"Қысым көрсетіп жатыр": Шымкенттегі белгілі трансплантолог Тоқаевтан көмек сұрады

0
683

Абылай Донбайдың сөзінше, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы оны қызметтен кетіре алмай жатқан көрінеді.


сурет: ашық дереккөзден

Шымкенттегі №1 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Абылай Донбай басшылық тарапынан қысым көріп жатқанын айтып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бас дәрігердің видеоүндеуі журналист Михаил Козачковтың Telegram-каналында жарияланды.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев! Менің есімім Донбай Абылай Абдужаппарулы. Мен Шымкенттегі №1 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігерімін. Денсаулық саласында 18 жылдан бері қызмет етіп келемін.
Соңғы екі айдан бері жұмыс істей алмай келемін, өйткені қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков тарапынан қысым болып жатыр. Соңғы екі айдан бері мүлдем операцияға кірмеймін, науқастарға ақыл-кеңес айтпаймын. Өйткені, жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді, үстімнен түрлі жөн-жосықсыз арыз-шағымдар ұйымдастырады. Сол арыздардың негізінде тексерулер болады. Соңғы екі айда түрлі органдардан, оның ішінде құқық қорғау органдарынан да 20-дан астам тексеру келді. Бірақ, ешбірінде арыздағы мәліметтер дәлелін таппады», - дейді бас дәрігер видеоүндеуінде.

Абылай Донбайдың сөзінше, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы оны қызметтен кетіре алмай жатқан көрінеді. Тіпті, ашық қоқан-лоққы жасаған.

«Нұрлыбек Асылбековпен жеке сөйлестік, ол маған сөгіс беремін, артынан қатаң сөгіс, сосын қызметтен қуамын деп ашық айтып отыр. Мен шетелде оқығаннан кейін сол жаққа кетіп қалмай, өз елімде қызмет қыламын деп осында қалдым, Шымкентте денсаулық сақтау саласын дамытуға үлес қосып келемін», - деп араша сұрады дәрігер Қасым-Жомарт Тоқаевтан.

Видеоның толық нұсқасын осы жерден көре аласыздар.

Ал, Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері аталған оқиғаға байланысты алдағы уақытта пікір білдіретінін мәлімдеді.