Мұрат Әйтенов Абай ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді

0
682

Кездесу барысында қала әкімі 6 айдағы қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін баяндап, тұрғындар сауалына жауап берді.


Мұрат Әйтенов Абай ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің Абай ауданы тұрғындарымен жоспарланған есепті кездесуі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Кездесу барысында қала әкімі 6 айдағы қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін баяндап, тұрғындар сауалына жауап берді.

- Халықпен кездесулер өткізудің 2022 жылға арналған күнтізбелері бекітіліп, тоқсан сайын тұрақты кездесулер өткізілуде. Бұл жаңа әдістің қажеттілігі мен тиімділігіне көз жеткізіп отырмыз. Себебі, мен 2022 жылдың I жарты жылдығында тұрғын алаптар мен шағын аудандарды аралап, 84 кездесу өткіздім. Жалпы кездесулерде қала тұрғындарынан 874 ұсыныс-пікір түсіп, оның 374-і орындалып, 316-ы жыл соңына дейін орындалады деп күтілуде. Ал, 184 мәселе ұзақ-мерзімді шешуді қажет ететіндіктен 2023-2025 жылдардың жоспарына енгізілген», - деді М.Әйтенов.

Оның ішінде Абай ауданы тұрғындарымен 18 елдімекенде 63 кездесу өткізген. 216 мәселе көтеріліп, бүгінде 86-сы шешілді, 97-сі орындалуда. 36 мәселе екі жылдық жоспарға енген.

Қала әкімінің есепті кездесуінде Абай ауданының әкімі Б.Парманов ауданның инженерлік-инфрақұрылыммен қамтылу барысы туралы айтты.

Осы жылы ауыз сумен қамтуды 100 пайызға жеткізу жоспарланған. Бұл мақсатта Құрсай (Арғымақ) шағын ауданында құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Аталған аудандағы Нұршуақ, Батыс, Жаңаталап елдімекендерінде құрылыс жұмыстары осы жылы ақталып, электр желісімен қамтылу көрсеткіші де 100 пайызға жетеді.

Биыл Абай ауданында табиғи газбен қамту көрсеткіші 91 пайызға жетеді. Осы мақсатта Көкбұлақ, Батыс, Арғымақ, Ақжар, Ақтас, Ақтас-2, Нұршуақ елдімекендерінде құрылыс жұмыстар басталды. Құрылыс жұмысы жыл соңына дейін аяқталады. Ал, Нұршуақ тұрғын алабындағы жұмыстар келесі жылға өтпелі.

27 мың халқы бар Самал-3 және 6300 халқы бар Солтүстік-батыс шағын аудандары осы жылы кәріз жүйесімен қамтылады. Қамтылу көрсеткіші 41,4 пайызға жетеді.

Айта кетейік, Абай ауданында былтыр 30 көше жарықтандырылды. Биыл 29 көше жарықтандырылар болса, аудандағы жалпы 140 көшеде түнгі жарықшам болады дегенді аңғартады. Сонымен бірге, жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында 2021 жылы 519 бейнебақылау камерасы қойылды. Осы жылы тағы қосымша 250 камера қойылмақ.