Құрылыс жұмыстары келесі жылы аяқталады.
Биыл Шымкент қаласында алты елдімекенде ауыз су құрылысы басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Еңбекші ауданында 35 елдімекен, яғни тұрғындардың 94,4 пайызы ауыз сумен қамтылған. 2022-2023 жылдары қамту көрсеткішін 98 пайызға жеткізу мақсатында биыл 6 елдімекенде (Қарабастау, Қаратөбе, Жұлдыз, Жыланбұзған, Айнатас, Тоғыс) құрылыс жұмыстары басталып, келесі жылы аяқталады.
Бұл туралы қала әкімінің есепті кездесуінде аудан басшысы Д.Есілбек баяндады.
Ал, кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін 59 пайызға жеткізу үшін осы Мирас, Шапағат-2, Ұлағат, Солтүстік Шығыс шағын аудандарында құрылыс жұмыстары жүргізілуде, жыл соңына дейін аяқталады. Ал Жұлдыз тұрғын алабында құрылыс биыл басталып, келер жылы қолданысқа беріледі.
Ауданды электр желісімен қамту келер жылы толығымен жүзеге асады. Осы мақсатта Абдулабад, Тоғыс, Тұрдыабад, Маятас, Оңтүстік, Айнатас елдімекендерінің жаңа құрылыс аумағында құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Табиғи газбен қамту көрсеткішін бұл жылы 90,7 пайызға жеткізу жоспарланған. Тоғыс, Елтай, Оңтүстік, Жыланбұзған, Қарабастау елдімекендеріне газ жүйесін тарту үшін ЖСҚ әзірленуде. Құрылыс жұмыстары алдағы жылы басталмақ.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында өткен жылы 18 көше жарықтандырылған болса, бұл жылы 34 көше жоспарда тұр. Еңбекші ауданындағы 702 көшенің 15-і магистралдық, 596-сы ішкі орамдық көшелер. Оның ішінде 437 көше асфальт, 158-і тас жол, 16-сы топырақ жол. Өткен жылы 57 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Биыл 132 көше жөнделеді.
Айта кетейік, 2022 жылы жоспарланған 308 көшенің бүгінгі таңда 77 нысан болатын 190 көшесінде жұмыстар толығымен аяқталды. Ал, қалған көшелерді жыл аяғына дейін аяқтау жоспарланған.
2025 жылға дейін ұзындығы 200 шақырымды құрайтын 174 көше орташа жөндеуден өтеді. Осы жылы сапалы жолмен қамту көрсеткіші 76 пайызға жетеді.