ҚР Чемпионаты: Шымкенттік спортшылар 400-ден астам алтын медаль жеңіп алды

0
546

327 күміс, 367 қола медаль жеңіп алды.


ҚР Чемпионаты: Шымкенттік спортшылар 400-ден астам алтын медаль жеңіп алды

Шымкенттік спортшылар 2021 жылдың 9 айында ҚР чемпионаттары мен біріншіліктеріне қатысып, 415 алтын, 327 күміс, 367 қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жыл басынан бері өткен Азия чемпионаттарында қала спортшылары 33 алтын, 28 күміс және 14 қолаға қол жеткізді. Сонымен қатар, әлем чемпионаттарында 4 алтын, 8 күміс және 5 қола, әлем кубоктарынан 9 алтын, 8 күміс және 16 қола медальге ие болды.
Қала спортшылары соңғы нәтижелерді қоспағанда, 9 айдың қорытындысы бойынша осындай нәтижелерге қол жеткізді.
2021 жылдың 9 айында 13 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 144 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 270 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалды.
Әр төрт жылда бір рет өтетін Қазақстан Республикасының V Жастар спорттық ойындарында Шымкент қаласының құрама командасы жалпы командалық есепте 1004 ұпаймен 2-ші орынға иелік етті.
ҚР ұлттық құрама командасына Шымкент қаласынан жалпы 885 спортшы енген. Оның ішінде, негізгі құрамаға – 416 спортшы, жастар құрамасына – 268 спортшы, жасөспірімдер құрамасына – 201 спортшы.
Токио қаласында өткен ХХХІІ Жазғы Олимпиада Ойындарына Шымкент қаласының 10 спортшысы қатысып, нәтижесінде екі спортшы қола жүлде иеленді және бір спортшы бесінші орынға ие болды.
Сондай-ақ, Жазғы Паралимпиада Ойындарында жүзу спорт түрінен Роман Агалаков бақ сынады.
2022 жылы ақпанның 04-20 күндері Қытайдың Бейжің қаласында ХХІV Қысқы Олимпиада Ойындары өтеді. Бұл дүбірлі бәсекеге қатысуға Шымкент қаласынан 5 спортшы үміткерлер қатарында. Атап айтқанда, фристайл-акробатикадан 4 спортшы – Маржан Ақжігіт, Аяна Жолдас, Шерзод Хаширбаев және Ильдар Бадрутдинов дайындық жүргізуде. Ал шорт-тректен Нұрлыбек Бейсеев үміткерлердің бірі.