"Полицей" әйелден ай сайын оған 80 мың теңге көлемінде ақша беруді талап еткен.
Шымкентте жалған полицей ұсталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Шымкент қаласы Полиция депратаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасына жергілікті тұрғын полицей озбырлығының құрбаны болғаны туралы арызданған. Азаматшаның айтуынша, бейтаныс адам өзін Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасының жедел уәкілі ретінде таныстырып, оны құқық бұзушылық жасағаны үшін ішкі істер органдарына профилактикалық есепке қоямын деп қорқытқан. Сондай-ақ, әкімшілік жауапкершіліктен құтылу үшін "Полицей" әйелден ай сайын оған 80 мың теңге көлемінде ақша беруді талап еткен.
"Жедел-іздестіру жұмыстары барысында Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері ер адамды ақша алу үстінде ұстады. Тексеру кезінде ұсталған адамның полицияға ешқандай қатысы жоқ және санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің қызметкері екендігі анықталды", - делінген баспасөз хабарламасында.
Қазіргі таңда аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, нәтижесінде оқиғаның барлық мән-жайы анықталатын болады.