спорттың төрт түрінен қаладағы 151 орта мектептен 6 мыңға жуық оқушы қатысты.
Жарыс спорттың футбол, волейбол, баскетбол, сонымен бірге интеллектуалдық шахмат ойындарынан өтті. Жалпы жүлде қоры 80 млн. теңге. Жеңімпаз командаларға 20 млн. теңге көлемінде ақшалай сыйлық берілді.
Осы спорттық жарыстарға төрелік етуге және ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуге 400-ге жуық дене шынықтыру және спорт саласының мамандары жұмылдырылған.