Үш күндік бағдарламаға негізделген турнирдің алғашқы кезеңі өз мәресіне жетті.
ERNUR.KZ. Шымкентте алғаш рет өткен «Шырайлы Шымкент қаласында бізбен бірге жеңімпаз атан!» атты менталды арифметика бойынша жазғы турнирінің алғашқы кезеңі аяқталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Шымкентте алғаш рет «Юсимас-Қазақстан» және «Алиар-Юсимас» Халықаралық интеллектуалды даму академиясы студенттерінің қатысуымен «Шырайлы Шымкент қаласында бізбен бірге жеңімпаз атан!» атты менталды арифметика бойынша жазғы турнирі өтіп жатыр.
Үш күндік бағдарламаға негізделген турнирдің алғашқы кезеңі өз мәресіне жетті.
Сонымен, алғашқы кезеңде жас дарындар бірнеше турдан тұратын жылдамдық есебінде емтихан тапсырудан сынға түсті. Еліміздің әр аймағынан жиналған 200-ге жуық жас генийлер бүгінгі сайыста өздерінің есепке ұшқыр екендіктерімен жиналған көрермендерді тәнті етті. 3 категорияға бөлінген жас дарындар жарыс соңында алғыс хаттармен және кубоктармен марапатталды. Атап айтқанда 22 бала 1-дәрежелі, 35 бала 2-дәрежелі, қалғаны 3-дәрежелі дипломдарға ие болды.
Айта кетейік, бұл турнирдің 2-күні тарихи-танымдық іс шараларға жалғасады. Атап айтқанда, әр аймақтан жиналған балалар Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы тарихи ескерткіштерді аралап, танысатын болады.
Еске салсақ, аталған іс-шара Қазақстан Республикасы астанасының 20 жылдығына, сондай-ақ Шымкент қаласының республикалық маңызы бар қала мәртебесі алуына арналған. Жазғы турнирге 200-ден астам Испания, Индонезия, Малайзия, Иордания, Біріккен Араб Әмірлігі және көптеген басқа елдерден жүлделі орын алған UCMAS студенттері қатысып жатыр.