Шымкент әкімі мәдениет саласы өкілдерімен кездесті

0
519

Мегаполистің мәдени өмірін жақсартуға бағытталған ұсыныс-пікірлер талқыланды.


Шымкент әкімі мәдениет саласы өкілдерімен кездесті

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков мәдениет саласы өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Олардың арасында саланың үздіктері мен ардагерлері, ақын-жазушылар, суретшілер, қолөнер шеберлері, кітапхана, театр, музей, мәдениет орталықтарының басшылары бар.

Жиында саладағы маңызды мәселелер талқыланып, мегаполистің мәдени өмірін жақсартуға бағытталған ұсыныс-пікірлер талқыланды. Зиялы қауым және мәдениет өкілдері қала әкіміне көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, саланы дамытуда маңызды бастамаларын жеткізді.
“Қай кезде де мәдениет – халықтың рухани келбеті, ұлт айнасы. Ұлт руханиятының бір бөлшегі саналатын мәдениет саласының жұмысын жандандыру, туындаған мәселелердің дер кезінде шешімін табу — ортақ міндет. Осы орайда, өздеріңізбен арнайы кездесуді жөн санадым. Алдағы уақытта қала мәдениеті мен өркениетін дамыту бағытындағы жұмыстарды бірге жалғастырамыз”, – деді қала әкімі.
Мәдениет саласының өкілдері жатақхана, ғимарат, қала мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге озық ойлы жас мамандарды жұмылдыру сияқты өзекті мәселелерді көтерді. Сондай-ақ қалада “Наурыз айтысын” қайта жандандыру бастамасы айтылды.
Қала басшысы жиында көтерілген барлық мәселенің оңтайлы шешілетінін жеткізіп, мегаполис мәдениетін көтеруге атсалысуға шақырды.