"Машинамен үйдің алдына келген": Шымкенттік полицейлер үй ұрыларын ұстай алмай жүр

0
1 146

Полицейден көңілі қалған тұрғындар енді ұрыны өздері ұстамақ...


иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден

Шымкент қаласы Асар-2 шағынауданында ұрлық өршіп тұр. Ал тұрғындардың полицейлерден көңілі қалған, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Асар-2 шағынауданында жаңа жылдан бері үй тонаушылардың қарасы азаймай тұрған көрінеді.

Аталған шағынаудан тұрғындарының айтуынша, ұрылар тапа-тал түсте де бар дүниені үптеп кетіп отыр екен.

“Осы 1 айдың ішінде біреудің теледидары, біреудің ноутбугы тіпті велосипед, қазан-ошағы да ұрланып жатыр”, - деп дабыл қақты тұрғындар.

Ол аздай жақында біреудің қалыңмалға берем деп отқан қомақты қаржысын да қолды еткен.

“Өзім үйде болған жоқпын. Бір абысыным қайтыс болып, жаназада жүріп қалдым. Дәл сол күні үйге үш бала келген. Оны көршім байқапты, бірақ туысқандары деп ойлапты. Екі баламды қабырғаға тақап, ұстап тұрған. Үшіншісі үйдің бәрін ақтарып шыққан. Мен бірақ арыз арыз жазбадым. Балаларымның аман қалғанына қуандым. Дәл сол күні үйде анам да болған. Ол кішкентай балаларымды алып, бір бөлмеде тығылып отырған. Тапа-тал түсте болған. Ол күні көршілерімнің балалары да біздің үйде болған. Көліктерінің номерін алып тастаған. Машиналарын есіктің алдына қойып, алаңсыз кірген. Бәрін білген, баламның атын да білген. Балама “мамаңмын ғой, ақша қай жерде тұр” деген. Той жасайтынымды біліп кірген”, - деді Асар-2 шағынауданының тұрғыны Гаухар Әбішова.

Әбден мазалары қашқан тұрғындар осыдан кейін, бала-шағаларын үйде жалғыз қалдыруға қорқатындарын жеткізді. Өйткені қарақшылар қайта келуі мүмкін деп қауіптеніп отыр.


Аталған оқиғаға байланысты Шымкент қаласы Полиция департаментімен байланысқан болатынбыз.

«Бұл мәселеден қаланың бас полицейі хабардар. Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков алдағы уақытта ықшамауданға барып, халықтың өзімен кездесуді жоспарлап отыр», - деді баспасөз хатшысы.


Ұрлықтан жапа шегіп жатқан бек бұл ғана шағын аудан емес көрінеді. Осыдан бір-екі жыл бұрын мұндай үй тонаушылары Асар-2 шағын ауданына жақын орналасқан Бозарық-2 саяжайы тұрғындарының да мазасын қашырып, талай дүниені қолды еткен екен. Бозарық-2 тұрғындарының ұрланған заттары да, ұры да сол күйі табылмапты.

«2018 жылы үйіме ұры түсті. Кешкі уақытта құдайы тамаққа кеткен едім. Бар-жоғы екі сағаттың ішінде залдың терезесінен кіріп, ноутбугымды, той істейін деп отырған ақшамызды және алтындарым мен бағалы заттарымды алып кеткен. Тойға деген ақшамызды несиеге алған едік.

Үйге келе сала полицияға хабарластық. Олар саусақ іздерін алды, қағаздар толтырды. Қанша рет полицияға бардым. Бірақ ешқандай заттарым табылған жоқ», - дейді тәртіп сақшыларынан көңілі қалған Бозарық-2 саяжайының тұрғыны Мөлдір Кенжебай.

Оның айтуынша, Бозарық-2 саяжайында 2018-2019 жылдары ұрлық өте көп болған көрінеді. Сол жылдары қайынағасының есігінің алдында тұрған 70 қойын бір түннің ішінде үптеп кеткен. 70 қой да сол күйі табылмапты. Одан кейін екі кештің ортасында тағы бір қайынағасының 600 мың теңгесін ұрлап кеткен екен.

Сол кезден бері үйді тастап кете алмайтын жағдайға жеткенін айтады Бозарық тұрғыны.

«Қанша жыл өтіп кетті, ешқайсысы табылмады. 70 қой да сол күйі жабулы қазан жабулы күйінде кетті. Бозарықта жоғалған нәрсе табылыпты дегенді ешқашан естіген емеспіз», - деді Мөлдір Кенжебай.

Өткен аптада барлық телеканалдардан көрсетіп, Асар-2 шағын ауданының тұрғындары жоғарыға жанайқайын жеткізген соң ол жерге қарайтын бөлімшелік полицей ауысыпты.

Бірақ одан да үміт жоқ сияқты, себебі жергілікті тұрғынның айтуынша өткен түні тағы бір үйді ұрылар тонап кеткен көрінеді.

Қазір шағын ауданның тұрғындары түнімен қорадағы малы мен үйінің айналасын кезек күзетіп, таңды таңға ұрып жүр.

Ендігі кезекте полицейден үміт күтпейтін тұрғындар арасынан белсенділер шығып ұрыны өздері ұстамаққа бекінген көрінеді.