"Біз оларға лайықты жәрдем көрсетуіміз керек".
ERNUR.KZ. Әлеуметтік тұрғыдан қиын жағдайға тап болған және тұрақты табысы жоқ, балалары қолына қараған аналарға Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов лайықты қолдау көрсетуді ұсынды, деп хабарлайды ERNUR.KZ қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Яғни, олардың белгілі бір кәсіби мамандықтар бойынша білімін жетілдіруіне және өз ісін ашу үшін жеңілдікпен несие алуына жәрдем көрсетілмек.
- Көбіне менің қабылдауыма келген азаматшалар күйеулерінің жұмыс істемейтінін, отбасын асырауға бей-жай қарайтынын не болмаса отбасын мүлдем тастап кеткенін ашына отырып айтады. Олар жарқын өмірден үмітсіз де емес. Дегенмен, күнделікті тапқан табысы балаларын қатарынан кем қылмай бағып-тәрбиелеуге мүмкіндік бермейді.
Олар отбасының бақытты ғұмыры үшін еселі еңбек етуге әзір. Сол себептен де, біз оларға лайықты жәрдем көрсетуіміз керек. Бұл тұрғыда, біздің міндетіміз – олардың өз ісін жүргізіп, аяғына нық тұрып кетуіне ықпал ету, – деді қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов. Осы мақсатта Ғ.Рахматоллаұлы қала әкімдігінің аппараты мәжілісінде жауапты сала мамандарына тағдыр теперішін тартқан әйелдер үшін шағын бизнесті дамыту бағдарламасын әзірлеуді тапсырып, бір ай уақыт мерзімін белгіледі.
Бағдарламаның негізгі бағытына сәйкес, өз ісін ашуға ниетті әйелдер өзі таңдаған мамандықтар бойынша, яғни, шаштараз, маникюр, массаж, аспаз немесе тігіншілік секілді қысқа курстардан өтуі тиіс. Осы арқылы олардың өз шағын бизнесі және тұрақты табысы болмақ.
Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының мәліметтері бойынша, қазіргі уақытта қала аумағында тұрақты жұмыс орындарына мұқтаж 10 мыңға жуық әйел тіркелген.