Қазір мониторинг кезінде анықталған ескірген жүйелерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Шымкент қаласы аумағында жылу маусымына дайындық жұмыстарына апта сайын тұрақты мониторинг жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Сондай-ақ, М. Дүйсенбекұлы тиісті сала басшыларына жылу қазандықтарының, сорғы стансаларының дайындығын қадағалап, бюджеттік нысандардың қатты, сұйық отынға қажеттілігін нақтылауды тапсырды. Бұл кешенді шаралар қаладағы қолданыстағы жүйелерді жаңартып, жылу сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Шымкент қаласы аумағындағы 147 қазандықты салалық басқармаға өткізу жоспарлануда. Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына емдеу мекемелерінен - 15, білім нысандарынан – 121, мәдени ошақтардан - 3, спорт мекемелерінен - 6 қазандықты өткізу үшін техникалық құжаттарды түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Басқарма басшылары қазандықтарды беру барысында туындап отырған өзекті мәселелерді баяндап, ұсыныстарын жеткізді. М.Дүйсенбекұлы жылу желілерін тапсыруды ағымдағы жылдың 15- шілдесіне дейін аяқтауды тапсырды.