Мұрат Әйтенов «Coca-Cola» компаниясының өкілімен кездесті

0
448

Шаһар басшысы компания өкіліне Шымкенттен осы сусындарды өндіретін арнайы өндіріс орнын ашу үшін барлық жағдайдың бар екендігін айтып, Шымкенттің салалық мүмкіншіліктеріне тоқталды.


Мұрат Әйтенов «Coca-Cola» компаниясының өкілімен кездесті

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов түркиялық «Coca-Cola İçecek» компаниясының Алматы қаласындағы директоры Мустафа Белтекинмен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Үшінші мегаполис мүмкіншіліктерін атап өткен шаһар басшысы компания өкіліне Шымкенттен осы сусындарды өндіретін арнайы өндіріс орнын ашу үшін барлық жағдайдың бар екендігін айтып, Шымкенттің салалық мүмкіншіліктеріне тоқталды.

Қала басшысы өз сөзінде биылғы жылы ауданы 306 гектарды құрайтын «Жұлдыз» жаңа үшінші индустриялық аймағының құрылғанын, қазіргі таңда инженерлік желілерді тарту жұмыстары жүргізіліп, құрылыс жұмыстарының таяуда аяқталатынын алға тартты. Инвесторларға ұзақ мерзімге жалға берілетін тегін жер телімдері, дайын инфрақұрылымдар мен коммуналдық қызметтерге тарифтер төмендетілгенін де жеткізді.

«Бүгінгі кездесу екі жақты ынтымақтастыққа септігін тигізіп қана қоймай, Шымкенттегі жаңа инвестициялық жобаны жүзеге асырудың алғы шарты болатынына сенімім мол», -деді ол.

«Coca-Cola İçecek» компаниясының өкілі әкімдік тарапынан арнайы жер телімі және инфрақұрылыммен қамтылу жағынан қолдау болса, инвестиция құюға әзір екендіктерін жеткізді.

Айта кетейік, Шымкент қаласында инвестиция тарту көлемі 73,2%-ға артқан. 2022 жылдың төрт айында қала экономикасына 108,6 млрд. теңге инвестиция тартылды, осы көрсеткіш бойынша Шымкент елімізде бірінші орынға ие болды. Ал, 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша қала экономикасына 260,7 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 38,8 %-ға артқан. 2021 жылы жалпы құны 152,6 млрд теңге, 2,5 мың жаңа жұмыс орнымен 63 инвестициялық жобаның іске асырылуы жоспарланған. Бүгінде 63 млрд теңгеге 33 жоба жүзеге асырылды. Жалпы қалада 2021-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 2,7 трлн. теңгеге 296 инвестициялық жобалардың базасы жасақталды. Жаңа 20 мыңнан аса жұмыс орындары ашылатын болады. Оның ішінде, 2022 жылы құны 241 млрд. теңгені құрайтын 65 инвестициялық жоба іске асырылып, 2500 жаңа жұмыс орындары ашылуы жоспарлануда.