Бұл туралы Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Қарулы Күштер қатарына Шымкент жастарының соңғы легі аттанды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Өз елінің патриоты болу, әскерге барып, еліне қызмет ету – әрбір жас қазақстандықтың міндеті. Осындай қағиданы ұстанған Шымкент қаласының 22 азаматы Қарулы күштер қатарына Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды.
Болашақ сарбаздарды таңдау барысында денсаулығы мен алған мамандығы ескерілді. Мерзімді әскери қызметке шақыру медициналық комиссиялар мен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен жүзеге асырылды. Денсаулығы мықты, дене бітімі шыныққан, сауаты жеткілікті, моральдік-іскерлік қабілеті жоғары деп танылған Шымкент қаласының 22 азаматы Отар 40-шы әскери базасында орналасқан кіші мамандарды дайындайтын оқу орталығында борыштарын өтейтін болады.
Аталған оқу орталығында алты ай ішінде сарбаздар мотоатқыштар, танктер, десанттық-шабуылдау әскерлері, артиллерия, теңіз жаяу әскерлері және әуе шабуылына қарсы қорғаныс үшін механик-жүргізуші және зеңбірекші-жауынгерлік машина операторларының мамандықтарын игереді. Оқу орталығын аяқтағаннан кейін әскери қызметшілер Құрлық әскерлерінің әскери бөлімдеріне бөлініп, онда олар қызметін жалғастыратын болады.
- Бұл менің өз таңдауым. Себебі, өзін ер азаматпын деп санайтын кеудесінде ар-намысы, бойында жігері, жүрегінде оты бар әрбір жан үшін ең басты парыз – ол Отан алдындағы борышын өтеу болса, менде оны орындауым керек. Сондықтан бүгін әскерге кетіп барамын. Өзімнің болашағымдыда әскери маман ретінде көремін, - дейді әскерге шақырулышы Мирас Тимурбаев.
Бүгінгі таңда көктемгі шақыру науқаны аясында үшінші мегаполистен 18 бен 27 жас аралығындағы 250-ге жуық ер-азамат ҚР Қарулы Күштерінің қатарына шақырылды. Жалпы, көктемгі шақыру науқаны үшін Шымкенттен 900-ге жуық жас жігітті әскер қатарына шақыру жоспарланған.
Айта кетейік, Шымкент қаласының тұрғындары бүкіл ел бойынша құрлық, десанттық-шабуылдау және зымыран-артиллериялық әскерлерде мерзімді қызмет өткереді, ал инженерлік мамандықтары бар әскерге шақырылушылар көбінесе бейіні бойынша қызметті таңдайды. 2021 жылғы 1 наурыздан бастап әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату Мемлекеттік қызметтер болып табылатынын және азаматтарға электрондық үкімет порталы арқылы ұсынылатынын атап өту қажет.