​Мұрат Әйтенов білім нысандарының құрылысымен танысты

0
517

Ғимарат құрылысын тексеру барысында қала әкімі бірнеше кемшіліктерді байқап, ескертулер жасады.


​Мұрат Әйтенов білім нысандарының құрылысымен танысты

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бүгін күрделі жөндеуден өтіп жатқан А.Навои атындағы №11 жалпы орта мектебіне барды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталмыш білім ошағы осы кезге дейін күрделі жөндеу көрмеген. Биыл шатырынан бастап, есік, терезе, еденіне дейін толық жаңартылды. Жылу жүйелері 100%-ға ауыстырылып, жаңа қоршау салынды. Сонымен қатар, химия, физика, биология, информатика т.б. зерттеу-лабороториялық кабинеттері қосылды. 250 ноутбук, 100 компьютер, 10 панель сатып алынды.

- Мұның барлығы үлкен жұмыс және жауапкершілік. Жаңа оқу жылы қарсаңында оқушылар жаңа ғимаратқа көшкендей әсерде болады деп ойлаймын. Қандай да ақау шықса, жауапты мердігер мекеме жіберген қателіктерін 5 жыл ішінде қайта түзеп беруі тиіс. Осы жағын дұрыстап қадағалаңыздар, - деді әкім.

Әзірге жұмыстың 85% орындалған. Күрделі жөндеу қыркүйекке дейін толық аяқталмақ.

Шаһар басшысы М.Әйтенов Сайрам тұрғын алабындағы Ю. Сареми атындағы №107 мектеп-лицейінің де құрылыс жұмыстарын тексерді.

2000 орынға арналған мектеп 3 қабаттан тұрады. Бұл білім ошағының жылу жүйесі 11 жыл бұрын ауыстырылса, шатыры мен бірнеше есік-терезесінің қойылғанына 8 жыл болған. Биыл ғимараттың тозығы жеткен тұстары бүтінделіп, шатырының 955 м2 ауысты, электр жүйелері 100%-ға жаңарды. Информатика, физика, химия, биология, логопед кабинеттері заман талабына сай жаңғырып, 2 интерактивті тақта, 350 ноутбук, 130 компьютер, 200 планшет, 8 панель сатып алынды.

Ғимарат құрылысын тексеру барысында қала әкімі бірнеше кемшіліктерді байқап, ескертулер жасады.

Барлық кем-кетік жойылғаннан кейін мектеп оқушыларға есігін ашпақ. Жалпы білім ошағы жаңа оқу жылына 90%-ға дайын. Қазіргі таңда аяқ жолдар төселіп, асфальттау жұмыстары жүруде.

Айта кетейік, 2021-2022 оқу жылында қаламыздағы 203 мектепте 242 525 оқушы білім алса, оның ішінде 11 сыныпта - 11 189 оқушы, 9 сыныпта – 19 251 оқушы.