«Халық қатысатын бюджет»: Шымкентте 60-қа жуық тұрғын үйдің ауласы абаттандырылады

0
850

Шымкентте осы жоба бойынша 1 миллиард 165.6 миллион теңгелік 55 жоба іске асырылды.


«Халық қатысатын бюджет»: Шымкентте 60-қа жуық тұрғын үйдің ауласы абаттандырылады
Биыл Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 59 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы абаттандырылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Олардағы ортақ пайдалану орындары, тротуарлар мен пандустар жасалып, спорттық және балалар алаңдары жаңартылады. Мұнан бөлек аулаларды көгалдандыру мен жарықтандыру да көзделіп отыр.
Бұл туралы Әл-Фараби ауданының тұрғындарымен кездесіп, өткен жылы атқарылған жұмыстар мен биылғы жоспарлары туралы баяндаған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, тұрғындардың жергілікті жердегі мәселелерді шешуге ықпалын арттыру мақсатында «Халық қатысатын бюджет» жобасы енгізілгені белгілі. Тұрғындар электронды үкімет порталы арқылы өздері ең маңызды деп есептейтін мәселелерді шешу бойынша ұсыныстар енгізіп, оларға дауыс береді. Азаматтардың ең көп дауысына ие болған жобалар бірінші кезекте қаржыландырылады. Осы әдіспен өткен жылы Әл-Фараби ауданында 14 жоба жүзеге асты. Оған бюджеттен 269.3 миллион теңге жұмсалды. Биыл қаржыландыру көлемін бірнеше есе көбейтіп, Әл-Фараби ауданы бойынша 1 миллиард 641,2 миллион теңгеге 59 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Шаһар басшысының айтуынша, «Халық қатысатын бюджет» жобасына бөлінетін қаржы тек Әл-Фараби ауданында ғана емес, бүкіл қала бойынша да көбейген. Нақтырақ айтар болсақ, өткен жылы Шымкентте осы жоба бойынша 1 миллиард 165.6 миллион теңгелік 55 жоба іске асырылған болса, биыл 4 миллиард 505,7 миллион теңгелік 148 жоба жоспарға енгізілген. Яғни, жобаны қаржыландыру көлемі шамамен 4 есеге артқан.
Айта кетейік, тұрғындармен кездесу барысында М.Әйтенов экономика, инфрақұрылым, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет пен спорт, әлеуметтік қамсыздандыру мен жұмыспен қамту және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағыттары бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Сонымен қатар тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.