Су басқан елдімекеннің тұрғындары тізеден су кешіп жүр.
Шымкенттегі су басқан ауыл тұрғындары өзеннен келген сумен алысып жатқанда қырдан да су келгенін айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Үйдің ауласын су басқанда тұрғындар қырға қашқан. Өзен тасып, көпірден асып өткен су жол жағалай келіп аулаларға кіргенде, жауын-шашынның салдарынан қырдан да су тасқыны темір жолдың үстінен асып өтіп кірген. Бұл туралы Елтай ауылының тұрғындары айтып берді.
Ауыл тұрғыны Сапаркүл Шерханованың айтуынша, қатты жауған жауын көшені суға толтырған.
"Жаңбыр 17:15-те басталды. Қатты жауды. Труба бекітіліп қалған ғой, содан бері қарай үйімізге қарай ақты. Онымен қоймай, пойыз жол жақтан тағы су ақты. Бірақ, үйге кірген жоқ. Іргетаспен бірдей болып, су толды. Алайда, сарайға зақым келді", - дейді ол.
Үй маңы суға тола бастаған соң, қорадағы малын босатып, отбасымен бірге қырға қарай қашып кетіпті.
Судың қатты жылдамдықпен ағып жатқандығы себебінен, тау тастары ауыл ішіне жеткен. Қазір ауыл көшелері тас аралас балшық басқан.