​«Мәжбүрлеп бұзу болмайды»: Шымкентте биыл бұзылатын үйлердің тұрғындарына қандай пәтер беріледі

0
777

Егер тұрғындар келіспеген жағдайда, ақшалай немесе заттай нысанда тең бағалы өтемақы алуға құқылы.


​«Мәжбүрлеп бұзу болмайды»: Шымкентте биыл бұзылатын үйлердің тұрғындарына қандай пәтер беріледі

иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден

Биыл Шымкент қаласында 86 пәтерден тұратын 6 тұрғын үй бұзылып, оның орнына жаңа тұрғын үйлер салынады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Биыл үшінші мегаполисте тозығы жеткен тұрғын үйлер мәселесін шешу мақсатында реновация бағдарламасы іске қосылды.
Жаңа бағдарлама қаланың сәулеттік келбетіне кері әсер ететін ескірген ғимараттарды жойып, мегаполистің сәулеттік ерекшелігіне сай зәулім үйлер қатарын арттыру үшін қолға алынған. Бағдарлама аясында бірінші кезекте тозығы жеткен тұрғын үйлер және тұрғындардың келісімімен басқа да үйлер бұзылуы мүмкін. Сондай-ақ, тозығы жеткен үйлер аумағында орналасқан ғимараттар бағдарлама әкімшісіне реновациялауға жататын үйлердің тізбесіне қосуға өтініш білдіре алады. Жоба жасалғанда абаттандыру жұмыстарына қажет болған жағдайда тұрғын емес үй жайлар да бұзылады.

2023 жылы жалпы саны 86 пәтерден тұратын 6 тұрғын үйді бұзу жоспарланған. Аталған үйлер Абай ауданында – 1, Әл-Фараби ауданында – 1, Еңбекші ауданында – 1, Тұран ауданында – 3. Қазіргі таңда реновациялау жобаларына жеке инвесторлар тарту бойынша «Shymkent ӘКК» АҚ жұмыс жасауда.
«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы №1054 қаулысымен бекітілген Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасының 5.4.4 тармақшасына сәйкес, Шымкент қаласы әкімдігінің 07.06.2021 жылғы №460 қаулысымен Шымкент қаласының тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы бекітілді», - деді қалалық тұрғын үй басқармасының өкілдері.
Қазіргі таңда қала аумағындағы жөндеуді қажет ететін тұрғын үйлерге мониторинг жүргізіліп, бағдарламаны 2023-2029 жылдар аралығында жүзеге асыру жоспарланып отыр. Қалада бағдарламаны жүзеге асыру үшін арнайы штаб құрылды.

Қалалық тұрғын үй басқармасының мәліметінше, апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу меншік иелерінің келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Үй иелеріне бұзылған тұрғын үйдің орнына салынған жаңа пәтерлер беріледі. Меншік иелеріне құрылыс кезеңінде уақытша баспана немесе пәтер жалдау үшін ақшалай өтемақы төленеді. Авариялық және тозығы жеткен үйдің орнына салынып жатқан нысаннан қолданыстағы баспанасының көлеміне сай, жаңа пәтерлер бөлінеді. Сондай-ақ, қосымша ақы төлеген жағдайда тұрғындарға пәтерін кеңейтуге мүмкіндік беріледі.

Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы берген мәліметке сәйкес, реновация бағдарламасына енгізілген тұрғын үйлердегі тұрғын үй-жайлардың меншік иелеріне ауданы бойынша бірдей, бірақ бір бөлмелі пәтерден кем емес мөлшерде жаңа пәтерлер беру қарастырылған. Егер тұрғындар келіспеген жағдайда, ақшалай немесе заттай нысанда тең бағалы өтемақы алуға құқылы. Бұл ретте тең бағалы өтемақы мөлшері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес анықталады. Ал, тұрғын емес үй-жайлардың иелеріне оның құны өтеледі. Немесе салынып жатқан объектілерде ауданы бойынша бірдей тұрғын емес үй-жайларды беру мүмкіндігі қарастырылған.

«Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Shymkent» акционерлік қоғамының өкілдері бағдарлама тізіміне енгізілген меншік иелері жаңа тұрғын үйдің құрылысына қарсы болған жағдайда тұрғын үй бұзылмайтынын алға тартты. Яғни бұл жұмыстардың барлығы тұрғындардың келісімімен жүзеге асырылатынын айтты.
«Алдын-ала әкімшілік тараптан түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Реновация тізіміне енген үй иелері қарсы болған жағдайда мәжбүрлеп бұзу болмайды», - деді «Shymkent» ӘКК» АҚ мамандары.
Бағдарламаға қатысуға тұрғынжай меншік иелерінің келісімін алғаннан кейін инвестор құрылысқа бірлескен қызмет туралы келісімді Шымкент қаласы әкімдігіне бағынысты «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Shymkent» акционерлік қоғамымен келісімшарт жасасады. Жасалған келісім шарттың негізінде Уәкілетті ұйым инвестормен бірлесіп, тұрғын және тұрғын емес үй-жайдың әрбір меншік иесімен үшжақты келісім шартқа отырады. Келісім шарт негізінде инвестордың құрылыс барысында уақытша тұрғын үйді беру жөніндегі міндеттемелері мен кепілдіктері бекітіледі.

Айта кететін жайт, ескі тұрғын үйлердегі пәтер иелерімен жеке-жеке келісім жүргізілетін болады. Қазіргі таңда пәтер иелеріне бірнеше нұсқа ұсынылуда:

- Құрылыс-монтаж жұмыстары басталған мерзімнен аяқталғанға дейін уақытша пәтер жалдау. Жалдамалы пәтер құны инвестор есебінен төленеді;

- Құрылыс-монтаж жұмыстары басталған мерзімнен аяқталғанға дейін уақытша инвестор немесе «Shymkent» ӘКК» АҚ тарапынан ұсынылған пәтерлерде уақытша мерзімге қоныстану;

- Инвестор немесе пәтер иесі басқа тұрғын үйлерден жалпы ауданы және бөлме саны өзінің пәтерімен сәйкес келетін сатылатын пәтер тапқан жағдайда, екі пәтерді ауыстыру бойынша шарт жасау арқылы.


Ал, инвестор тарту жұмыстарына келер болсақ, қазіргі таңда жергілікті және басқа қалалардың инвесторларына түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге бағдарламаны жүзеге асырушы мекемелердің атқаратын жұмыстары айқындалған.

Қала тұрғындарының арасында бұл бағдарламаны қолдап жатқандармен қатар, қарсы болып жатқандар да бар.
«Тұрғындар алғаш естіген кезде сенімсіз көзқараспен қарайды және бірінші кезекте үй беруді сұрайды. Себебі, алданып қаламыз деген қорқыныштары бар», - деді тұрғын үй басқармасының өкілдері.
Осы мақсатта аудан әкімдігінің, Тұрғын үй басқармасының, «Shymkent» ӘКК» АҚ және инвестор өкілдерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.


Естеріңізге сала кетейік, осыдан біршама уақыт бұрын реновация бағдарламасы іске қосылғаны туралы жарияланған болатын.