Бірнеше автобус бағыты өзгереді: Шымкентте үш деңгейлі жолайрық салынады

0
1 079

Құрылыс жоспары бойынша ені 80 метрлі 4-6 жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселмек.


Бірнеше автобус бағыты өзгереді: Шымкентте үш деңгейлі жолайрық салынады

Шымкент қаласындағы көлік қозғалысын реттеудің кешенді жоспарына сәйкес, Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысында 2022-2023 жылдар аралығында үш деңгейлі жолайрық салынады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған нысанның құрылысы туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары М.Исахов пен қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Е.Жолдасов брифинг барысында мәлімдеді.
Қала әкімінің орынбасары 2022 жылдың 5 қаңтары күні нысанның алғашқы қазығы қағылып, жер қазу жұмыстары басталып, осы күннен бастап магистралдағы көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылатынын жеткізді.
«Бәйдібек би даңғылы Шымкенттегі негізгі көлік магистралінің бірі. Шаһардың солтүстігі мен оңтүстігін байланыстыратын жолдың тәуліктік көлік жүктелімі соңғы жылдары айтарлықтай өсті. Қаланың тұрақты өсу динамикасын ескерер болсақ, бұл магистралдағы көлік жүктелімі жылдан жылға арта бермек. Яғни, жолдың көлік өткізу қабілетін арттыру – уақыт күттірмейтін мәселеге айналып келеді», - деді М.Исахов.
Құрылысқа байланысты Арғынбеков көшесінің қос бағыты бойынша көлік қозғалысы сегіз айға шектеледі. Батыстан шығысқа қарай Байтұрсынов көшесінен Бәйдібек би даңғылы аралығы және шығыстан батысқа қарай жаяу жүргіншілерге арналған жол өткеліндегі бағдаршамнан Бәйдібек би даңғылы аралығы жабылады. Көлік қозғалысы үшін альтернативті магистралдар ретінде Рысқұлов және Төлеметов көшелері белгіленген.

"Жолайрық құрылысы кезінде ешқандай да ғимарат бұзылмайды. Тек қана Арғынбеков көшесінің батыс жағындағы Бәйдібек көшесінен батысқа қарай Байтұрсынов көшесіне дейінгі үйлердің қоршаулары кетеді. Өйткені ол қоршаулар өздеріне тиесілі жерлерінен шығып кеткен. Заңсыз қойылған бір-екі нысан бұзылады. Жалпы, үйлер немесе ғимараттар сатып алынбайды", - деді қала әкімінің орынбасары.

Басқарма басшысы Е.Жолдасов жолайрықтың техникалық сипатына сәйкес, Бәйдібек би даңғылында 700 метр, Арғынбеков көшесінде 921 метр көше аралығы құрылыс аумағына енгенін атап өтті.
Құрылыс жоспары бойынша ені 80 метрлі 4-6 жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселмек.

Брифинг барысында Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Е.Жолдасов жолайрық құрылысына байланысты бірнеше қоғамдық көліктің бағыты өзгеретінін мәлімдеді. Атап айтар болсақ, №141, 146, 92, 104, 27 автобустардың бағыты өзгереді.