Әкім Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі елшісін SmartCity бастамаларына инвестиция салуға шақырды.
Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігініӊ Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Майкл Джон Гиффордпен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Кездесу барысында тараптар екі жақты ынтымақтастық пен қаланың даму перспективалары және инвестиция тарту мәселелерін талқылады.
Әңгіме барысында қала басшысы Қазақстан мен Ұлыбритания арасында тығыз және сенімді қарым-қатынас қалыптасқанын айтып, Ұлыбритания сауда айналымы бойынша Қазақстанның он сауда серіктестері қатарында екенін атап өтті.
Сонымен қатар Біріккен Корольдік Қазақстандағы ірі инвесторлардың арасында алтыншы орында екенін жеткізді. Шымкент Орталық Азиядағы ең тартымды қалалардың бірі және негізгі транзиттік дәліздерді байланыстыратын ірі көлік хабы болып табылатынын айтқан әкім, британдық компанияларды ақпараттық технологиялар, цифрландыру, сондай-ақ SmartCity бастамаларына инвестиция салуға шақырды.