«Bereke – fest»: Шымкентте этнофестиваль ұйымдастырылды

0
676

Алтын күз мерекесіне арналған іс-шараның мақсаты - қаланың әлеуеті мен агроөнеркәсібіндегі жетістіктерді насихаттау, ұлттық жәрмеңке думанын қайта жаңғырту.


«Bereke – fest»: Шымкентте этнофестиваль ұйымдастырылды

Шымкент қаласында «Мизам – береке мен бірлік мерекесі» атты «Bereke – fest» этнофестивалі ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Алтын күз мерекесіне арналған іс-шараның мақсаты - қаланың әлеуеті мен агроөнеркәсібіндегі жетістіктерді насихаттау, ұлттық жәрмеңке думанын қайта жаңғырту.

25 қазан – Республика күні аясында өтіп жатқан алтын күз мерекесіне ұлттық өнерге жанашыр қала тұрғындары, қолөнер шеберлері, мәдениет саласының қызметкерлері қатысуда.

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, ауылшаруашылығы саласы қызметкерлерін марапаттады.

Ауылшаруашылығы – Оңтүстік өңірі үшін негізгі салалардың бірі. Шымкент қаласында жыл сайын 90 мың тонна өнім жиналады. Қазіргі уақытта ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласына назар аударылуда. Шаһарда агронеркәсіп кешендері іске қосылып жатыр. Ендігі ретте қала дүкендерінде отандық өнімдердің қатары артатынына сенім мол. Баршаңызды алтын күз мерекесімен құттықтаймын, – деді қала әкімінің бірінші орынбасары.

Жиында ауылшаруашылығы саласы кәсіпорындары, шаруа қожалықтар басшылары «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің «Құрмет грамотасымен», қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Айта кетейік, «Bereke – fest» этнофестивалі кешкі 18:00-ге дейін жалғасады. Іс-шарада ұлттық спорт ойындары, қолөнершілер көрмесі, ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтіп жатыр.

Еске сала кетейік, 2022 жылдың I-жарты жылдығында ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемі 114,4 миллион АҚШ долларын құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 23,3 миллион АҚШ долларына артты. Жалпы ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестицияның көлемі 3,6 миллиард теңгені құрады. Биылғы жылы 30 мың га егістік жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. 6 айда 40,7 мың тонна өнім жиналды, жыл соңына дейін 90,1 мың тонна өнім алу жоспарлануда.