ШЫМКЕНТ: Абай ауданындағы 25 елдімекен мемлекеттік электр жарығымен қамтылған

0
758

Сондай-ақ, Асар-2 шағын ауданының 70 пайызы электр жарығымен қамтылған.


ШЫМКЕНТ: Абай ауданындағы 25 елдімекен  мемлекеттік электр жарығымен қамтылған

Шымкент қаласы Абай ауданындағы 27 елдімекеннің 25-і мемлекеттік электр жарығымен қамтылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов брифинг барысында айтты.
Спикердің сөзінше, қазіргі таңда Абай ауданының 92,7 пайызы мемлекеттік электр жарығымен қамтылған.
Сондай-ақ, Асар-2 шағын ауданының 70 пайызы, Қайнарбұлақ тұрғын алабының 24%-ы электр жарығымен қамтылған.

Бұдан бөлек, аудан аумағында табиғи газбен қамту көрсеткіші де артып келеді. Атап айтатын болсақ, Абай ауданы аумағы бойынша 27 елді мекеннің 20-сы табиғи газ жүйесімен қамтылса, қалған 7 елді мекен қатты отынды пайдалануда. 2023 жылы 3 елді мекенге яғни Асар-2, Қайнарбұлақ, Нұршуақ мөлтек ауданына табиғи газ беріледі. Ал, 2024 жылы Ынтымақ-2 Қайнарбұлақ саяжайы, Бозарық жаңақұрылыс аумағы, Тәуелсіздікке 20 жыл аумағы табиғи газбен қамтылатын болады. 2024 жылы аудан бойынша табиғи газбен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетеді.

Одан бөлек, Абай ауданы аумағында су басу және көлдеу қаупі бар 61 орын анықталған. Аталған су басу орындарын 2023 жылға дейін шешу жолы қарастырылуда. Оның ішінде 2022 жылы 7 мекенжайға ирригациялық жүйелер салынды. 2023 жылы 5 көшеге 68,4 миллион теңге қаралып, конкурс өткізілуде. 2023 жылға қосымша 9 көшеге 3,7 шақырымға 116,4 миллион теңге бюджеттік өтінім берілді. Сонымен қатар, 2024 жылы қосымша 18 көшеге ирригациялық жүйе орнату жоспарлануда.

Айта кетейік, өткен жылы Абай ауданындағы 160 көше жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 12,5 пайызға жетті. Биылғы жылы осы көрсеткішті арттыру мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында аудандағы 54 көшеге жарықшам орнату жоспарланып отыр. Нәтижесінде аталған көрсеткіш 13,6 пайызға жететін болады. Сонымен қатар, 2024-2025 жылдары жарықтандырылған көшелер саны 410-ға жетеді.