Қызылсай тұрғын алабында теміржол асты өткелінің құрылысы басталды

0
585

Бүгінде салынып жатқан теміржол асты өткелінің құрылысына жалпы 10 техника жұмылдырылған.


Қызылсай тұрғын алабында теміржол асты өткелінің құрылысы басталды

Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов Қызылсай тұрғын алабындағы жол құрылысына барып, мұндағы жұмыстың жай-күйімен танысты - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкент қаласы Қаратау ауданындағы Қызылсай тұрғын алабының тұрғындары қала басшысымен кездесулерде көптен бері жол мәселесін көтеріп келген.

Нәтижесінде қала әкімінің бекіткен іс-шаралар жоспарына еніп, маусым айының басынан бері аталған тұрғын алапта қала орталығына қатынайтын тура жолдың құрылысы жүргізілуде.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметінің таратқан ақпаратына сәйкес, бүгінде салынып жатқан теміржол асты өткелінің құрылысына жалпы 10 техника жұмылдырылған. Сонымен қатар, жер жұмыстары және инженерлік желілерді қайта орнату іске асырылуда.

“Қала орталығына бару үшін бұрын айналып өтетін жолмен жүретінбіз. Ауа-райы қолайсыз мезгілдерде жедел жәрдемнің қатынауы өте қиын. Тұрғын алабымыздың осы жол мәселесі енді қолға алынды. Өткен жолы бір топ техника келіп, жолды жөндеу жұмыстарына кірісті. Міне, шаруа қарқынды жүріп жатыр.
Біз үшін бұл өте қуанышты жаңалық,”– дейді тұрғындар.
Теміржол асты өткелінің құрылысы аяқталған соң, тұрғындар сапалы жолмен толық қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, қалаға тиімді қатынауына және қауіпсіз қозғалуына мүмкіндік алады.