«Мүмкіндіктер алаңы»: Шымкентте бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

0
695

Жәрмеңкеге Шымкент қаласындағы 100-ге жуық жұмыс беруші мекемелер қатысты.


«Мүмкіндіктер алаңы»: Шымкентте бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Шымкентте қала күніне орай «Арбат» алаңында жұмыссыз азаматтарға арналған «Мүмкіндіктер алаңы» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жәрмеңкеде Шымкент қаласындағы 100-ге жуық жұмыс беруші мекемелер қатысып, 5000-нан аса жуық медициналық, техникалық және педагогикалық мамандықтары бойынша тұрақты және уақытша бос жұмыс орындары ұсынылды.

Атап айтқанда, «Арт-құрылыс», «Каз Транс Аймақ», "Halyk Bank" АҚ, "Magnum Cash Carry" ЖШС, "Назар Текстиль" ЖШС және т.б қаладағы арнаулы экономикалық аймақтағы кәсіпорындар мен мектеп, бала-бақшалар.

Шара барысында қала тұрғындарына, халықтың осал топтарына да 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберіндегі «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісім-шарты», «Күміс жас» және т.б. уақытша жұмыс орындары ұсынылды. Сондай-ақ, жұмыс іздеушілерге қызмет көрсету бұрыштары орнатылып, онда жас мамандарға түйіндеме толтыру, психологиялық көмек, және өзге мәселелер бойынша кеңес берілді. Сонымен қатар, Солтүстік өңірлерге қоныс аудару бойынша әр өңірдің өкілдері қала азаматтарын ақпараттандырды.

“Бүгін қала күніне орай, Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мен Жұмыспен қамту орталығы “Бос жұмыс орындар” жәрмеңкесін ұйымдастырып отырмыз. Ашық алаңда саябақта ұйымдастырдық. Бұл жәрмеңкеге қала бойынша жүзге жуық мекеме 5000-ға жуық бос жұмыс орындарын алып келіп отыр. Халықты жәрмеңкеге қатысып, өздерінің жұмыс орнын табуға шақырамыз”, - деді Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Әсет Шағдат Әсетұлы.

Жалпы, жыл басынан бері Ұлттық жоба шеңберінде 7 мыңнан астам шымкенттіктер жұмыспен қамту шараларына қатысты. Оның ішінде жұмыспен қамтылған жастардың қатарында 991-і жастар практикасымен, ал 160-ы алғашқы жұмыс орны жобасына қатысып, 100-ден аса азамат әлеуметтік жұмыс орындарына орналасты. Ал, 226 шымкенттік жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға бағытталған қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болды.