Ерлан Айтаханов жергілікті кәсіпкерлермен кездесті

0
998

Жиын барысында кәсіпкерліктің өзекті мәселелері көтерілді.


Ерлан Айтаханов жергілікті кәсіпкерлермен кездесті

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов қалалық кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің мүшелерімен және жергілікті инвесторлармен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Кездесу барысында Шымкент қаласында кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік саладағы жаңа жобалар таныстырылып, «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша Жобалық кеңсенің жұмысы пысықталды. Сонымен қатар, кәсіпкерліктің өзекті мәселелері көтерілді.

Сондай-ақ, әкімнің кәсіпкерлермен болған алғашқы бас қосуында әкімдік тарапынан әзірленген тұрғын үй құрылысы, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік, өндіріс салаларын дамыту мақсатында жаңа жобаларды таныстырып, бизнес өкілдерін мемлекеттік-жекешілік әріптестік аясында оны жүзеге асыруға шақырды.

Өндірісі мен инфрақұрылымы дамып келе жатқан Шымкентте кәсіпкерлік саласын дамытудағы потенциалы өте жоғары екенін айтқан Ерлан Қуанышұлы қала аумағында бүгінде 500-ден аса ірі және орта өнеркәсіп кәсіпорындары, 68 мың шағын және орта кәсіперлік субъектілері жұмыс істейтінін атап өтті.

Бұдан бөлек, әкім 306 гектар аумаққа жаңа «Жұлдыз» индустриалды аймағы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, жылыжай кешенін дамыту мақсатында қаланың әуежай маңынан 136 гектар аумаққа агро-индустриалды аймағын құру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтып, бұл кәсіпкерлер үшін кәсібін дамытуға жаңа мүмкіндік екенін айтты.

«Барлық дамыған мемлекеттердегідей шағын және орта бизнесті қаланың локомотивіне айналдыруымыз қажет. Ол үшін барлығымыз бірлесе жұмыс жүргізуіміз керек. Бүгінгі кездесуді пайдалана отырып, өздеріңізді аталған жобаларға атсалысуға шақырамын. Аталған салаларды дамыту еліміздегі әлеуметтік саламыздың мәселесін шешіп қана қоймай, экономикалық тұрақтылықты сақтауға, әлеуметтік-экономикалық дамытуға, инвестиция көлемін арттыруға, сонымен қатар, өзіміздің жергілікті кәсіпкерлердің әлеуеті арқылы әлеуметтік мәселелерді шешуге зор үлесін қосатын болады», - деді Е.Айтаханов.

Айта кетейік, ашық пікірталас форматында өткен бұл жиынға жергілікті кәсіпкерлерден бөлек, түрлі қаржы ұйымдарының басшылары да қатысты.