Жасөспірім қыз бұған дейін үш рет үйінен кетіп қалған.
Шымкентте жоғалып кеткен 15 жасар қыз бес күннен бері іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы ең алғаш белгілі журналист Гүлмира Әбіқай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Журналисттің сөзінше, жасөспірім қыз 30 желтоқсан күні бауырымен жанжалдасып, үйінен шығып кеткен.
"Анеля Сагидуллаева жасы 15-те. 30 желтоқсан күні тете бауырымен ұрысып, үйден шығып кеткен содан әлі оралмады. Сол күні сағат 15:11 анасына бөгде нөмірден смс жібереді: “Мен кетіп бара жатырмын, енді іздемей-ақ қойыңыз”, - делінген Гүлмира Әбіқайдың жазбасында.
Қызынан хабар болар деп кешке дейін күткен анасы Гүлмира Әмзеева қараңғы түсе полицияға арызданған. Алайда Абай аудандық полиция басқармасы “Жұмыс күні келіңіз!” деп шығарып салыпты. Осыдан кейін жоғалған қыздың анасы халықтан көмек сұрап, әлеуметтік желіде видео жариялады. Қыздың анасының сөзінше, полицейлер қаладағы "камералардың жұмыс істемейтінін" айтқан.
Аталған видеоны белгілі заңгер Айгүл Орынбек өзінің парақшасында жариялады. Ол қаланың ортасынан жоғалып кеткен кішкентай қыздың бес күннен бері табылмай жатқанын айтқан. Сонымен қоса, "камералардың жұмыс істемейтінін" алға тартқан.
“Шымкент қаласының камералары жұмыс істемейді" дегенді қалай түсінсек болады Әйтенов?Камераларға бөлініп жатқан миллиондар қайда? Мал емес, Адам жоғалып отыр! Қаланың ортасынан жоғалып кеткен, Кішкентай қызды бес күннен бері таба алмай отыр. Камералар көліктерді ғана түсіріп, айыппұл салуға арналған ба? Қауіпсіз қала, қауіпсіз тұрғын жобасы жүзеге асып жатқан жоқ!", - деп жазды Айгүл Орынбек.
Осыдан кейін аталған оқиғаға қатысты Шымкент полиция департаментінің баспасөз қызметі түсініктеме берді. Басқарма өкілдерінің сөзінше, жасөспірім қыз бұған дейін үш рет үйінен кетіп қалған.
"Аталған жайт Абай аудандық полиция басқармасында тіркелген. Ол үйінен інілерімен жанжалдасып, шығып кеткені анықталды. Қазіргі таңда криминалдық полиция басқармасының қызметкерлерімен жасөспірімді жан-жақты іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Айта кететін жайт, бұл қыз бұған дейін яғни, 2022 жылы 3 рет үйінен кетіп қалып, полиция қызметкерлерімен ата-анасына қайта тапсырылған. Бүгінде аталған іс полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында", - делінген баспасөз хабарламасында.
Қыздың бойы 165-170 сантиметр, шашы қара-қоңыр, көздері қоңыр. Үстіне қара түсті күртеше мен шалбар киген, аяғында ашық түсті кроссовка болған. Жасөспірімнің орналасқан жері туралы кез келген ақпараты бар және оны көрген азаматтар болса «102» арнасына немесе 8777-679-18-24 нөміріне хабарласуды сұраймыз.