Миллион теңге өндірмек: Тараз тұрғыны Шымкент зообағын сотқа берді

0
1 870

Тараздық әйел мұндай қадамға Шымкент зообағының өте лас әжетханасы үшін барған.


Миллион теңге өндірмек: Тараз тұрғыны Шымкент зообағын сотқа берді

Шымкентке қыдырып келген Тараз қаласының тұрғыны зоопарктегі әжетхананы сотқа беріп, моральдық шығын төлеуін талап етті, деп хабарлайды ERNUR.KZ time.kz порталына сілтеме жасап.

Тараз қаласының тұрғыны қызымен бірге Шымкентке қыдырып келіп, хайуанаттар бағына арнайы тоқтаған және ондағы әжетхана жағдайы тіпті нашар екенін айтып, сотқа шағымданған. Нақтырақ айтсақ, Г. есімді азаматша зообақ әкімшілігіне түсірген арызында дәретханада кәріз-желдету жүйесі, сабын, сүлгі, дәретхана қағазы, шыбын өткізбейтін торлар және т.б. жабдықтар жоқ деп айыптап, өте жағымсыз әсер алғандарын айтқан. Сонымен қатар, қала қонағы моральдық шығын өтеуге тұрарлық барлық дәлелді видеоға түсіріп алмағанымен, суреттер де жеткілікті екенін жеткізген.

Ал, хайуанаттар бағының басшылығы келуші осы жағдай арқылы өзіне «пиар» жасап жатыр және бұл үшін миллион теңге айыппұл төлеу ақылға сыймайды деп ойлайды.

«Күн сайын зоопаркке мыңдаған адам келеді, ал біз дәретхананы қадағалап отыра алмаймыз. Сонда, әрбір тұрғын миллион теңгеден алу керек пе? Бұл - ақылға сыймайтын сандырақ, тіпті бірдеңе деудің өзі күлкілі», - дейді бұл туралы хайуанаттар бағының директоры Нұрғазы Бұхарбаев.

Енді, бұл дауда кім жеңетіні сот шешіміне байланысты болмақ. Сондай-ақ, екі тарап та істі соңына дейін апаруға дайын екендіктерін жеткізген.